Жолдаудың жүгі – Аралдың арнасы

Жолдауда экологиялық қауіпсіздікке де айрықша мән берілді. Бұл тұста Арал теңізінің қазіргі жағдайы – бәрімізге ортақ қасірет. Кезінде шалқар теңіз болған Аралдың тартылуы – тек бір өңірдің емес, бүкіл адамзаттың аяусыз әрекетінің салдары. Президент Арал мәселесін халықаралық деңгейде көтерудің маңыздылығын атап өтіп, экожүйені қалпына келтіруге күш салу қажеттігін айтты. Бұл – табиғатты аялауға, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізге үндеу.
Жолдауда Мемлекет басшысы адамзат тағдырына айналған Арал теңізі жайлы сөз қозғап «Аралға қатысты жақсы мысал бар. Әрине, теңіздің тартылуы Қазақстан үшін үлкен қасірет болды. Бірақ одан қорытынды жасалып, теңізді қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл кешенді жұмыс 20 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасуда. Соның арқасында Солтүстік Аралды сақтап қалдық. Оның айдыны 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есе өсті. Су құрамындағы тұздың мөлшері екі есе азайды. Бірақ Аралды толтыру жұмысы қарқынды жалғаса беруі қажет» деп теңіз анамыздың жағдайы әркез назарында екенін жеткізіп, жергілікті халыққа қуаныш сыйлады.
Иә, биыл мамыр айында Көкарал бөгеті басында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Көкарал бөгетінің басында Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылаған еді.
Ауқымды жобада теңізді өлке тұрғындарының талабын жан-жақты қарастырған тиімді жолы ұсынылды. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі жобаның екінші кезеңіне қатысты техникалықэкономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жобада тек теңізді сақтау ғана емес, Сырды жағалай қоныстанған ауылдарға да пайдасын тиізетін идеялар бар. Ол – Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу.
Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Айта кетейік, бүгінгі жағдайда су көлемі 27 текше шақырымды қамтиды. Яғни жобаның екінші кезеңі аяқталғанда су көлеміне 7 текше шақырым қосылатын болады.
Сол кездесуде Нариман Қыпшақбаев:
– Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін биыл басынан бастап Қызылорда облысы мен Арал ауданы әкімдіктерінің өкілдерімен бірқатар кеңес өткізілді. Сонымен бірге министрлігіміздің мамандары жергілікті тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен бірнеше рет кездесті. Аймаққа жұмыс сапары барысында Парламент депутаттарының, жобалаушылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Кездесуде Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғындарының ұсыныстары тыңдалып, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды, – деген еді.
Аралдықтардың асыл арманы – теңіз ананың қайта шалқығанын көруді көздейтін жергілікті жұрт үшін арманға бір қадам болса да жақындаудың амалы қарастырылып жатырү
Нақтырақ айтсақ Кіші Аралды сақтап қалу, теңіз суын молайту үшін мемлекет тарпынан айрықша қолдау көрсетілуде. Еліміз Халықаралық Аралды құтқару қорына алдағы үш жыл бойы төрағалық ететін болады. Осы мерзім ішінде Арал өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылады деп күтілуде.
Соның бірі Арал ауданы бойынша ірі көлдер жүйесі болып саналатын Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында, дәлірек Мырзастан су торабын салу жобасы. Су тоспасы іске қосылғанда мыңдаған гектар жайылымдық, шабындық жерлерге өз деңгейінде су жіберілетін болады.
Кіші Арал теңізіндегі су қорын молайту мақсатында ағымдағы жылы Ташкент қаласында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан мемлекеттері арасында төртжақты келісім жасалды. Келісімге сәйкес вегетациялық кезеңде су алу лимиті белгіленді. Нәтижесімен жыл басынан осы күнге дейін Арал теңізіне 2 млрд текше метрден астам су жіберілді.
«Қазсушар» РМК-і арқылы Кіші Арал теңізіне суды жіберу, судың тұздылығын төмендету және Көкарал бөгетін нығайту мақсатында жұмыстарды жалғастыру үшін 2025 жылы «Тәуір», «Қарашалаң-1», «Қарашалаң-2», «Тұщы» және «Сарытерең» каналдарына су тоспасын салу жұмыстары атқарылуда.
Жалпы, биылғы Жолдау – тек ағымдағы жылдың жоспарларын емес, ұзақмерзімді стратегиялық бағыттарды да қамтыған тарихи құжат. Ол – ел бірлігін бекемдеп, болашаққа бағдар сілтейтін, нақты істерге негізделген серпінді жол. Ендеше айдыны шалқып, балығы тайдай тулаған, шағаласы шулаған теңізді қайта көретін күн де алыс емес деп сенеміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ