"Толқын" – тарих таразысы
Кеше аудандық мәдениет үйінде «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты мерекелік шара өткізілді. Бұл – ғасырлық межеге таяған аудан айнасының өткені мен бүгінін бағамдаған, рухани мазмұны терең, әсерлі кеш болды.Шараға қатысушылар, алдымен газет тарихынан сыр шертетін көрмемен танысты.
Мерекелік кешке аудан басшысы А.Оңғарбаев қатысып, өз құттықтау сөзінде басылымның тарихына тоқталып, ел өміріндегі айрықша рөлін атап өтті:
– «Халықтың үні мен құлағы болған үнжария әуелде «Екпінді балықшы» аталып, алғашқы санына филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев қол қойғаны тарихтан белгілі. Биыл айтулы қаламгердің 120 жылдық мерейтойы қатар тойлануда. Газет қай кезде де өз бағытынан айнымай елдің тәрбие құралына айналды. Атағы жаһанға таныс Аралдың әр перзентін елін сүюге баулып, көптеген сала мақтаныштарын халыққа паш етті. Араға жылдар салып, «Социалистік Арал», артынша «Толқын» болып тулаған басылым талай таланттың екінші тынысын ашты, жас буынды тәрбиелеудің көркем үлгісін көрсетті. Бүгінде, ақсақалдық жастың асуына иек артқан аудан шежіресі үлкен-кішінің рухани қолдаушысы бола беретіні анық. Әрдайым осы биіктен көрініп, бейнелі сөзбен әдебиет көгінде жарқырай берсін!», – деді Аманжол Сақыпұлы.
Кеш барысында газеттің алғашқы редакторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Әуелбекұлы сахна төріне шақырылып, оған аудан әкімінің құттықтау хаты табысталып, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді. Сонымен бірге, жергілікті суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтің сурет туындысы берілді.
Мұнан соң аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов бастаған шығармашылық ұжымға Қызылорда облысы мен аудан әкімдерінің құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтары тапсырылды.
Мерейтой аясында басылымда ұзақ жыл еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырған ардагерлер мен қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Кеш барысында профессор Тынысбек Қоңыратбаев сөз алып, толғанысқа толы лебізін жеткізді.
Мерекелік шарада айтыскер ақын Ержеңіс Әбді «Толқын» газетінің мерейтойына арнауын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, кеш көркін «Ақтолқын» би тобының өнері, жас орындаушылардың әндері мен күйі, №260 мектеп оқушыларының «Қағазға түскен тағдырлар» атты сахналық көрінісі аша түсті. Шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.









"Толқын" ақпарат









