Арал – Мемлекет басшысының назарында
Бүгін Мәжілістің жалпы отырсында Премьер-Министр Бектенов Олжас Абайұлына Аралға қатысты депутаттық сауал жолдадым. Мемлекет басшысы кеше өткен Астана саммитінің отырысында Арал мәселесіне қатысты нақты әрі жүйелі бағыт - бағдар беріп, су ресурстарын тиімді басқару, цифрландыруды енгізу және трансшекаралық өзендер бойынша келісілген саясат жүргізудің маңызын айқындады. Бұл - елдің болашағына бағытталған байыпты саясат.
Арал мәселесі - Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарда ұстап отырған маңызды бағыттардың бірі. Соның аясында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар кезең - кезеңімен жүзеге асуда.
Аймақта жол, су және әлеуметтік нысандардың жаңаруы жергілікті деңгейдегі жұмыстардың тұрақты түрде ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді. Қиындығы күрделі өңірде түйткілдердің шешім табуы - үздіксіз еңбектің нәтижесі. Құрғаған теңіз табанында жүргізіліп жатқан сексеуіл егу және мелиорациялық шаралар табиғи ортаны қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Сонымен бірге, осы ілгерілеумен қатар, уақыт күттірмейтін, шешімін қажет ететін күрделі мәселелер де бар. Арал тағдыры - тек табиғаттың ғана емес, тұтас әлемнің болашағына тікелей әсерететін ортақ жауапкершілік.
Дегенмен, бұл бағытта еліміз тарапынан кешенді әрі ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2002 - 2008 жылдары Дүниежүзілік банкпен бірлескен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасы аясында өзеннің өткізу қабілеті 350-ден 700 м³/с дейін артса, теңіз көлемі 15,6-дан 27,1 км³ дейін ұлғайды, тұздылық 23-тен 12 г/л дейін төмендеді, балық аулау 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін өсті.
Қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі қарастырылуда. Ол Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 42 м-ден 44 м-ге көтеру, дельта экожүйесін тұрақтандыру, дренаж суларын сулы-батпақты алқаптарға бұру, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту жұмыстарын қамтиды. Жоба аясында 180 іс-шара жоспарланған, жалпы құны 700 млрд теңгеден асады. Нәтижесінде Солтүстік Арал ауданы 3 151 км²-ден 3 913 км²-ге, су көлемі 27 км³-ден 34 км³-ге дейін артады!
Пікір қалдыру










