Аудан әкімі түрлі саладағы нәзік жандылар қауымымен кездесті
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан, түрлі салада табанды еңбек етіп келе жатқан бір топ іскер әйелдер мен алтын құрсақты аналар қауымымен кездесті.Адамзат баласы қандай биікке көтерілсе де, тіпті әлемді билесе де, алтын жүректі ананың алдында қарыздар. Көңілдерге қуаныш ұялатқан, жаңару мен түлеудің жарқын сәтімен тұспа-тұс келген мерекелік басқосуға түрлі салада еңбек еткен ардагер аналар, батыр аналар және сала мамандары қатысы. Сондай-ақ жиынға санаулы уақыттардан соң мектеп бітіріп, үлкен өмірге аяқ басатын әр мектептен келген оқушы қыз балалар мен ұстаздар арнайы қатысты. Бүгінгі жас буынға ардагер алдыңғы буынның өмірін үлгі ету, тәлімінен сабақ алуды көздеген басқосуда ақ тілектер айтылып, жиынның мәні мен маңызы айрықша сезілді.
Аудан әкімі кездесуде мемлекет қамқорлығынан әйелдер қауымы ешқашан тыс қалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ ана мен баланың денсаулығын қорғау бағытында қолға алынған бастамалардың ауданда да сәтті жүзеге асып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар табандылығы мен іскерлігінің арқасында жетістікке жетіп жүрген нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін айтып, отбасының берекесі мен ұйытқысы – аналардың орны әрдайым биік екенін атап өтті.
Көктемнің шуақты мерекесімен тұспа-тұс келген әсерлі кездесуде мәдениет саласының ардагері, әнші Базар Қостаева сөз алып, мерекенің маңызына тоқталып, аналарға көрсетілер қоғамның құрметі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар өзінің өмір жолынан сыр шертіп, нәзік жандыларға құрмет көрсетіп жатқан аудан азаматтарына алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан соң аудандық көпбейінді орталық ауруханасының кардиолог дәрігері Әлия Мырзабаева, балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Ақшабақ Батимова және көптеген жас өнерпаздарды тәрбиелеп келе жатқан аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Қанағат Махамбетова кездесуде өз ойларымен бөлісіп, әйелдер қауымына ізгі тілектерін арнады.
Аудандық мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов те мерекеге орай нәзік жандыларға жылы лебізін білдіріп, құттықтауын жеткізді.
Кездесу барысында ән-жырдан шашу шашылып, қоғам көркіне айналған әйелдер қауымына аудан әкімінің құттықтауы табысталып, ерекше сый-құрмет көрсетілді.





Аудан әкімінің баспасөз қызметі












