Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтардың абыройы асқақтады

Аралдықтардың абыройы асқақтады

Мәдениет – ұлттың рухани байлығы мен тарихи жадының айнасы. Ол халықтың салт-дәстүрін, өнерін, тілін, дүниетанымын сақтап қана қоймай, қоғамның дамуына да зор ықпал етеді. Қай кезеңде болмасын мәдениет саласы елдің бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың тәрбиесіне бағыт-бағдар беретін маңызды күш ретінде бағаланып келеді. Бүгінде жаһандану дәуірінде ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан мәдениет саласын қолдау, рухани құндылықтарды дәріптеу және өнердің дамуына жағдай жасау – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Елдің өткенін, бүгінін және келешегін байланыстырып отырған сала өкілдеріне қандай құрмет көрсетсек те артық емес.
Иә, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында облыс орталығында өткен мерекелік шарада бір топ жерлестеріміз марапат төрінен көрінді.
Мерекелік күнде маңызды марапатқа ие болып, мерейі артқандардың қатарында Арал аудандық мәдениет орталығының қоюшы-суретшісі Берік Бөкешов және Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Әлішева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленсе, облыста жыл сайын дәстүрлі түрде мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы үздіктерге табысталатын «Тұран» сыйлығын Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Оңталап Базарәлиев, Еркін Әбілов пен Ерғали Абдулла, Қызылорда облыстық филармониясының дәстүрлі орындаушылар ұжымының әртісі Шолпан Биімбетова, аудандық мәдениет үйінің дыбыс инженері Нартай Қайырлапов, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлықбек Тәңірбергенов алды.
Ал Абай ауылдық клубының директоры Асылхан Есжанов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Сыр елі – жыр елі» деген дәстүрлі жолды жалғастыру және өңір таланттарын қолдау мақсатында табысталған бұл марапаттар – жерлестеріміздің көп жылғы қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігі мен мәдениет саласының дамуына қосқан сүбелі үлестерінің лайықты бағасы. Ұлттың болмысы мен бейнесін бұзбай болашаққа аманаттау жолында жемісті еңбекпен көрініп жүрген жандарға біз де тілектестік білдіреміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
26 мамыр 2026 ж. 98 0