«Татулық – достық тірегі» атты этнофестиваль өтті
Қызылорда облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Татулық – достық тірегі» атты взводаралық этнофестиваль өтті.Іс-шараның ашылуында басқарма бастығы, полиция подполковнигі Дастан Кенбай құттықтау сөз сөйлеп, халық арасындағы достық пен татулықтың маңызын атап өтті. Ол ел бірлігі мен қоғамдық келісім – Қазақстанның басты құндылықтарының бірі екенін ерекше жеткізді.
Фестивальге әділқазылық еткен қазылар алқасының құрамында басқарма бастығы полиция подполковнигі Дастан Кенбай, басқарма бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мұратбек Пазлиев, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Талғат Шаханов, ішкі істер органдарының ардагері Әли Әлменов және Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Руслан Құрманов болды.
Фестивальге қатысушылар қазақ, өзбек, орыс, шешен және түрік этностарының ұлттық мәдениетін насихаттап, бес кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, олар түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетті, мақал-мәтел сайысында білімдерін саралады. Сондай-ақ ұлттық тағамдарын ұсынып, ән, би және қолөнер арқылы өз өнерлерін паш етті.
Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың өнері мен дайындығы жоғары бағаланып, үздік командалар марапатталды. Мерекелік шара бірлік пен ынтымақты ұлықтаған тағылымды басқосуға айналды.










