Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы

Мәдениет – адамзат әлемінің айнасы

Ауданның дамуын байқататын бағыттардың бірі – өңір мәдениетінің көрсеткіші. Тынымсыз еңбек пен талапты, ізденіс пен шығармашылықты талап ететін бұл саланың жұмысы қай кезде де халықтың берген бағасымен өлшенеді. Ұлттығымыз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен елдігімізді айшықтайтын мәдениет бағытындағы жұмыстарға қазірде айтарлықтай көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып отыр. Аудан әкімі М.Оразбаев та аудандағы мәдениет саласын ұнайы бас­ты назарда ұстап келеді. Оған ауданда 2018 жылы тілдерді дамытуға 2131 мың теңге қаржы бөлінсе, 2019 жылға 2237 мың теңге қаржы бөлінгені айқын дәлел.  Осы орайда аталған саланың аудандағы тыныс-тіршілігін Арал жұртшылығына таныс ету мақсатында «Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің биылғы тоғыз айда  істелген жұмыстарына тоқталып өтуді жөн санадық.«Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» бойынша ҚР Үкіметінің ҚР-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулысын іске асыру мақсатында биылғы жылға арналып іс-шара жоспары бекітілген еді. Жоспар бойынша атқарылуға тиісті жұмыстар жүйелі түрде жасалып жатыр.
Тіл – халықтың қазынасы
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, насихаттау бүгінгі таңда мемлекеттің басты назарында. Ана тілінің мәртебесін көтеріп, «Үш тұғырлы тіл» саясатының әлеуетін арттыру қоғамның басты талабына айналған күнде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жауапкершілігі де еселене түсетіні анық. Осы жауапкершілік жүгін жықпай жоғарыда аталған мәселеге тиянақтылықпен қарап, іс жүзінде нәтижеге қол жеткізуді мақсат санаған бөлімнің тарапынан шілде айына дейін 7 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ аудандағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеуден өткізілді.
Қазіргі таңда «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының» оқытушыларымен тығыз қарым-қатынас орнату нәтижесінде мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту, латын қарпіне байланыс­ты түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, емле-ережелер таныстырылды. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы, 2018 жылы үш тұғырлы тіл саясаты аясында тек мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көр­сетушілер ғана оқу курстарынан өтсе, 2019 жылы еріктілер де оқу курсына қатысты. Ғасыр­лар көшінің елге қалдырған ең ұлы аманаты – тілді қастерлеуге бағытталған атқарылған шаралар мұнымен ғана шектеліп қалмады. Ұлттығымызды айшықтайтын ана тілінің абыройын асқақтатып, мемлекеттің тілге қатысты саясатын ілгерілету жайындағы жұмысты жүйелі жүргізу бөлімнің қашан да бас­ты мақсаты.
Ұрпақ пен ұрпақты жалғайтын
институт
Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жос­парлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады. Қай қаланың тарихымен танысқың келсе, музейіне маңдай тіреу бүгінгі адамдардың бас­ты ұстанымына айналған.
Осы орайда ауданның өткені мен бүгінін ұштастырып, тарихы мен тіршілігін кеңінен насихаттау мақсатында және ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласының даму деңгейін дәріптейтін «Алтын бесік – Елордам, тұғыры биік – Нұр-Сұлтан», «Алты Алашқа тәж қала», өзге де тақырыпта музейге келушілер арасында танымдық лекция оқылып, фотокөрмелер ұйымдастырылды. Еліміздің бас қаласының тарихы, қазіргі келбеті, жетістіктері, даму бағыттары, ескерткіштері мен сәулет ғимараттары туралы мәлімет беретін фотосуреттерден құралды. Музей қызметкерлері рухани мәдениетті дамыту, ұлттық шығармашылықты насихаттау арқылы жастар тәрбиесін дамыту жолында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалық мақалаларына сүйене отырып, Қамыстыбас елді мекеніндегі балаларды сауықтыру және білім беру орталығындағы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданынан келген балалар музейлерді тегін аралады. «Өлке тарихы – ел тарихы» атты тақырыпта музей залдарына экскурсия жасалды. Экскурсия барысында музей қызметкерлері Арал өңірі туралы көптеген мәліметтер берді. Тіршілігі теңізбен байланысты, балық шаруа­шылығының шаңырағына айналған ауданда «Балықшылар музейі» бөлімшесінің қызмет­керлері де «Майдангер балықшылар» және теңіз ұлтанында қалған кемелер жайында «Кемелер тарихы» тақырыптарында лекциялар оқыды.
Мәдениет – ұлттың мәйегі
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мәдениет ошақтарының мемлекеттік саясатты халық арасында кеңінен насихаттау, ел Президентінің Қазақстан хал­қына Жолдауын жан-жақты таныстыру бағытындағы істеген жұмыстары толағай. Сонымен қатар жыраулықтың киелі топырағына айналған ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы  аясында «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» атты мәдениет орталығында өткен шарада және өзге де кездесу кештерінде Арал өңірінің жыраулық өнерін дәріптейтін, жастар арасында, халық алдында кеңінен насихаттайтын бастамалар көп өткізілуде.
Сонымен қатар атаулы күндер аясында ауқымды іс тындырып жүрген бөлім қызмет­керлерінің аудан мәдениетінің дамуына қосқан үлесі айрықша. Аудан көлеміндегі мәдение іс-шаралардан бөлек облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда бақ сынасып, жоғарғы көрсеткішке ие болып жүрген жерлестеріміздің осы саладағы қадамына оң баға беруге лайықты.
Сонымен қатар биылғы жастар жылы аясында да мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қосқан үлесі көп.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
19 қараша 2019 ж. 1 380 0