Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Түбіртек берілмегенін хабарлағандарға 1000 теңгеден сыйақы беріледі

Түбіртек берілмегенін хабарлағандарға 1000 теңгеден сыйақы беріледі

 Қазақстанда мемлекттік кірістер комитеті арам пиғылды кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған жобаны іске қосты. Оның жүзеге асырылуына қарапайым азаматтар көмектеседі. Әрине, тегін емес. Өзіне түбіртек берілмегенін хабарлаған азаматтарға мың теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұл туралы аталған комитеттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Азаматтық бақылау» акциясына түбіртек берілмеген азаматтардың барлығы қатыса алады. Олар мұндай деректі растау үшін, бірден камераны қосып, болып жатқан жағдайды видеоға түсіріп алуы тиіс. Артынша видеожазбаны арнайы ұялы қосымшаның көмегімен жіберуге болады. Мұнан кейін автор 1 000 теңге көлемінде сыйақы ала алады.
Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер аталған жобаның Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде іске қосылғанын айтты. Бір жарым ай ішінде акцияға 50-ден аса адам қатысқан. Ендігі бұл акция бүкіл мемлекет бойынша жүзеге асырылады.
«Өңірлік департаменттер келген материалды тексеріп, түбіртек бермеген кәсіпкерлерді әкімшілік жауапқа тартады. Мұндай деректер расталғаннан кейін, әр дерек бойынша мың теңге көлемінде сыйақы береміз», - дейді мемлекеттік кірістер комитетінің қашықтықтан бақылау басқарма басшысы Әнуар Сүлейменов.
https://kyzylorda-news.kz/news/kogam/30956-tbrtek-berlmegenn-habarlaandara-1000-tegeden-syyay-berled.html

07 қазан 2019 ж. 836 0