Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда атқарылған жұмыстарға ел ықыласы ерекше

Ауданда атқарылған жұмыстарға ел ықыласы ерекше

Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Бекбауыл, Райым және Қамыстыбас ауылдық округтерінде болып, ел тұрғындарымен кездесті.
Сапардың басы Бекбауыл ауылдық округі, Үкілісай елді мекенінен басталды. Ауыл халқымен кездесу барысында аудан басшысы жыл көлемінде істеліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, халықтың ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
– Биыл ауданда ауыз толтырып айтарлықтай табысты жұмыстар істелді. Жол, ауызсу, жарық, газдандыру мәселелері шешімін тапты. Жыл басында Сексеуіл кенті мен Шиғажа ауылы көгілдір отын көзіне қосылып, ауылдың тұрғындары от жағып, күл шығару бейнетінен құтылды. Алдағы уақытта газдандыру жұмысы жемісті түрде жалғасатын болады. Мәселен, Қамыстыбастан автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Осы жұмыс аяқталса, Сыр беткейіндегі 18 елдімекен де табиғи газдың жемісін көреді, – деген Аманжол Сақыпұлы ауыл тұрғындарына осы сынды маңызды жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.
Мұнан бөлек түрлі саладағы салмақты жобаларды айтқан аудан басшысына үкілісайлықтар ауылдың бірқатар мәселесін жеткізді. Ауыл ардагерлерінің көтерген мәселелерінің қатарында жол қатынасының қиындығы, «Ақтөбе-Қазалы» пойызын Үкілісайға тоқтату және балалар ойын алаңы мен жайылымдық жер жайлы сауалдар бар.
Аудан әкімі А.Оңғарбаев бұл сұрақтарға да тиісінше жауап беріп, мәселенің алдағы уақытта зерделенетінін жеткізді.
***
Одан кейін ауылдық округ орталығы Бекбауылда болып, халықпен кездесті.
Бұл ауылда да ауданның бірқатар жақсы жаңалығын айтқан аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ауыл азаматтарының сөзіне құлақ түрді. Тіршілігі мен тұрмысы ұқсас ауылда жайылым мен жол мәселесі айтылды. Мұнан бөлек ауылдық клуб үйінің жағдайы, дәрігердің қажеттігі және электр желісінің тозығы жеткендігі сөз болды.
Бұл мәселелер де кезектілігімен шешімін табатынын айтқан аудан әкімі ел қажетінен туындайтын әр ұсыныстың орынды екенін, мәселені шешу бағытында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
***
Сапар барысында Құмбазар ауылына ат басын тіреген аудан әкімі түрлі саладағы жемісті жұмыстарға тоқталды.
– Аудандық орталықтандырылған аурухана жанынан жапсаржай салынып жатыр. Бұл ғимаратта кардиология және инсульттық бөлімшесі орналасады. Сондай-ақ жаңа әрі соңғы құралдармен жабдықталады. Бұрын Қызылорда мен өзге де аймақтардан тексерілетін емделушілерге енді ешқайда барудың қажеті жоқ. Өзімізден-ақ қарала алады. Сонымен қатар аралдықтардың көп жылдан бері сұранысына айналған жұқпалы аурулар бөлімшесі де жаңадан салынуда. Бұл да аудан халқының денсаулығын жақсарту бағытындағы жағымды жаңалық, – деген Аманжол Сақыпұлы ел аумағында атқарылып жатқан өзге де ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары жол мәселесін, медициналық бекет салу, мал ұрлығын қадағалау және ауызсу айдау насосының жаңартылуы сынды ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы бұл мәселелер заң аясында зерделеніп, шешімін табауға жұмыс жасалатынын жеткізді.
***
Келесі кездесу Райым ауылдық округінің орталығы Қызылжар ауылында жалғасты.
Аймақ бойынша «Үлгілі ауыл» облыстық байқауында үздік ауылдар қатарынан көрініп, ІІ орынға тұрақтаған ауылға екі бірдей техника сыйға берілді. Осы жетістікті назарға алған аудан әкімі аудан көлемінде атқарылып жатқан өзге де ауқымды жұмыстарды баяндады.
Жетістіктің биігінен көрінген ауыл тұрғындары барлық тындырымды істерге оң бағасын беріп, аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі.
Тұрғындар тарапынан көне мектепті пайдалану, қалқымалы көпірдің қауіпсіздігі және «Ардана» жарма каналына шлюз салу мәселесі көтерілді. Аудан әкімі осы мәселерді назарға алып, алдағы уақытта заңдылық аясында жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
***
Бүгінгі күннің сапары Қамыстыбас ауылында қорытындыланды.
Халықпен кездескен Аманжол Сақыпұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жолдауда Аралға қатысты екі жағымды жаңалық жеткізді. Соның бірі теңіз деңгейін көтеру болды. Биыл мамыр айында нақты шешім қабылданып, «Көкарал» бөгетін 42 метрден 44 метрге дейін көтеру мәселесі айтылды. Сондай-ақ Мырзастың тұсынан су тоспасы салынбақ. Бұл тоспа Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесін суландырып, дария деңгейін қалыпты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы жолдың құрылысын жылдамдату жөнінде тапсырма берді. Бұл мәселе де аудан аумағындағы жол мәселесінің оң шешім табуына септігін тигізеді» деді.
Мұнан бөлек Қамбаш көлі басындағы маусымдық жағажай жұмыстарын ретке келтіру бағытындағы жұмыстарды жандандыру керектігін атап өтті.
Кездесуде ауыл азаматтары өздерін толғандырған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, мәселені шешу бағытында жұмыс істелсе деген тілектерін жеткізді. Аудан басшысы айтылған мәселелерді назардан тыс қалдырмайтынын жеткзіп, ұсыныстар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма берді.
Бес ауылдағы келесі кездесу халықтың аудан әкімінің жұмысына деген ықыласымен ерекшеленді. Аудандағы жұмыстардың, жарқын жаңалықтардың куәсі болып жүрген тұрғындар Сыр өңіріне Мемлекет басшының назары ерекше екенін айтып, ауданымызға ұдайы көңіл бөлетін аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына ризашылықтарын білдірді.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесуде аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдау өткізді.
Тұрғындар аудан әкімінің алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
03 қазан 2025 ж. 83 0