Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АИДАНЫҢ АЛТЫНЫ ҺӘМ ҚОЛА МЕН КҮМІС СЫҢҒЫРЫ

АИДАНЫҢ АЛТЫНЫ ҺӘМ ҚОЛА МЕН КҮМІС СЫҢҒЫРЫ

Күрес додасынан тағы да қуанышты жаңалық. Аралда туып Алматының намысын қорғап жүрген Аида қызымыз ел чемпионы. Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Толыбай Әлжановтың қызы Аида Әлжан 59 кг салмақ дәрежесінде (U 20) еркін күрестен алтыннан алқа тағынды. Бірнеше күннен бері Аралға қар ғана жауып тұрған жоқ. Ел чемпионаттарынан алтын, күміс, қола медаль да жауған секілді.

Алпамыс, Мирас, Әмірмұхамед сынды алтын ұлдардың тарихи жеңістері туралы кеше сүйіншілеп жазған едік. Кеше сол байрақты бәсекеде (U17) жасөспірім қыздар арасында еркін күресте 46 келі салмақ дәрежесінде белдескен №19 Арал ауданының ОРМБЖ мектебінің спортшысы Раян Жамсапқызы күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Айта кетерлігі, Раян 14 жаста болғанына қарамай өзінен 3 жас үлкен қыздар арасынан табысқа қол жеткізді. Ол бұған дейін де Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, өз салмағында Қазақстан Республикасының 2024 және 2025 жылдардағы чемпионаттарында екі дүркін жеңімпаз болған. Бұл – табандылық пен үздіксіз еңбектің жарқын нәтижесі.
Тағы бір тамаша жаңалық Қостанай облысы, Тобыл қаласында өткен гір спортынан Қазақстан Республикасының чемпионатында да аралдық спортшылар олжалы болды. Аталмыш жарыста қоржынымызға 4 күміс және 4 қола медаль түсті.
Ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы тартысты додада Қайрат Разақов, Қайырбек Байназаров, Сырым Қартбайұлы және Нұрасыл Бахиев күміс жүлдеге ие болса, балалар арасында Арсен Бектай мен Элдар Қарабекұлы, ал қыздар арасында Інжу Алтынбекқызы мен Гаухар Бахиева қола медальді қанжығалады.

Ертең басталатын ерлер арасындағы еркін күрес түрінен өтетін жарыстарда да аудан намысын қорғайтын бірнеше ұландарымыз бар. Солардың ішінде Рамазан Жамсапұлы мен Нұрғұлан Бауыржанұлынан үлкен үміт күтеміз.
Шын мәнінде, көптің ішінен көзге түсіп, топтың ішінен суырылып жүлдегер атану қажырлы еңбектің жемісі. Бүгінгі қола мен күміс ертеңгі алтынның бастауы. Осы медальдарды еншілеген ұл-қыздарымыздың болашақта алтыннан алқа тағарына кәміл сенеміз.
Жарайсыңдар, Аралдың жігерлі ұл-қыздары!
А. Оңғарбаев,
аудан әкімі 

27 ақпан 2026 ж. 100 0