Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжың күні қалай шықты?

Қалжың күні қалай шықты?

1 сәуір – Күлкі күні бүкілхалықтық бейресми мереке. Басқа мерекелерден айырмашылығы сол, шығу тарихы белгісіз. Бұл күнді әр елде әртүрлі атайды екен.
1 сәуір – күлкі, әзіл - қалжыңға толы сонымен қоса өзгелерді алдау күні деп есептеледі. Бұл күні алданғаны үшін ешкім қабақ шытпайды.
Италияда, АҚШ-та бұл күнді «Ақымақтар күні», Англияда «Көңілді алдаушылар күні», Шотландияда «Көкек күні», Жапонияда «Қуыршақтар күні» деп аталады екен.
Бұл мереке әлемдегі бірде-бір елдің діни немесе тарихи дәстүрімен байланысы жоқ. Баяғыда күнтізбе бойынша 1 сәуір күні ерекше күн болды ма, болмады ма бізге беймәлім?
Болжам бойынша бұл мерекенің тарихы көне заманнан бастау алады, ертеде тойланатын көктем мерекесімен байланысты болуы мүмкін делінеді.
Ежелгі гректер ерте көктемде Күлкі құдайының құрметіне арнап құрбан шалып, әдемі ән-күй шырқап, би билеп көңіл көтеріп, ерекше тойлайтын болған.
Ежелгі Грек жазбаларында адам міндетті түрде көңіл көтеріп, күлуі қажет деп есептейді. Күлкі адамды емдейді және жағымсыз қасиеттерден тазартады деп түсінген. Бұны «рухани тазару» (катарсис) яғни күлкі арқылы тазару деп атаған.
Қысқа әзілдер мен сықақ өлең, өткір тілмен жазылған қысқа сөйлемдер ең алғаш осы кезеңде пайда болған делінеді. Әзіл әңгімелер алғашында қабір тастарында жазылған, сонан соң әдеби шығарма болып енген.
Мерекені ерекше тойлайтындардың бірі – португалиялықтар. Олар бұл күнді сөрелерде тұрған ұнды алып, бір-біріне шашады. Бұл күні бәрі дерлік барынша көбірек ұн шашуға тырысады және дәстүр бойынша, адамға үстіндегі ұнды сілкіп тастауға болмайды. Мерекенің қызығы – сол.
Ал Үндістанда бұл күні адамдар бір-біріне түрлі-түсті бояу шашып, тағамға қосатын дәмдеуіштермен атысып, оттан секіріп жатады. Бұл олар үшін тек күлкі күні емес, көктемді қарсы алудың бір түрі деуге де болады.
Ал біздің елде «Алдар Көсенің туған күні» аталып кеткен бұл мереке жылдағы әдетке сай әзіл-қалжыңға толы болып өтеді деп сенеміз. Қазақ көнеден «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Сондықтан бұл күні арқа-жарқа болғанның артығы жоқ. Тек әзіл айтқанда оның зіл әзіл болып, елді қапа қылып қоймағаны дұрыс.
01 сәуір 2026 ж. 74 0