Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздікпен еңсе көтерген Арал

Тәуелсіздікпен еңсе көтерген Арал

16 желтоқсан – Қазақстан тарихындағы ең қастерлі әрі маңызы зор күндердің бірі. Бұл – ғасырлар бойы елін, жерін қорғап, азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың асыл арманы жүзеге асқан тарихи белес. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялап, әлемге дербес мемлекет ретінде танылды. Тәуелсіздікпен бірге аралдықтардың жеткен жетістіктерін саралап көрген едік.
Тәуелсіздік – ұлт рухын көтеріп, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан ұлы құндылық. Қазақ халқы бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. XVIII–XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстар, Кенесары хан бастаған күрес, ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының саяси-рухани қызметі – барлығы да ел еркіндігі жолындағы табанды күрестің айғағы.
Алаш қозғалысы қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуға бағытталған алғашқы демократиялық қадам болды. Алаш арыстары тәуелсіздік идеясын халық санасына сіңіріп, бүгінгі егемендіктің рухани іргетасын қалады.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының әділетсіздікке қарсы алғаш рет ашық әрі батыл түрде бас көтерген тарихи оқиға. Бұл қозғалыс халықтың рухын оятып, тәуелсіздікке апарар жолды айқындап берді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң – бірнеше ғасырлық арманның заңды түрде жүзеге асқан сәті болды. Осы құжат Қазақстанды халықаралық қауымдастық мойындаған толыққанды мемлекет ретінде танытты.
Тәуелсіздік жылдары елімізде мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты, сыртқы саясат айқындалып, экономикада нарықтық қатынастар орнықты. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЕҚЫҰ-ға, ТМД және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болды.
1997 жылы ел астанасының Алматыдан Есіл бойына көшірілуі – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды шешімдердің бірі. Бүгінде Астана – заманауи сәулеті мен дамыған инфрақұрылымы бар халықаралық деңгейдегі қала, ел дамуының айқын символына айналды.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына шетелдік инвестициялар тартылып, мұнай-газ, металлургия, ауыл шаруашылығы салалары қарқынды дами бастады. Индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізілді.
Алғашқы қиындықтар мен аудан өмірі
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Өнеркәсіп пен азық-түлік тапшылығы, орталықтандырылған жүйенің әлсіреуі елге ауыр салмақ салды. Дегенмен өмір тоқтаған жоқ. Арал ауданының еңбеккерлері жоспарлы жұмысқа көшіп, әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге күш салды.
1991 жылы аудан өнеркәсіп және көлік саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Сол жылы 3164 тонна балық ауланып, 667 мың тонна ас тұзы өндірілді. 19 918 тонна ұн шығарылып, 58 мың дана балалар пальтосы тігілді, 36 мың шаңсорғыш двигателі өндірілді. Жалпы алғанда, аудан өнеркәсіп орындары 73 557 мың сомның өнімін өндірді.
Құрылыс саласында да ілгерілеу байқалды. Материал тапшылығына қарамастан, 8 839 мың сомның күрделі құрылысы игеріліп, жалпы көлемі 24 032 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Халық тұтынатын тауарлар өндірісі мен ақылы қызмет көрсету саласы біртіндеп жолға қойылып, 1990 жылмен салыстырғанда 116,2 пайыз өсімге қол жеткізілді. Ауданда көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылып, шаруашылықтар мен жеке қожалықтар бақша егуге бет бұрды.
Әрине, кемшіліктер де болды. Тауар тапшылығы, мал өнімдерін сатып алу жүйесінің әлсіздігі, ауа райының қолайсыздығы шаруашылыққа кері әсер етті. Соған қарамастан, мал шаруашылығымен айналысатын ұжымдар 22 286 центнер ет және 14 154 центнер сүт, шұбат, қымыз өндірді.
Бүгінгі күннің биігі
Уақыт өте келе ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті айтарлықтай артты. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша аудан дамудың оң динамикасын көрсетіп, негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіш 100 пайыздан жоғары орындалды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 33,8 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 110,6 пайызды құрады. Оның 65,8 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ауыл шаруашылығы саласында 10,6 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Жыл басынан бері ауданға 42,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 163 пайызға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 24,2 млрд теңгені құрап, 33 265 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бөлшек сауда көлемі 12,9 млрд теңгені құрады.
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қауымдастықта сенімді серіктес ретінде танылып, халықаралық бастамаларға белсенді атсалысып келеді. Жас ұрпаққа сапалы білім беру, жаңа технологияларды енгізу, ұлттық құндылықтарды сақтау – ел дамуының негізгі бағыттарының бірі.
Тәуелсіздік – тек өткеннің естелігі емес, ол – болашаққа деген сенім. Жас буын осы сенімді сақтап, елдің өркендеуіне үлес қосуы тиіс.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні – бүкіл қазақ халқының ұлы мерекесі. Бұл күн бізге өткенді бағалауды, тәуелсіздіктің қадірін түсінуді, болашаққа сеніммен қарауды үйретеді.Елдің еркіндігі, жердің тұтастығы, халықтың бірлігі – Мәңгілік Ел идеясының негізі. Тәуелсіздік – бұл өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа сенім. Кеше қиындықты еңсерген ел, бүгін тұрақты даму жолында нық қадам басып келеді. Бұл – халқымыздың бірлігі мен еңбегінің, тәуелсіздіктің баянды жемісі.
Назерке БАҚЫРАН
16 желтоқсан 2025 ж. 188 0