Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында сотталғандарға құқықтық көмек тұрақты көрсетілуде

Қызылорда облысында сотталғандарға құқықтық көмек тұрақты көрсетілуде

Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға құқықтық көмек үздіксіз көрсетіліп келеді.
№37 мекемесінің заңгері Жалғас Есмахановтың айтуынша, күн сайын 10-нан астам сотталған азамат құқықтық көмек сұрап келеді. 
Бүгін де бірнеше жазасын өтеуші сенімхат рәсімдеу тәртібіне қатысты сұрақтарымен заңгердің қабылдауында болды. 
– Жыл басынан бері 120-дан астам сотталғанға құқықтық кеңес берілді. Азаматтар көбіне мұрагерлік, тұрғын үй мәселелері, рақымшылық бойыншв, банк несиелері және басқа да құқықтық сұрақтар бойынша жүгінеді. Барлығына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді заңгер. 
Құқықтық көмектің пайдасын көргендердің бірі мұрагерлік мәселесі бойынша кеңес алғанын айтты. 
– Әкем қайтыс болғаннан кейін мұрагерлікке қатысты сұрақтарым туындады. Заңгерден толыққанды кеңес алып, өзімнің мұрагерлікке таласым жоқ екенін білдіріп, бауырларыма сенімхат рәсімдедім. Заң талаптарын бәріміз бірдей біле бермейміз. Сондықтан мекемеде заңгердің болуы біз үшін өте маңызды. Көкейіміздегі сұрақтарға жауап алып, қажетті құқықтық көмекті уақытылы алып отырмыз, – дейді сотталған азамат.
Мекемелерде көрсетілетін құқықтық көмек сотталғандардың заңдық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың заңмен қорғалатын құқықтарын тиімді жүзеге асыруына мүмкіндік беруде.
Фото: Polisia.kz
12 маусым 2026 ж. 36 0