Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Тоқабайдағы елеулі істерге куә болды

Аудан әкімі Тоқабайдағы елеулі істерге куә болды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Тоқабай ауылына барып, ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға қанығып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді.
Алдымен ауылда жүргізіліп жатқан ауызсу тарту жұмыстарымен танысып, құрылысы басталатын ауызсу айдау станциясының маңында салаға жауапты су шаруашылығы мамандарымен жүздесті.
Негізгі бағыт «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының Арал-Тоқабай-Абай желілік қосу тармақтарын салу және ауданға қарасты Тоқабай елді мекенін сумен жабдықтау. Ауқымды жұмыс бүгінде қайта жалғасуда. «САПА ҚҰРЫЛЫС 2007» ЖШС мердігер мекеме қазіргі таңда ауыл маңынан су айдау насосты станциясы салынатын орынды белгілеп, тегістеу жұмыстарын жүргізуде. Қазір Тоқабайдың басына дейінгі желілік құбыр толықтай тартылып, Абай бағытына қарай жалғасуда. Тартылып жатқан ауыз су желісінің жалпы ұзындығы 138 шақырымнан әрі болса, Тоқабайдың ішіндегі су құбыры желісінің ұзындығы 16,787 шақырымды құрайды. Бүгінде ішкі желілік жұмыстары аяқталған.
Насан басында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаевпен және су шаруашылығы саласының, жауапты мердігер мекеме өкілдерімен жүздесіп, атқарылуы тиіс жұмыстарды бағамдады.
Аудан әкімі бұл ауқымды жұмыс Мемлекет басшысының тікелей назарында екенін алға тартып, аймақ басшысы да жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
– Осы жұмыстар созбалаңға салынып келеді. Өткен жылдың соңында беріледі деген жылт еткен үміттің жырға айналғанына да жарты жылдам астам уақыт өтті. Осы уақыттар ішінде бірнеше мәрте уәделі сөз айтылса да іс аяқсыз қалып келеді. Бұл жолы мұндай келеңсіздіктерге жол берілмеуі тиіс. Көңілі алаң халық күн жұбатып әрең отыр. Қазірдің өзінде ауыз судың қиындығын көріп отырған елге бұдан артық қуаныш болмас. Сондықтан жұмысты жеделдету керек. Ары кетсе алдағы екі-үш айдың шамасында Тоқабайға ауыз су берсек, жылдың соңына дейін Абайды да сапалы суға қосу міндеті тұр, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң ауылдық округтің әкімшілік ғимаратына барып, кешегі өткен сайлау қорытындысына сәйкес халықтың басым қолдауына ие болып, ауылдық округ әкімі болып сайланған Мұқансерік Әлішевті жаңа қызметімен құттықтады. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатов ауыл әкімінің қызметтік куәлігін табыстап, ресми таныстырып өтті.
Аудан әкімі ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен тілдесіп, жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті. Сондай-ақ ауылға ортақ кейбір мәселелерден хабардар екенін жеткізіп, оларды алдағы уақытта шешу жолында жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
Ауыл тұрғындары істеліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, ауыз су тарту жұмыстарын тез бітірсе деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ елге ортақ кейбір мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастыру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі ауылда қосымша құрылыс жүргізіліп жатқан №248 орта мектеп ғимаратына барып құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда демеушілік есебінен салынып жатқан мектеп ғимаратының негізі блогы толық аяқталған. Қосымша екі блоктың құрылысы жүруде. Спорт зал мен асхана және қосымша бөлмелер бойынша ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
Қарқынды құрылысқа куә болған аудан басшысы А.Оңғарбаев құрылысқа жауапты мекеме өкілдеріне жағдайды бақылауда ұстап, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Мүмкіндік болса ғимараттың құрылыс жұмыстарын қысқа мерзім ішінде аяқтап, ауылдағы мектеп мәселесін түбегейлі шешуге жұмыс жасау керектігін жеткізді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
20 мамыр 2025 ж. 41 0