Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЗ-НАУРЫЗДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ТҮРЛЕРІ ДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ТҮРЛЕРІ ДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Аудан орталығында өткен «Нұр төгілсін еліме – Әз Наурызда!» атты ауқымды мерекелік шарада ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыстарға ерекше басымдық берілді.

Қазақтың төл ойындары – асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, қазақ күресі, қол күрес, батпан көтеру және садақ ату көпшіліктің қызығушылығын арттырып, мерекенің ажарын аша түсті. Бұл жарыстар ұлттық рухты көтеріп қана қоймай, жас ұрпақты салт-дәстүрге баулудың жарқын үлгісіне айналды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай іріктеу кезеңдерінен өткен спортшылар бүгінгі аламанда өзара мықтыны анықтап, тартысты бәсеке көрсетті.

«Ел намысы» спорт клубы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жарыстардың ішінде қазақ күресі ерекше тартысқа толы болды. 50 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Аралбай жеңімпаз атанса, 50 келіден жоғары салмақта Саметхан Уайс қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.

Садақ ату сайысында Нұртуған Теңізбаев мергендігімен көзге түссе, тоғызқұмалақтан Инабат Нұрманбет жүлдегер атанды. Бес асық ойынында Наргиз Орнықбаева І орынды иеленсе, асық атудан Марғұлан Ерланұлы үздік нәтиже көрсетті. Ал ләңгі тебуден Нұралы Талғатұлы топ жарды.

Арқан тарту сайысы да ерекше тартысқа толы болды. Ересектер арасында бас жүлде «Арал арландары» командасына бұйырса, жасөспірімдер арасында Шижаға ауылының №57 орта мектебі жеңіске жетті.
Батпан көтеру сайысында 32 келілік гірді Бексұлтан Бақытбекұлы ең көп көтеріп, жеңімпаз атанды. Ал 16 келілік гір көтеруден Нұрасыл Бахиев үздік нәтиже көрсетті. Қол күрес сайысында Айболат Қаршыға қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырынан көрінді.
Осылайша, Наурыз мерекесі ұлттық спорт түрлерімен айшықталып, халқымыздың төл мұрасы мен рухани құндылықтары кеңінен дәріптелді. Жұртшылықтың көңілін көтеріп, мейманасын тасытқан бұл күні Ұлттық ойындар ұлттың айнасы екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

22 наурыз 2026 ж. 90 0