Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерекше жандардың көңілін марқайтқан ерекше кеш өтті

Ерекше жандардың көңілін марқайтқан ерекше кеш өтті

Бүгін аудандық мәдениет үйінде мүгедектігі бар адамдар күні мерекесі аясында «Менің қолымнан бәрі келеді» атты мерекелік кеш өтті.

25 қазан – Республика күні мерекесі аясында шымылдық түрген бұл шараның мәні зор, маңызы ерекше. Жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтетіні белгілі. Бұл күн – әр азаматтың ерекшелігіне қарамастан өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне, инклюзивті ортаны қалыптастыруға бағытталған ерекше мереке.
Құрмет пен ізгілікке, қолдау мен мейірімге толы салтанатты кешке аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, ерекше қажеттілігі бар жандарға деген өзінің ізгі тілегін жеткізді.

– Құрметті жерлестер, қадірлі де ардақты жандар! Бүгін біз қоғамымыздың ерекше бір бөлігі – өмірдің түрлі сынақтарына қарамастан рухы мықты, жүрегі кең, жігері қайтпас жандарды құрметтеу мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл күн – мейірім мен ізгіліктің, қамқорлық пен қолдаудың мерекесі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар – қоғамымыздың белсенді мүшелері. Сіздердің әрқайсыңыздың өмір жолыңыз – төзімділіктің, қайсарлықтың және адамдық парасаттың үлгісі. Сіздер қиындықтарға мойымай, өздеріңізге, отбастарыңызға, елге қызмет етіп, өмірге деген сүйіспеншілікті арттыра түсесіздер. Сіздердің рухтарыңыздың биіктігі мен сенімдеріңіз баршамыз үшін үлкен өнеге. Жүректеріміз бір, ниетіміз ортақ, мақсатымыз – бәріміз үшін жарқын болашақ. Біз әрқашан сіздермен біргеміз! Еліміздің ұлық мерекесімен тұспа-тұс келген осы маңызды күні өздеріңізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы.
Аудан әкімі өз сөзінде бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар игі істерге де тоқталып өтті.

«Мүгедектігі бар адамдар күні» мерекесіне орай ауданның дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Мерекелік кеш соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күйден шашу шашылды. Ерекше жандардың құрметіне арналған бұл мерекелік кеш жұртшылықтың көңілін көтеріп, қамқорлық пен ізгіліктің айқын көрінісіне айналды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі

29 қазан 2025 ж. 169 0