Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ төрінде "Алтын күз"

Аймақ төрінде "Алтын күз"

Сыр шаруаларының еселі еңбегі «Алтын күз – 2025» шарасында ескеріліп, ел мерейін тасытар молшылық маусымында аудан озаттары да түрлі марапат төрінен көрінді.
Атап айтар болсақ, «Қасқырбай» шаруа қожалығының жылқышысы Ә.Елеусізов «Озат жылқышы», «Олжас» шаруа қожалығының төрағасы Б.Ахметов «Озат түйекеш» және «Құланды» ЖШС директоры Н.Тлеуов «Асыл тұқымды мал өсіретін үздік репродуктор-шаруашылық» номинациялары бойынша марапат төрінен көрінді.
Сонымен қатар «Әулие төбе» шаруа қожалығының төрағасы А.Есімов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін иеленсе, «Құланды» ЖШС-нің механигі Ж.Мыңбаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін алды. Ал «Әбдеш» шаруа қожалығының жұмысшысы Ж.Айтжановқа Қызылорда облысы әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Айта кетейік, облыс орталығында өткен салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар анықталып, «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Арал ауданы марапат төрінен көрінді.
Бұл жылдың төрт мезгілінде табан аудармастан еңбек етіп, адалдықтың айнымас үлгісіне айналған жандарға берілген лайықты баға. Бұл ауданның абыройы асырған аймақ төріндегі "Алтын күз – 2025" салтанатты шарасы.
Молшылық шарасы
Өткен апта аймақ төріндегі «Алтын күз – 2025» мерекесімен түйінделді. Егін жинау науқанының аяқталуына орай облыс орталығында өткен шараға аймақ басшысы Н.Нәлібаевтан бөлек Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері қатысып, еңбекші қауымның еңбегін көзбен көріп шықты.
Иә, молшылық тойына облысқа қарасты барлық аудан мен Қызылорда қаласының шаруалары атсалысып, өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынды. Аудандардан 500-ге жуық жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім жеткізілді.
Сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет және 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша өнімі, 10 тоннадай сүт, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 100 бас тоқты және 30 тонна жем-шөп қойылды. Бұл қатарда ауданнан барған өнімдер де жәрмеңкенің сәнін кіргізіп, Қызылорда тұрғындары мен қаласы қонақтарына қуаныш сыйлағанын айта кеткен жөн.
Қызылорда қаласындағы С.Торайғыров көшесі «Шұғыла» балабақшасының алдында жыл сайынғы дәстүрлі мереке қарсаңында өз өнімін ұсынған аралдықтар молшылық шарасына ауданнан 148,2 тонна ауыл шаруашылығы тауарларын алып барды. Оның ішінде 500 литр шұбат, 20,5 тонна балық және балық өнімдері, 7,2 тонна ет, 3 тонна ас тұзы және 105 тонна көкөніс, 12 тонна бау-бақша өнімдерін барлығы 38 машинамен жеткізіліп, нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетілген бағада саудаланды.
Атап өту қажет, ауданның балық өңдейтін кәсіпорындарынан жеткізілген мұздатылған және ысталған балық өнімдері қызу сұраныспен саудаланды.
Жәрмеңке жайлы қала тұрғыны М.Қуандық:
– Мен Аралдың тумасымын. Бүгінде Қызылордаға қоныс аударып келгеніме 2 жыл болды. Екі жылда да жәрмеңкеден тыс қалмай, аралдықтың ербеккерлердің өнімін алуға тырысамын. Балық жеп өскен жұрттан болғандықтан бірінші кезекте балық сатып алуға асығамын. Одан бөлек Аралдың шұбаты мен еті, басқасы да көңілге қуаныш сыйлайды. Не десекте елдің дәмін татуға мүмкіндік берген осындай шараларға көңіл шаттанып, өзіміз марқайып жатамыз. Қайда жүрсем де жерлестердің тілегін тілеп, жетістігі жайлы жағымды жаңалыққа құлақ түре жүремін, – дейді.
"Сабан той" сахнасы
Биыл "Алтын күз – 2025" Қызылорда қаласының ғасырлық тойына тұспа тұс келді. Аймақ басшысы Н.Нәлібаев: "Қасиетті Сыр өңірі – астаналар мекені, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Ежелгі Сақ заманындағы Шірік Рабат, Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының астанасы Сығанақ қаласы, Қазақ автономиялық кеңестік республикасының астанасы Қызылорда – соның айқын дәлелі. Тарихына үңілсең ғасырлардан сыр тартатын, бүгінін бағамдасаң келешегінің кемелдігін аңғартатын «Сыр – Алаштың анасы» деген даналық сөз баршамызға жақсы таныс. Қилы замандарда, зұлматқа толы күндерде, ақтабан шұбырынды кезеңінде, ел ішін ашаршылық жайлағанда бүкіл қазақ баласы көш-керуенінің басын Сырға бұрып, Сырды анасындай паналаған. Бұл өлкенің қазақ үшін орны да, жөні де бөлек. Өздеріңізге белгілі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс", – деген болатын" деп айтқанындай аймақ орталығындағы қабат келген қос тойдан жерлестеріміз де шет қалмады. "Алтын күз – 2025" шарасында Қызылордада Аралдың ауыл-шаруашылығы өнімдерінен ұсынылған жәрмеңкеден бөлек аудан өнерпаздарының өнері де тамашаланды.
Аудан мәдениетінің өкілдері «Армысың Қызылорда – Ақмешітім» атты мерекелік концерт берді. Қызылорда қаласында Арал ауданына арнайы белгіленген орынға жылжымалы сахна орналастырылып, мерекеге сәйкес бекітілген эскиз бойынша безендіріліп, сахна сәндене түсті. Таспадан берілген көңілді әуендер келушілердің көңілін елең еткізіп, қуаныш сыйлады.
Одан соң «Көңілашар» халықтық үгіт бригадасының қойылымы тамашаланды. Қойылым барысында елдегі елеулі реформалар айтылып, жыл көлемінде аудан аумағында орын алған оң өзгерістер, жағымды жаңалықтар жиналғандарға жеткізілді. Жұмысшы мамандықтардың мерейін асырып, абыройларын тасытқан 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланнан бастап, Мемлекет басшысының жастардың біліміне инвестиция салу қажет екенін айтқаны, аймақ төріндегі жаңа футбол алаңы, Арал қаласының қос бетін жалғайтын темір жол арқылы өтетін аспалы көпір, халықтың мәдени өмірін дамыту мақсатында салынған «Руханият орталығы», Келешек мектептер ұлттық жобасы аясындағы Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп сынды түрлі ақжолтай хабарлай қала тұрғындары мен қонақтарына жаңалық ретінде жеткізілді.
Одан кейін жергілікті өнерпаздар Н.Лайық, С.Сейтова, А.Таңатова, Д.Қуантқанов, Ә.Серікова, А.Төлегенова, А.Бектасовтардың әсем әні әуелеп, Қызылорда аспанын әсерлі әуенге бөледі.
Салтанатты шарада артқан абырой
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Өнер орталығында «Алтын күз-2025» салтанатты шарасы өтті. Оған Абай облысының әкімі Берік Уәли, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері, ғалымдар, өнер майталмандары, республиканың барлық өңірінен келген облыстық мәслихат төрағалары арнайы қатысты.
Аймақ басшысы ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстарға, агросаланың алдағы бағыт-бағдарына тоқталып, қамбаны толтырып, береке мен бірліктің үлгісін көрсеткен диқандарды құттықтады.
– «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұрпақ санасына сіңіру, насихаттау, қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу – біздің басты мақсатымыздың бірі! Сыр елінің даңқын асқақтатқан дала академигі Ыбырай Жақаев бастаған 102 Социалистік Еңбек Ерінің және тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның Еңбек Ерлерінің жетістіктері аңызға айналды. Саналы ғұмырында туған жеріміз үшін аянбай еңбек еткен ардақты ардагер ағаларымыз бүгін ортамызда. Облысымыздың дамуына қосқан орасан зор үлестеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ел үшін жасаған ерен еңбектеріңіздің жемісін, бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіздер! – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Абай облысының әкімі Берік Уәли Сыр елінің еңбекқор жұртына ризашылығын білдіріп, екі өңір арасындағы байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Мерекелік шарада Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. «Жан Арай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақдәулет Махашовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Ол басқаратын серіктестік тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру, күріш өңдеу зауыттарын іске қосқан, өнімдерін экспортқа шығарады. Өткен жылы 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын ашып, 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Еңбек адамдары мен сала үздіктеріне «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдары, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді.
Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласында үздік жетістіктерге жеткен озат аудандар анықталып, «Балық шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Арал ауданы, «Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша озат аудан» номинациясымен Жаңақорған ауданы, «Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша озат аудан» номинациясымен Жалағаш ауданы, «Мал шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қармақшы ауданы, «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Қазалы ауданы, «Егін шаруашылығы саласы бойынша озат аудан» номинациясымен Сырдария ауданы марапатталды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 қазан 2025 ж. 269 0