Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атадан жалғасқан кәсіп

Атадан жалғасқан кәсіп

– Бір үйірдегі жылқының саны 200 бастан кем болмайды. Суарған кезде олардың әрқайсысы 4-5 шелектен кем су ішпейді. Сонда 800-1000 шелек су кетеді деп есептеңізші. Жалпы екі сағаттан астам уақыт бойы шегенделген терең құдықтан су тарту ауызға  оңай шығар. Бірақ, мен қаншалықты қиын екенін көріп өстім. Әкемнің жалаңаш етінен моншақтап аққан терді көргенде бір жағынан сүйсініп, бір жағынан аянышпен қарайтынмын. Бірақ ол бір мойымайтын, – деп бастады Жоламан ақсақал.
Иә, қашан да малдан қол үзбеген қазақ баласының мұндай жағдайларды көрмей өсуі мүмкін емес шығар. Тірлігін малмен, теңізбен байланыстыра білген Арал халқы үшін еңбектің жемісі қашан да құнды. Тұрмысы мал шаруашылығымен тікелей байланысты болған Құланды түбегінің тұрғыны Санатбай Қуанышов 1901 жылы сол Құланды түбегінде дүниеге келеді. Қимылы ширақ, өзі епті ол қаршадайынан жылқыға мініп, бас білдіріп, асауларды жуасытып өскен. Жастайынан сол кездегі Әлдірза, Жолдас байлардың мыңғырған жылқысын бағып, жылқышылық кәсіпті еркін меңгереді. Аттың жалына жабысып, құлағында ойнап өскен Санатбайға жылқы бағу бұйым емес еді.
1932 жылы Құланды түбегінде «Жаңа жол» ұжымшары құрылады. Сол ұжымшардың алғашқы жылқышысы да біздің кейіпкеріміз болды. Отыз жыл бойы үлкен еңбекті мінсіз атқарған Санатбайдың кәнігі еңбегіне куәгерлер 1962 жылы «Құланды» кеңшары құрылғанда да «Жаңа жол» ұжымшарының жылқыларын қосып алып, өзін сол кеңшардың жылқышысы етіп тағайындайды.
Араға екі жыл уақыт салып, 1964 жылы «Құланды жылқы зауыты» құрылғанда зауыттың бас жылқышысы болды.
Санатбайдың ұлы Жоламан ақсақал:
– Мен ол кезде баламын ғой. Әкемнің әр қимылына қарап тамсанатынмын. Өскенде мен де жылқышы боламын дейтінмін мақтанышпен. Өйткені қанша бейнетке қарамай, оның қайсарлығы, жұмысқа жан-тәнімен беріліп, жауапкершілікпен жасайтыны оның рухани қуатын паш етіп тұратын. Әкенің осындай қайсарлығын көрген перзенттің қайсысы болмасын «әкемдей боламын» демеуі мүмкін емес, – дейтін.
Рас-ау. Далалық жерде ұрысы не, бөрісі не барлығы бірдей жыртқыштай сезіледі. Күндізгі жоғарыда атап кеткендей ауыр жұмыс пен мал суару, оларды өріске өргізу мен бағудан кейінгі түнгі тыныш ұйқы да бақыт қой. Бірақ, Санатбай жылқышы түнде де көз ілмейтін. Алдындағы түлігі әлгі ұры-қары мен бөрінің ауызында кетпеу үшін ұйықтаудың өзі жауапсыздық екенін сезетін.
Бұл тек жылқыны бағу жайы ғана. Ал, жылқыны қолға үйретіп, оны қолда ұстап, сауып, қымыз ашыту шаруасы жары Үміттің мойынындағы үлкен жауапкершілік.
Құландыдан 250 шақырым жерге Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданына түйемен бір аптада көшіп баратын. Сол маңайдағы Ұлпан, Қос там, Шалқар көлі деген жерлерде болып, жылқы сауып, қымыз сататын. Үміттің қымызы тұрғылықты халықтың сұранысындағы сапалы қыммыз болатын.
Ал, жаз мезгіліндегі жұмыстарға тағы қосымша тай-құнан, құнажын, қысыр байталдардың жал-құйрығын күзеу де бар. Барлығын түгел күзеп, қылын  өткізеді. Міне, жал-құйрық пен қымыздың ақысы түгелдей ұжымшарға түсіп, табыстың негізгі көзіне айналды.
Неткен еңбек десеңші. Тынымсыз тірліктің соңында жүріп, шаршауды да білмейтін жанның осынау еңбегі еленбей қалар ма?! Әрине, еленеді. Сол уақыттағы әрбір еңбек адамының арманына ұласқан «Ленин» ордені Санатбай жылқышының омырауында жарқырады. Құланды түбегінде қаншама жылқышы, қаншама еңбек адамы болғанымен тек Санатбай Қуанышов қана осы орденге иегер болған.
1965 жылы зейнетке шыққан мақтаулы жылқышы 77 жасында өмірден озады. Бірақ, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Евней Бекетов: «Нағыз адам болудың берден-бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннандұрыс тәрбие алу, үлгі көру» демей ме?! Міне, әкеден өнеге үйренген ұрпағы бар Санатбайдың арманы жоқ шығар.
Мен де өскенде жылқышы боламын деп өскен Жоламаны азамат болып, 1964 жылдан 2002 жылға дейін, 38 жыл «Құланды» АҚ-ның Төбебұлақтағы №2 фермасында механик-бригадир болып қызмет жасады. Бүгінде 73 жастағы Жоламан ағамыз әлі де болса жылқыдан қол үзбей, әкенің жолын жалғап келеді. Немере мен шөберенің ортасында ардақты ата атанып отырған жан ұлдары мен немерелері де ата жолынан таймайтынын айтып, марқайып-ақ қалды.
Еңбек адамды ерлікке жетелейді. Еңбектің асыл мұра екенін ұмытпаған ұрпаққа біз де атаның жолын тілейміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
14 мамыр 2019 ж. 704 0