Аудан әкімі ауылдарды аралады
Ауыл тынысы – аймақ дамуының шынайы көрсеткіші. Әсіресе, шалғайдағы ағайынның тұрмыс сапасы мен әлеуметтік нысандардың жай-күйі әрдайым жіті бақылауда болуды қажет етеді. Осы орайда, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс жоспарына сәйкес Қарақұм ауылдық округіне арнайы барып, жергілікті халықпен жүздесті. Іссапар ауылдағы қордаланған мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешудің тиімді алаңына айналды.Аудан басшысына бұл сапарда мәслихат төрағасы Базарбай Төрахметов, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аурухананың бас дәрігері Бауыржан Қуанышбаев және коммуналдық салаға жауапты мекеме жетекшілері серік болды. Мұндай құрамдағы іссапар кез келген түйткілді талқылау кезінде ведомствоаралық жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Абай ауылы: Ауыз су мәселесі реттелді
Жұмыс тобы алдымен Абай ауылына аяқ басып, тіршілік нәрін беруге тиіс су айдау насос станциясының жұмысын тексерді. Бүгінде аталған нысанның құрылысы толықтай мәресіне жеткен. Мердігер ұйым – «Сапа құрылысы 2007» ЖШС өкілдерімен кездесуде атқарылған жұмыстың сапасы мен алдағы техникалық күтім мәселелері талқыланды.
Ең бастысы, ауылішілік ауыз су желісі бірнеше мәрте химиялық тазалаудан өткізіліп, талаптарға сай бапталған. Қазіргі таңда таза су арнайы шүмектер арқылы әр үйге жете бастады.
Тұрғындармен жүздесу барысында Аманжол Сақыпұлы ел көлемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүріп жатқан реформалардың мәнін түсіндіріп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен аймақта қолға алынған ірі жобаларды ортаға салды. Әкім ауыл халқының тұрмысын жақсарту бағытындағы қадамдардың нәтижесін нақты деректермен жеткізді.
Әрине, кездесу тек жетістіктерді жіпке тізумен шектелген жоқ. Абай ауылының жұртшылығы екі маңызды мәселені алға тартты. Әсіресе, жаңадан берілген судың үздіксіз әрі таза болуын бақылауда ұстау мен жыл өткен сайын сапасы нашарлап бара жатқан жолдың жағдайы айтылды. Тұрғындар бұған үлкен салмақты жүк көліктерінің бейберекет жүруі себеп екенін айтып, олардың қозғалысына заңды түрде шектеу қоюды сұрады.
Аудан басшысы халық көтерген әрбір уәждің орынды екенін мақұлдап, жол қауіпсіздігі мен сапасын сақтау бағытында тиісті шаралар қабылданатынын уәде етті.
Ерімбетжаға: Тұрғындар ұсынысы назардан тыс қалмайды
Сапардың келесі нүктесі – Ерімбетжаға елді мекені. Мұндағы ағайын да аудан басшылығын ашық диалогқа тартып, ауылдың ішкі-сыртқы мәселелерін ашық айтты. Тұрғындар аудан әкімінің жаңа бастамаларына сәттілік тілей отырып, елді мекенге қатынайтын негізгі автомобиль жолын күрделі жөндеуден өткізу, ауыл үшін жедел жәрдем көлігін бөлу мүмкіндігін қарастыру мен жергілікті емдеу орнындағы дәрігер маман тапшылығын жою мәселесін оңтайлы шешіп беруін өтінді.
Аманжол Оңғарбаев халықтың сұранысын мұқият тыңдап, кадр мәселесі мен әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен, заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Көтерілген мәселелердің ешқайсысы елеусіз қалмайды.
Құқықтық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі
Жиын барысында тек шаруашылық қана емес, қоғамдық қауіпсіздік тақырыбы да сөз болды. Аудан прокуроры Дарын Елтайұлы ауыл тұрғындарына мал ұрлығының алдын алу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі таңда белең алып тұрған интернет-алаяқтық қаупіне ерекше тоқталды. Прокурор цифрлық технологияларды пайдалану кезінде сақ болуды, бейтаныс сілтемелерге өтпеуді және күмәнді қоңырауларға сенбеуді ескертіп, алаяқтардың арбауынан сақтанудың нақты тетіктерін баяндады.
Аудан басшысының Қарақұм ауылдық округіне жасаған бұл сапары жергілікті басқару жүйесінің халыққа жақын екенін көрсетті. Атқарушы билік өкілдерінің ауылдағы жағдайды көзбен көруі – мәселені іштен зерттеп, жұмыстың алға басуына септігін тигізеді. Ел мен билік арасындағы мұндай тікелей байланыс аймақтың дамуын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Г.ӘЛНИЯЗИНА










