Республикалық байқауды бағындырған бүлдіршін
Білім мен өнерге құштар бүлдіршіндердің талабын шыңдап, бағытын айқындайтын айтулы шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде, түрлі деңгейде өтіп келеді. Солардың бірі – жас таланттарды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға бағытталған «Егемен ел дарыны» республикалық байқауы. Бұл байқау балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дәріптеуге үлкен үлес қосатын ауқымды байқау еді.Еліміздің әр аймағынан дарынды балалар қатысып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсеткен республикалық шарада ауданның абыройы асты. Тәжірибелі қазылар алқасының жоғарғы бағасын алған бағалап, ерекше көзге түскен "Балбөбек" балабақшасының тәрбиеленушісі Шахнияз Даниярұлы І орынға ие болды. Жеңімпаз ретінде марапатталған бүлдіршінге арнайы төсбелгі мен статуэтка табысталды.
Бұл – Шахнияздың таланты мен талабының, сондай-ақ ата-анасы мен тәрбиешілерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Шахнияздың анасы Жанар Темірханованың:
– Балам кітапқа жақын. Жазуға, оқуға қызығып, жаңа нәрсені білуге әрдайым құлшынып тұрады. Өлеңдерді тез жаттап алады, мағынасын түсінуге тырысады. Өз бетінше ізденіп, білмеген дүниесін сұраудан жалыққан емес.
Мінезі – қайсар, табанды. Ашық, көпшіл, қатарластарымен тез тіл табысады. Бастаған ісін соңына дейін жеткізуге дағдыланып келеді. Шахнияздың осындай қасиеттерді бойына сіңіріп өсуіне балабақша тәрбиешілерінің де еңбегі зор. Сондай-ақ үйдегі қолдау, сенім білдіру маңызды рөл атқарды деп ойлаймын, – деген сөзі бірлескен жұмыстың жемісті боларына дәлел деуге болады.
Биік белесті бағындырған балақай жайлы жетекшісі Шакизат Икина да:
– Шахнияз – балабақшамыздың мақтанышы. Ол кішкентай болса да үлкен жетістіктерге ұмтылып жүрген өте зерек, алғыр әрі батыл бала. Әр конкурсқа аса жауапкершілікпен дайындалып, өз өнерін барынша көрсетуге тырысады. Сахнаға шыққанда өзін еркін ұстап, сенімділігімен ерекшеленеді.
Ол тек талантты ғана емес, еңбекқор, табанды, бастаған ісін соңына дейін жеткізе біледі. Бұған дейін де түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Ал бұл жетістігі – үздіксіз еңбегінің жемісі.
Астана қаласындағы байқауға шақырту алғанда көңіліміз көкке жеткендей болды. Өзіміз осылай қуанып тұрған сәтте баланың қандай көңіл-күйде болғанын елестетудің өзі мүмкін емес. Осындай талапты, өнерлі баламен жұмыс жасау – біз үшін үлкен бақыт әрі мақтаныш.
Қазақта "тіл мен көзден сақтасын" деген баталы сөз бар емес пе?! Біз де болашағы жарқын, болашақта әлі талай биік белестер күтіп тұрған Шахниязды бізде тіл мен көзден сақтасын дейміз, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










