Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҢ ӨНІМІ, ДАЛАНЫҢ ДӘМІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ҰСЫНЫЛДЫ

АРАЛДЫҢ ӨНІМІ, ДАЛАНЫҢ ДӘМІ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРҒА ҰСЫНЫЛДЫ

Бүгін Қызылорда қаласында «Алтын күз – 2026» мерекесі аясында ұйымдастырылған Арал ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті.

Аралдың ақмаржанын арқау еткен, берекелі даланың байлығын паш еткен жәрмеңкеде ауданның табиғи өнімдері мен жергілікті өндірушілердің еңбегі қала тұрғындарына кеңінен ұсынылды.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы келіп, сауда сөрелерін аралап, Арал ауданынан жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерімен танысты. Бұл – жергілікті өндірушілерді қолдауға, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға және халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған игі бастаманың маңызын айқындай түсті.

Аралдан арнайы көліктермен жеткізілген 100 тоннаға жуық өнімнің ішінде әсіресе балық пен балық өнімдеріне, ет пен сүт өнімдеріне деген сұраныс жоғары болды. Теңізден тікелей жеткізілген тірі балықтар, мұздатылған және ысталған балық түрлері, сондай-ақ ұлттық сусын шұбат пен табиғи ет өнімдері жәрмеңке келушілерінің ерекше сұранысына ие болды. Аралдың брендіне айналған ас тұзы да сауда сөрелерінен лайықты орын алды.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі өнімдердің молдығы мен сапасында ғана емес, өндіруші мен тұтынушының арасын жақындатқанында. Ауданның шаруа қожалықтары, балық өңдеу кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін тікелей ұсынып, қала тұрғындарына нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сауда жасауға мүмкіндік берді.

Бұл ауыл шаруашылығы саласындағы тынымсыз еңбектің, жергілікті кәсіпкерлердің іскерлігінің және Арал өңірінің өндірістік әлеуетінің айқын көрінісі.
Аралдың өнімі адал еңбек пен табиғи байлықтың жемісі. Ал осындай жәрмеңкелер ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, отандық өнімге деген сенімді арттырып, ел ырысын еселеуге жол ашады.

Аралдың ақмаржаны, даланың дәмі қызылордалықтардың дастарқанында!

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

24 қазан 2026 ж. 54 0