Болашаққа ұмтылған білімді жастар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында «Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады» деп білім саласына басымдық беріліп отқанын анық айтып өткен еді. Міне, осындай жұмыстар өз нәтижесін беріп, жұртшылықты қуантып келеді. Оған айтар дәлел көп.Мәселен, қаладағы Ұ.Қараманов атындағы биыл ғана №262 мектеп-гимназиясын бітірген 11 «В» сыныбы мектеп тарихында ғана емес, ауданның білім саласында өзіндік із қалдырды. Білім мен тәрбиені, талап пен табандылықты қатар алып жүрген бұл сыныптан 29 оқушы түлеп ұшып, мектеп қабырғасында алған білімдерін саралап, алға қойған мақсаттарына жету жолында аянбай еңбек еткен түлектердің нәтижесі ұстаздары мен ата-аналары үшін үлкен қуаныш болды.
Мемлекет басшысы Тамыз конференциясының пленарлық отырысында аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты көрсеткіштерді сөз етіп, биылғы ҰБТ қорытындысына тоқталып, жоғары нәтижеге қол жеткізген өңірлер қатарында Қызылорда облысы барын айтып, аймақтың абыройы асқан еді. Айтса айтқандай өңір бойынша орташа нәтиже 74,90 балл болса, 100 және одан жоғары балл жинаған түлектер саны 1616-ға жетіп, олардың үлесі 16 пайызды құраған болатын. Міне, осындай жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген бітірушілердің қатарында
Нақтырақ айтсақ, сыныптағы 26 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, өз білімдерін сынаса, нәтижесінде 24 оқушы мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған. Ал олардың 22-сі мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Бұл – сыныптың жоғары білімге деген ұмтылысы мен мектепте алған білімінің сапалы нәтижесін көрсететін үлкен жетістік.
Жетістіктер шеруі мұнымен ғана шектелмейді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ 5 оқушы жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алса, Асқарбек Қазиев Қытай Халық Республикасының Пекин қаласындағы жоғары оқу орнына грантқа түсуге мүмкіндік алды. Бұл арманға жетуге жасалған алғашқы үлкен қадам деуге әбден жарасады.
Иә, баланың бағындырған биігі әлбетте мұғалімдердің тынымсыз еңбегінің айқын көрінісі. 4 «Алтын белгі» иегері мен 1 оқушысы үздік аттестатқа ие болған сыныптың осындай асуды бағындыруы жайында «Алтын белгі» иегері Нұршат Оразғали:
– Бала болып бастаған көшіміздің соңы үлкен өмірге ұласатынын білсек те, мектеппен қоштасу әр шәкіртке қиынға соғатын сәт. Алайда осы үлкен қадамды абыроймен жасау қандай мақтаныш десеңізші!
Көңіліміздің қуанышқа кенеліп, еңсеміздің биік болуына алдымен мұғалімдеріміз себепкер. Алғашқы күнннен бастап ҰБТ сынағын тапсырамын дегенше қолдау білдіріп, бар білгенін үйретіп, көрсетіп, жаңа өмірге ата-анамыздай тәрбиелеген оларды ұмыту мүмкін емес. Әсіресе сынып жетекшіміз Алтынгүл Киікбаеваның бізді баласындай көріп, жанашырлық танытқаны, бізбен бірге қуанғаны ерекше есімізде қалды, – дейді. Ал грант иегері атанған 22 оқушының ата-аналары тіпті бақытты.
Міне, білімге қатысты ұстаз – шәкірт – ата-ана үштігінің берік байланысы мен оларға мемлекеттен жасалған қолдаудан қуат алған жастар әлі талай мәрте әлемді мойындататынына сенім мол.
Онталап ЖОЛДАСОВ









