Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтауы
Қадірменді жерлестер!
Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!
Бұл күн – Отан алдындағы қасиетті қызметін адал атқарып жүрген сарбаздарға, борышын өтеген ардагерлерге деген ерекше құрметтің белгісі, ерлік пен патриотизмнің символы.
Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығы мен тұтастығын қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы. Сарбаздарымыз ел қауіпсіздігінің сенімді қалқанына айналып отыр. Жауынгерлеріміз батылдық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің жоғары кәсібилігін дәлелдеп келеді.
«Ел – ерлерімен еңселі» дейді халқымыз. Батыр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, ұрпағына аманат етті. Кешегі аға буын да сұрапыл соғыста қайсарлық танытып, Жеңіске жетті. Олардың ерлігін ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз.
Бүгінде көк туымыздың астында ел шебін күзетіп тұрған айбынды әскеріміз ата дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Олар Антына адалдық танытып, ел сенімін абыроймен ақтауда.
Қадірлі ағайын!
Біз – өткенінен тағылым алып, болашағына сеніммен қарайтын халықпыз. Тәуелсіздігімізді нығайту, ел тыныштығын сақтау – баршамызға ортақ міндет.
Береке мен бірлік, татулық пен тұрақтылық – біздің басты құндылықтарымыз. Бейбіт өмірдің өзі – үлкен бақыт әрі жауапкершілік.
Баршаңызды Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтаймын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев











