Республика күніне арналған мерекелік шара өтті
Бүгін аудандық мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты шара шымылдық түрді.Алдымен еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен Сыр елінің, Арал ауданының жетістіктері қамтылған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты шарада Мемлекеттік Ту сахна төріне шығарылып, еліміздің Әнұраны шырқалды.
Ұлттық мерекенің мәні ашылып, отаншылдық рух, елге, жерге деген сүйіспеншілік кеңінен дәріптелген мерекелік шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.– Құрметті жерлестер, қадірлі ағайын! Баршаңызды мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне негіз болған ұлттық мереке Республика күнімен құттықтаймын! Бұл ұлық мереке – ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған, еңсесін тіктеген, бірлігі мен болашағына сенім ұялатқан Ұлы күн. Асқан табандылықпен келген тәуелсіздігіміздің мәнін, елдің болашағын және ұрпақтарымызға қалдыратын мұраның құндылығын әрдайым есте сақтау парызымыз. Егемендік тарту еткен әр күннің өзі бақыт. Сол бақытты Отанымыздың даму қарқыны жоғары деңгейде. Ел өміріндегі өзгерістер мен нәтижелі істер Арал ауданында да лайықты дәрежеде атқарылып келе жатыр деуге толық негіз бар. Республика күні біздің тәуелсіз таңдауымыздың, еркіндік пен әділеттің символы. Еліміз осы жылдар ішінде қиындық пен сыннан сүрінбей өтіп, әлемге танылған қуатты мемлекетке айналды. Оның барлығы елдің ынтымағы мен азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мықты мемлекет болудың да негізі осы. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Одан соң, мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған жас мамандар салтанатты түрде ант қабылдады.
Атаулы мерекеде қоғамның түрлі саласында еңбегімен дараланған азаматтар облыс және аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды.

Сондай-ақ ауданның дамуына, білім саласының жақсы нәитже көрсетіп, жетістіктерге жетуіне атсалысқан сала ардагері, Арал ауданының құрметті азаматы Амангелді Бөлекбаевқа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды. 

Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Шежірелі тарихымыздан сыр шертер әсем ән әуелеп, арнау айтылып, ұлттық аспаптардан күй күмбірлеп, патриоттық бағыттағы туындылар шырқалды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі











