Зейнулла ҚАЗТОҒАНОВ: Соңғы үш жылда Кіші Аралға 7 млрд текше су жіберілді
Солтүстік Аралды толтыру жұмыстары істеліп жатқаны белгілі. Теңіздің көлемі келешекте 4 мың шаршы шақырымға ұлғайып, су мөлшері 34 млрд текше метрге дейін жетеді деп отыр. Межелі межеге қашан қол жеткіземіз деген сауалға 24kz арнасында жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов бүгінгі таңдағы теңіздің ахуалы туралы айтып берген еді.– Солтүстік Арал теңізінде қазірде 23 млрд 400 млн текше метр су бар. Жалпы сыйымдылығы 27 млрд текше метрді құрайды. 2022 жылы теңіздің деңгейі 1,5 метрге дейін төмендеп кеткен еді. Қазір істелген жұмыстың нәтижесінде теңіз 1 метрге көтерілді. Соңғы үш жылда Кіші Аралға 7 текше млрд су жіберілді. Алдағы уақытта теңіз сыйымдылығын 27 млрд текше метрден 34 млрд текше метрге дейін арттыру құрылысы жүргізілетін болады. Бүгінгі уақытта техникалық-экономикалық негіздемесі дайын, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қаржы көздері қарастырылуда. Бұл бағдарлама жүзеге асқан жағдай теңіз Арал қаласына жақындай түседі. Қазір қалаға 17 км-ге дейін жақындаса, жаңа бағдарлама іске асқанда 3,5-4 км-ге дейін жақындайды. Теңіз аумағының ұлғаюы экологиялық, әлеуметтік, экономикалық жағдайға оң әсерін тигізетіні анық, – деп атап өтті.
Мұнан бөлек З.Қазтоғанов:
– Арал теңізінің құрғаған ұлтанының аумағы 6 млн гектарды құрайды. Оның 2,8 млн гектары Қазақстанға тиесілі. Мемлекет басшысының теңіздің құрғаған аумағына 5 жылдың ішінде 1,1 млн гектар аумағына сексеуіл отырғызу бастамасына сәйкес жұмыс толықтай жүзеге асты. Бұл тұзды шаңның көтерілуі, құм көшкінін азайту сынды экологиялық қатерді азайтып отыр, – деді.
Сондай-ақ:
– Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкіметтің 2024-2008 жылдарға арналған су шаруашылығын дамыту жоспары бар. Соның ең маңызды бағытының бірі суды тиміді пайдалану. Мәселен суды көп қажет ететін дақылдардың орынан суды аз пайдаланатын дақылдар егіп, тамшылап суаруға көшу. 2025 жылы Түркістан, Қызылорда облысы бойынша Сырдария өзенінің аумағында 186 мың гектарға дейін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісіне көштік. 2030 жылға дейін 248 мың гектарға дейін су үнемідеу технологиясын жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Мемлекет тарапынан суды үнемдеп, тиімді пайдалануға көмек ретінде қаржы қарастырылған. Нақты айтар болсақ Түркістан облысы бойынша 90 млрд, Қызылорда облысы бойынша 33 млрд теңге шаруаларды қолдауға қаржы бөлінді. Сонымен қатар жерді тегістеу жұмысы бойынша күріш дақылының жерлерін 2025 жылы 60 мың гектар болса, 2026 жылы 65 мың гектарға жеткіземіз деп отырмыз, – дейді.
Сөз барысында биоалуан түрлілік жайында:
– 2005 жылы САРАТС жобасы толық жүзеге асты. Ақлақ су тоспасы мен Солтүстік Арал теңізі бөгеті оң нәтижесін берді. Бұрынғы теңіз қайта қалпына келмегенімен балық аулау жұмысы жанданды. Бұрын 400 тонна болса, қазірде жылы 7,5-8 мың тонна балық ауланып отыр. Экологиялық жағдай жақсарды.
Бүгінгі таңда облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұрса, оның 4-еуі Еуропалық одақтың талабына сәйкес келіп, балық экспорттауға рұқсат алған, – деп теңіздің қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарларды ашық айтып өтті.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










