Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Чернобыль апаты құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті

Чернобыль апаты құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті

Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында Чернобыль қаласындағы радиациялық апаттан қаза тапқан құрбандарды еске алуға арналған тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – апат салдарынан қаза тапқан, ауыр жараланған ерлерге құрмет көрсетіп, ерліктерін өскелең ұрпаққа насихаттау.
Осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, радиациясы көрші мемлекеттерге жетіп, апаты күллі адамзаттың қасіретіне айналды.
Чернобыль апатының алдын алуға қатысқан мыңдаған отандасымыз ерлігі мен жігерінің арқасында радиацияның әрі қарай таралуына тосқауыл болды. Олар Отан үшін өмірлерін қиып, өзге де адамдарды қорғап, өз борыштарын орындады.
Іс-шарада апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі аталып, қатысушылар боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев сөз сөйлеп, олардың ел алдындағы еңбегіне құрмет білдірді. Қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмабек Шахатов ардагерлерге ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ, жиынға қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, Чернобыль ардагерлері қатысып, тағзым білдірді. 
Іс-шараға Қызылорда қаласының Әскери техникалық мектебі, Аумақтық қорғаныс бригадасы 99215 және 5547 әскери бөлімдерінің қызметкерлері атсалысты. Бұл іс-шара – ерлікті ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге берудің айқын көрінісі.
Еске алу шарасына жиналған қауым Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтардың рухына бас иіп, боздақтарды бір сәт үнсіздікпен еске алды. Соңында құрбандардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
27 сәуір 2026 ж. 53 0