Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заман талабына бейімделудеміз

Заман талабына бейімделудеміз

Тәуелсіздік тәлімі болашақ мамандарды жан-жақтылыққа үндейді. Бұл ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жігерімізді жаниды. «Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»,-деген ұстаным баршамызға асқақ міндет артады. Тұңғыш Президентіміздің гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аударуды өткірлеуі студенттер қауымына қанат бітіргендей болды.
Қазір қай жоғарғы оқу орнында болмасын білім беру үрдісі жаңаша сипат алуда. Мұның бір нышанын өзім оқитын Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты өмірінен де айқын аңғарамын. Ғалым ұстаздарымыздың дәрісі теорияны практикамен үнемі біте қайнастырады. Кең-байтақ республикамыздың аймақаралық дамуы, тарихы, әлеуметтік ахуалына да назар аударылады. Сыр бойы, Арал жайлы тілеулестікті сезінген сайын бойымды мақтаныш сезімі кернейді.
Осы арада туған жер қадірі, бабалар аманатын ардақтау әрбір сыртта жүрген түлектерге ортақ парыз екендігін аңғарта кеткім келеді. Менің атам Матығұл нағыз көненің көзі, ұлттық үрдістердің көмбесі еді. Қостанайға қатысты бір сілтемесі әлі есімде. Бір заманда Ағадырда арғы бабамыз Әлімге керемет ас беріліпті. Жол түсіп, талабым тураланған соң, бұл өңірдің тарихына да ықыласым өзгеше.
Жалпы, Қостанайда білім беру ісіне әу бастан басымдық берілген. 1923 жылы педагогикалық техникум, 1936 жылы облыс құрылуымен халық ағарту институты ашылған. 1939 жылы мұғалімдер институты алғашқы талапкерлерді қабылдады. 1944 жылы аталмыш оқу орнына Аманкелді Иманов есімі берілген. 1955 жылы педагогикалық инситутқа айналды. 1992 жылы мамандандыру ауқымы кеңейіп, университет дәрежесіне жетті. 2004 жылы іргелі оқу орны қайтадан педагогикалық мәртебесін алып, университеттен бөлініп шықты.
Мен осындай өзіндік өрлеу жолы бар оқу орны студенті екенімді мақтан тұтамын. «Серпін» бағдарламасының грантын адалдықпен ақтағым келеді. Екі курс бойы үздіктер қатарындамын. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Қол күрестен қалалық, облыстық біріншіліктерде екінші, үшінші орындарды иелендім.
Институт ректоры Әбіл Еркін Аманжолұлы студенттерге нағыз кәсіби маман болумен бірге ел патриоты деңгейін мұрат тұтуды үнемі ескертіп отырады. Жетістік жолында тоқмейілсуден сақтандырады. Біз де оның ғылыми белестерінен хабардармыз. 110 ғылыми еңбектің қатарында 23 оқулық пен оқу құралдарының, Қазақстанның жалпы тарихы, тарих ғылымының әдіснамасы және теориясы мәселелері жөніндегі 9 монографияның авторы екендігі ғалым мәртебесін айғақтайды. Әлі елуге толмаған ұстаздардың ұстазы қаламы мен қиялы тарихтың терең қатпарынан сыр ұштайтынына кәміл сенеміз, сүйсінеміз де.
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының әлеуметтік гуманитарлық факультетінде құқық және экономика негіздерінен білім жинақтаудамын. Қазірдің өзінде заманауи талаптарға икемделіп қалдым. Туристік, қонақ үй, қалалық және қалааралық, халықаралық бағыттағы көлік қызметінің алғышарттарына қанықтық. Телекоммуникация, қаржылық, тауар және дайындаушы қызметіне байланысты тұтынушы құқығының негіздемелерін оқып-үйрену үстіндеміз. Аралдың арманшылы ретінде өзіме артылған сенім үдесінен шығуға ұмтыламын.
Біз–тәуелсіздік түлегіміз. Елбасының көреген саясаты арқасында жас қауым жаңашылдыққа аса құштар болып қалыптасуда. Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, жаңғыру негізі–адами капиталда. Елбасының «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады»,-деген тұжырымы ғалымдар мен студенттерге бірдей артылған жауапкершілік жүгі деп ұғынамыз.
Дәуіржан Матығұлов,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенті. 
26 ақпан 2018 ж. 954 0