Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Республика күнімен құттықтауы
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды халқымыздың азаттық жолындағы асыл арманын айқындаған, мемлекеттігіміздің берік тұғырын қалаған ұлық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл бұл мерекенің мән-маңызы айрықша. Өйткені еліміз Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздікпен сабақтасып жатқан Республика күні – халқымыздың тарихи таңдауын, ұлттық рухын және жарқын болашаққа деген сенімін айшықтайтын қастерлі мереке.
Осыдан отыз алты жыл бұрын, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация еліміздің дербес мемлекет болуына жол ашқан тарихи құжатқа айналды. Бұл – халқымыздың елдік мұратын айқындап, тәуелсіздікке бастар жолға тың серпін берген тағдырлы қадам. Сондықтан Республика күні – азаттыққа ұмтылған ұлттың рухын асқақтатып, мемлекеттігіміздің мәнін тереңдете түсетін ерекше белес.
Тәуелсіздік – баға жетпес байлығымыз әрі үлкен жауапкершілік жүктейтін құндылық. Оны сақтау мен нығайту, мемлекеттігімізді бекемдеп, келер ұрпаққа қуатты да өркендеген Қазақстан қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Бұл жолдағы басты тірегіміз – ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық, бірлік пен ынтымақ, туған жерге деген шынайы жанашырлық.
Бүгінде еліміздің өркендеуіне әрбір өңірдің қосар үлесі зор. Осы ортақ мақсат жолында Арал ауданының тұрғындары да адал еңбегімен, іскерлігімен және туған жерге деген сүйіспеншілігімен өңіріміздің дамуына үлес қосып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, елді мекендерді көркейту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар бірлігі бекем жұрттың ынтымақты еңбегінің нәтижесі.
Құрметті ағайын!
«Бақ қайда барасың?» дегенде, «Ынтымаққа барамын» деп жауап берген екен. Расында, бірлік бар жерде береке, татулық бар жерде тұрақтылық, ынтымақ бар жерде өркендеу болады. Еліміздің ертеңі мен ұрпақтың болашағы үшін қоғамдық келісімді сақтап, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасу баршамыздың азаматтық парызымыз.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, келешегіміз кемел болғай! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың абыройы асқақтай берсін!
Ізгі ниетпен, А.ОҢҒАРБАЕВ
Арал ауданының әкіміФото: ашық дереккөзден алынды











