Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевтың Республика күнімен құттықтауы

Арал ауданының әкімі Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевтың Республика күнімен құттықтауы

Баршаңызды мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне негіз болған ұлттық мереке Республика күнімен құттықтаймын!
Тарихын танитын талғам болса, бұл күннің қадір-қасиетін жақсы ұғынады. Республика күні – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған, еңсесін тіктеген, бірлігі мен болашағына сенім ұялатқан Ұлы мереке. Асқан табандылықпен келген тәуелсіздігіміздің мәнін, елдің болашағын және ұрпаққа қалдыратын мұраның құндылығын әрдайым есте сақтау парызымыз.
1990 жылдың 25 қазан күні ҚазССР-нің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, 2001 жылы Республика күні деп жалпақ жұртқа жария болды. 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бұл мейрам «Ұлттық мереке» деген айшықты атауды иеленді.
Егемендік тарту еткен әр күннің өзі бақыт. Сол бақытты Отанымыздың даму қарқыны жоғары деңгейде. Ел өміріндегі өзгерістер мен нәтижелі істер Арал ауданында да лайықты дәрежеде атқарылып келе жатыр деуге толық негіз бар.
Қадірлі жерлестер!
Республика күні біздің тәуелсіз таңдауымыздың, еркіндік пен әділеттің символы. Еліміз осы жылдар ішінде қиындық пен сыннан сүрінбей өтіп, әлемге танылған қуатты мемлекетке айналды. Оның барлығы елдің ынтымағы мен азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мықты мемлекет болудың да негізі осы.
Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Мемлекетіміздің бірлігі арта берсін!
Мереке баршаңызға құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев
25 қазан 2025 ж. 174 0