Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласы ардагеріне құрмет көрсетілді

Білім саласы ардагеріне құрмет көрсетілді

Қоғамда ардагерлерге құрмет көрсету, олардың өмірлік тәжірибесі мен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету – маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында «Жаңақұрылыс» бастауыш партия ұйымының мүшелері білім саласының ардагері, көп жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан Бегімбаев Ертас ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, көмек көрсетті.
Қыс мезгілінде тұрғын үйлердің ауласын қардан тазалау – үлкен жастағы азаматтар үшін қиындық тудыратын жұмыстардың бірі. Осыны ескерген партия мүшелері ардагердің үйінің ауласын қардан тазартып, күнделікті тұрмысына қолғабыс жасады. Мұндай игі бастамалар ардагерлерге деген шынайы қамқорлықтың көрінісі болып табылады.

Іс-шара барысында «Жаңақұрылыс» бастауыш партия ұйымының төрағасы Еркін Нұржанов ардагермен жылы жүздесіп, хал-жағдайын сұрап, ел игілігі жолындағы еңбегі үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Ертас ақсақал көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Айта кету керек, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы ардагерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп қана қоймай, жас буынға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Алдағы уақытта да мұндай игі шаралар өз жалғасын табатын болады.
28 қаңтар 2026 ж. 8 0