Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев ЕАЭО интеграциялық бірігудегі ұсынысын айтты

Тоқаев ЕАЭО интеграциялық бірігудегі ұсынысын айтты

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында ЕАЭО елдері үшін интеграциялық бірігудің маңызды векторларын анықтау керектігін атап өтіп, ұсынысын айтты.

«5 жыл бұрын 2014 жылдың 5 мамырында осы қалада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. Осылайша, біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірлік интеграциялық бірлестік құру туралы идеясы өзінің өзектілігін, қажеттілігін, дербестігін дәлелдеді және шынайы өмірдің бөлігіне айналды. ЕАЭО  аясында біз қысқа ғана уақыт аралығында ынтымақтастығымыздың барлық бағытында таңқаларлық нәтижелерге қол жеткіздік», - деді президент. 
Мемлекет басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақта мығым институттық реформа құрылып, өзара іс-қимылдың тиімді форматы әзірленді.
«Қазақстан тең құқылық, серіктестік және өзара тиімділік негізінде Еуразиядағы экономикалық интеграцияның одан әрі жалғасуын жақтайды. Бүгінгі отырыс та ЕАЭО-ның ілгері қозғалысына жаңа серпін беретініне сенімдімін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті интеграциялық бірігудің маңызды векторларын анықтау керектігін атап өтіп, ұсыныстарын айтты:
1. Ірі интеграциялық жобалар: «Еуразия» жылдам теміржол құрылысы мен каналының құрылысы керек;
2. Әрбір ел ұлттық цифрлық тәртіпті іске асыруды жалғастыра беру керек;
3. Қазақстан Астана халықаралық қаржы орталығын ашты және қаржы орталығын өз экономикасына инвестиция тарту үшін потенциалын қолдануды ұсынады;
4. Жалпы нарықты демпингтен, контрафактіден және үшінші елдер тарапынан жосықсыз бәсекеден қорғау үшін күшімізді жүйелеу керек;
5. Ортақ кеден шекарасында кедендік әкімшілендіру болуы тиіс;
6. ЕАЭО тартымдылығын арттыру керек: өзара тиімді ынтымақтастық принциптері мен шешімдерді барынша келісу.
Бүгін Нұр-Сұлтанда Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы Армения Республикасының төрағалығымен өтіп жатыр.
Жиын басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» деген атақ берілді.
https://baq.kz
30 мамыр 2019 ж. 1 062 0