Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі әлуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі әлуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сексеуіл кентіне жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысында аудан басшысы кентте салынып жатқан 100 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылыс алаңында болды.

Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Қазіргі таңда бас мердігер – «Иман» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанда аумақты абаттандыру, ғимараттың ішкі әрлеу және еден төсеніштерін төсеу жұмыстары атқарылуда.
Құрылыс алаңында қажетті техникалық және ұйымдастырушылық шаралар қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта нысанға 3 арнайы техника жұмылдырылып, 50-ге жуық жұмысшы мен маман тұрақты түрде еңбек етуде. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын 2026 жылғы қараша айында толық аяқтау жоспарлануда.
Аудан әкімі құрылыс барысымен танысып, нысанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, жауапты мердігер мекеме өкіліне құрылыс жұмыстары талапқа сай сапалы жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар аудан әкімі Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектеп жанындағы интернат ғимаратының қазіргі жағдайымен танысты.

Аталған ғимарат 1928 жылы салынған. 1960 жылдан бастап Шалқар және Қазалы аудандары арасындағы елді мекендерде тұратын теміржолшылардың балаларына арналған 120 орындық интернат ретінде пайдаланылып келген.
Ғимараттың қазіргі таңда қолданыстағы стандарттарға сәйкес келмеуіне және оқушылар санының азаюына байланысты интернат жұмысы тоқтатылған.
Интернатта білім алған Құмтөбенің төрт оқушысы №71 мектепке орналастырылса, Шоқысудың үш оқушысының ата-аналары балаларымен бірге Сексеуіл кентіне қоныс аударған.
Қазіргі уақытта интернат ғимаратын кент әкімдігінің теңгеріміне өткізу және онда еңбек еткен қызметкерлерді алдағы уақытта жұмыспен қамту мәселесі назарға алынған.

Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Сексеуіл теміржол вокзалының жұмысымен де танысты.
Жаңадан салынған вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысан тәулігіне 281 жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Вокзалда жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және санитарлық-тұрмыстық орындар қарастырылған.
Аудан әкімі вокзалға жақын орналасқан жолаушылар өткелі мен теміржол перонының жағдайын да көріп, жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
Сапар барысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы Сексеуіл кентіндегі әлеуметтік нысандардың құрылысын сапалы жүргізу, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымдық нысандардың тиісті деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

06 қазан 2026 ж. 112 0