Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызмет көрсету оңтайландырылған

Қызмет көрсету оңтайландырылған

Соттар жыл сайын әртүрлі даулар мен мәселелерге байланысты түрлі шешім қабылдайды. Олардың кейбіреулері біздің елден  тыс, яғни шет жерлерде де талап етілуі мүмкін. Қандай да сот актісі ресми құжат мәртебесіне ие болу үшін, яғни ол шет мемлекеттерге жолданар алдында міндетті түрде заңдастырылады, апостиль қойылады.

Апостиль – құжатқа қол қойған тұлғаның қолының нақтылығын, оның осы құжатқа қол қоюға құзыреті бар екендігін және оның қолы бекітілген мөр мен мөртабанның айқындығын нақтылайтын арнайы мөртабан. Яғни, заңдастырудың осындай нысанын танитын елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы ақпаратты толтырудың халықаралық стандартталған нысаны.
ҚР Президентінің 03.11.2010 жылғы № 1093 Жарлығымен бекітілген ҚР Жоғарғы Сотының Жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (ҚР Жоғарғы Сотының аппараты) туралы Ережеге сәйкес, департамент сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға ҚР-ның заңнамасына сәйкес апостиль қою функцияларын жүзеге асырады.
Азаматтар үшін әкімшілік кедергілерді жеңілдету мақсатында Жоғарғы Сот сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді одан әрі оңтайландыру жұмысын жүзеге асырды. Үкіметтің 18.09.2013 жылғы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» Қаулысына өзгерістер енгізіліп, сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою функцияларын жүзеге асыруға өтініштер қабылдауды, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беруді жүзеге асыруға Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің аумақтық органдарына уәкілеттік берілді.
Жуырда, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімі мен Мемлекеттік қызметтер стандартына мемлекеттік көрсетілетін қызметті электронды нысанда көрсетуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, апостиль қою жөнінде электрондық арыз беру бойынша сервис «Электрондық үкімет» порталында іске асырылды.
Енді апостиль қою жөнінде портал арқылы сот органдарына жіберілген арыздар Single Sign-On технологиясы бойынша «Сот кабинетіне» түсетін болады. Мұнда арыздың электрондық нұсқасын толтыру, мемлекеттік бажды төлеу, басқа құжаттарды тіркеу жөніндегі функциялар іске асырылады.
Процесті оңтайландыру мақсатында бұрын бұл үшін қажет болған екі құжат - жеке бас куәлігі мен мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек енді жіберілмейтін болды. Осы құжаттарды «Сот кабинеті» «Электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардан енді өзі сұратып алдырады.
Бұл оңтайландыру процесі көрсетілетін қызметті алушылардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған және апостиль қойылған құжаттарды барынша қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.

З.Сермағамбетова,
Арал аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі
03 маусым 2019 ж. 727 0