Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шабыт шанағындағы шындық

Шабыт шанағындағы шындық

ТАЛАНТ ТЕГІ
Иә, мәдениет майталманыМұрат Сыдықов туралы қарапайым тыңдарманнан бастап Парламент өкіліне дейін қалам тербеді. Әйткенмен сан қырлы өнер саңлағының дара тұлғасы жайлы жазбаларға соңғы нүкте сірә да қойылмас. Алпыс жастың асқарына сері қалпында сұңқарша самғаған Мұрат туралы біз де шынайы шығармашылық тағзымнан басқа үстеме үлес қоспаспыз. Бар ғұмыры халықтық өмірбаянға айналып кеткентұлпар таланттың тұяғынан от ұшқындар оқшау сәттеріне ғана сығалай көз тастамақпыз.
Әлбетте, тұлғалар тегіне тартады. Мұратты тербеткен талбесік ән мен жырдың үндестігін алға тартады. Әкесі Сыдық – жамбасы жерге тигенше серілік салтын сақтаған. Жігіт сұлтаны болғанға ұқсайды. Құралайды көзге атқан мергендігіне Қарашалаңның ну тоғайы куә. Дүниенің дүрсілін домбыра шанағына ұялатқан өнерпаздығы тұтастай әулетке жалғасқан. Ана жағынан да осал емес. Шешесі Болқын тұрмыс күйбеңін тапқыр, сүлей сүздермен ажарлаған. Әрі он саусағынан өнері саулаған айтулы қолөнер шебері болған. Мұраттың нағашы атасы Дұрысбергенкезінде іс басқарушы (писарь), жауырыны тимеен палуан әрі домбырашы, жан-жағына абыройлы кісі екен.
Әжесі Үміт көмейінен жыр жақұты төгілген ақын жүректі болған ана көрінеді. Қызғалдақтай көпқыздың жалғыз ұлға жалғаспауы оны қатты қапаландырады. Сырық басына ақ шаршы байлап, әулие-әмбие жағалайды. Қара түнде қасқырмен бетпе-бет келіп, жүзін тайдырғаны ана айбатының асқақтығын паш етеді.
Құдай-ау тілегімді қош көрмедің,
Салғандай садағыма оқ бермедің! – деп налыған.
Міне, шабыт шымылдығы осылай ашылады. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Сабырбай, Сабыралы есімді мұғалім ағалары қыза-қыза келе домбыраны башпаймен қағып тартқан нағыз дала виртуоздары болған. Бір таңқаларлығы, Сабырбай ағасы соғысқа аттанарда бесікте жатқан кішкене Мұратты шешіп алып: "Осы бала түбінде бір жерден шығады. Дұрыстап бағыңдар!" – деп аузына түкіріп, иіскеп, сүйіп кеткен екен.
Ол теңіз тарландары Мұхаш, Жұбан ағаларының домбырашылығын көріп, тыңдап өсті. Тыңдаушыларын таңнан таңға ұйытқан сүйікті кіші ағасы Қуат – "Қырылдауық жырау" атанған. Жездесі Үмбетәлі жырау Нұртуған шайыр бастаған кешегі Арал-Қазалы өңірінде шоқ жұлдыздай жарқырап өткен жыр жампоздарының соңғы асыл тұяғы еді.
Осындай тума бұлақтардан бастау алған Мұрат неге әуен әміріне бағынбасын?! Неге киелі өнер жолына түспесін?!

ӨНЕР ЖОЛЫНДА
Мектепті бітіргеннен кейін Мұраттың өнер ордасы – Арал аудандық мәдениет үйі болды. 1958 жылдан бастап осындағы ұлт-аспаптар оркестрі сапынан ойып орын алғанына міне, 42 жыл. Осы жылдар ішінде қаншама талантты тәрбиелеп ұшырды. Шығармашылық ортаның шынарына айналғаны Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін. Ол салғаннан дара жетістіктен гөрі ұжымдық нәтижені нысана етті. Әуелі 1965 жылы аудандық Мәдениет үйі жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі болып қызметке орналасты. Оркестрге мүшелерді тартып, нота сауатын үйретіп, олардың орындау шеберлігін арттырды.
Бұл оркестр 1967 жылы Алматыда өткен ұлт-аспаптар оркестрлерінің республикалық байқауында топ жарып лауреат атанды. ҚазССР Мәдениет министрлігі жанындағы арнайы комиссияның қаулысымен Қазанғап атындағы "Халық оркестрі" құрметті атағына ие болды. Мұрат та өзінің "Ана туралы" күйін орындап, лауреаттық дипломмен марапатталған.
Ол Мәдениет үйі жанындағы әуесқой театрдың актері болып 1972 жылы "Халық театры" атануына да еңбек сіңірді. 1970 жылдары Арал балық өндіріс кәсіпшілігінің өнерлі жастарынан "шағала" ән-би ансамдлін ұйымдастырып, жағалау жұртшылығының көзайымы атанды.
Білім саласына бүйрегі бұрған жылдары "Толқын" атты ән-би ансамблімен сахна шырайын алаулатты. Телевизиялық үрдісті кеңейтіп, тұңғыш "Алтыбақан" ойын-сауық отауын құрып, халықтық думанды қайта жаңғыртты.
Ал 1980 жылы өзінің отбасылық өнерлі мүшелерінен құрған Сыдықовтар ансамблі Мұраттың даңқын шығармашылық биіктің шыңына самғатқан еді. Фольклорлық үлгіде құрылған ансамбль лезде өнерсүйер жұртшылықтың асыға күтер өнер ұжымына айналды. 1985 жылы "Халықтық және Кеңестік музыкаларды жоғары дәрежеде насихаттағаны үшін" Композиторлар Одағының Құрмет дипломымен марапатталды.
Мұнан әрі 1987 жылы 30-дан астам отбасылық ансамбльдердің республикалық байқауында І орынды алып, Мәскеуде өтетін І Халықаралық фольклорлық өнер фестиваліне жолдама алған.
1988 жылы әлемнің төрт бұрышынан 100-ден астам түрлі жанрдағы өнер ұжымы қатысқан бұл айтулы тарихи фестиваль тамыз айының 10-18 күндері Мәскеу қаласында дүрілдеп өткен.
Осы фестивальде Сыдықовтар отбасылық ансамблі Арбатта, Горький паркінде, Коломенск музей қорығында, Жасыл алаңда, барлығы он рет жеке концерт берді. Атақты Колонналы залда қорытынды концертте Мұраттың "Сыр гүлі" әнін зал толы мәскеуліктердің сұрауымен екі қайтара орындап, сол Халықаралық фестивальдің лауреаты атағымен елге зор абыроймен оралған.
Ұзамай келесі жылы ҚазССР Мәдениет министрлігі жанындағы арнайы коллегияның қаулысымен елімізде тұңғыш рет Сыдықовтар отбасылық ансамбліне халықтық ансамбль құрметті атағы берілді.
Ансамбльдің тағылымды өнері бірнеше рет арнайы шақырумен орталық телевидениенің "Алтын қорына" жазылып, республика көрермендеріне паш етіліп, мақтанышымызға айналды.
Мұратосылайша 25 жылдай жаңашыл өнер ұжымдарының іскер ұйымдастырушысы ретінде танылды. Облыстық, республикалық өнер байқауларында өзге аймақтағы әріптестері Мұраттың шығармашылық ізденістерімен сескене санасатын болды. Мұның ар жағы көрерменнің алғаусыз пейілі, сарапшылардың лайықты бағалауына ұласып жатты.

БАҚ ЖҰЛДЫЗЫ
Ресми мәлімдеулерде Мұраттың атақ-абыройы тікелей өзіне еншілегенмен, оның өмірдегі серігі, өнердегі сейісі Базар Қостайқызының жүрек дүрсілін сезінбеу мүмкін емес. Дара дарынды тал шыбықтай бұралған кезінде ғашықтық дертімен қиналтқан Базар жалқыны жұпқа айналдырған соң, бақ жұлдызы боп жарқырады. Мұраттың ынытзар көңілін көк жүзіндегі үркердей болып қиянға самғатқан қылықты қыз оны өнердің талай асу шыңдарын алқындырмай алып шықты. Әлі күнге солай. Жямияды, жайнайды, шырқайды.
Талант атаулының сүйінші шығармасы әрқашан махаббат шарпуынан ұшқындаған. Сыңарын іздеген Мұрат студент шақта алғашқы әні "Өзіңсің жалғыз арманым" туындысымен әуен әлемінің терезесін қақты. Алпысыншы жылдар шенінде теңіз тарландарының көңілін көкке өрлеткен "Ватутин" атты мәдениет кемесі болды. Айдын төсінде жарасқан сымбатты жастар өздерін махаббат әлдиінде тербелгендей сезінетін. Солардың бірлігі – Мұрат пен Базар Қ.Шаңғытбаевтың "Беу, қыздар-ай!" пьесасын палубада сомдап жүрген жүзіктің көзінен өткен жігіттер, сәт сайын әнші қыздар жүрегін дір еткізетін.
Мұраттың әлі есінде. Бір-біріне толқын өрнегін қақпайлаған мәдениет қайығы мен балық қабылдайтын жүзбелі кеме, бір мезет тақауласып қалған екен. "РМБ" аталатын жүзбелі қойманың шағала бейне қыздарына сұқтана қараған Мұрат баянда ойнап тұрған мелодиясынан қаралай жаңылды. Еңбек ері Ұштап Өтеулиева бастаған сұрыптаушы қыздардың қимыл жарасымы, шырайлы жүзі жігіт жүрегін атша тулатты. Теңіз аруларының қолтығына қысқан су маржандары сұлу жыр, сұлу сазды аңсайтындай. Махаббат тартылысы біртіндеп нәзік әуен иіріміне бойлатты.
Палубада оқшау жағдай. Шәмшінің "Қайдасың?" әнін құйқылжыта шырқап тұрған Бибісара сүйемелсіз қалды. Баянын өңгерген Мұрат дел-сал күйде каютаға еніп барады. Сүйріктей саусақтары күміс қабыршағы күн сәулесімен көз сүйсіндірген, су маржанын тізбелеген балықшы бойжеткендер домбыра пернесі мен баян клавиштеріне белгі бергендей. Шағала сұңқылы, толқын өпкен қыздар кеудесін нұрға бөледі. Қас қағымда каюта ішінде Мұраттың бүкіл жағалау жұртшылығының жанын жадыратқан "Балықшы қыз" әні дүниеге келді.
Құрғаққа шығысымен, нотаға түсірілген әніне сөз саптады. Танымал әнші Сейітқали Сейітмұратов "Балықшы қызды" Аралдан бастап, облыс, республика сахналарында тыңдарманды теңіздің саф самалымен сергіте шырқады. Па, шіркін!
Көк теңіз күмбірлеп сырласқанда,
Маржандар шашады нұрлы аспанға.
Балықшы күлімдеп шаттанады,
Кеудесі толғандай жыр-дастанға.
Осыдан кейін қаншама қырындағанда ырық бермей жүрген жайдарман қыз Базар әуен құдіретіне біржолата арбалды. Ұзамай жұптары жазылмаған екеудің ғашықтарды елжіреткен сағыныш сезіміндей "Қайдасың сен?" атты аңсаған әні қанат қақты.
Мұңымды сен қарлығашым жай ұқпа,
Толқынданып тербеледі қайық та.
Көзден тамшы тамып жатыр теңізге,
Қайдасың сен, мұңайғаным айып па?
Мұраттың махаббат хикаясы осы ән бүкіл Сыр еліне мәшһүр болды. Жаратылысынан сезімтал, қос жүректің лүпіліне дәнекер қазақ эфирінің жұлдызы Жақсылық Бекхожаев "Қайдасың сенді" облыстық радиодан дүркін-дүркін шартарапқа шарлатты. Ақыры Базар Мұрат махаббатына бағынды. Құлай сүйіп қызғаныш атаулының жолын кесті.
"Қайдасың сеннен" кейін жарияға жар салған "Сыр гүліндей" бәйшешек ән жолдама алды.
"Сыр гүлінің" тарихы тұнып тұрған сағыныш. Осы кезеңде Ш.Қалдаяқовтың "Сыр сұлуы" әні исі қазаққа махаббат ләззатын сыйлаған. Мұрат Шәмшіден кейін Сыр құдіреті тақырыбына қалам тербеді. 1965 жылы қазақ өнерінің әлемдік мақтанышы Роза Бағланова Қызылорда облысын концерттік сапармен аралады. Елестетіп көріңіз, осыдан 35 жыл бұрынғы Розаның баршаны қалай таңырқатқанын, табынтқанын! Сұлулық пен шеберлік, назды еркелік жарасымын тауып, мәңгі жастық байрағын көтерген бұлбұл үнді Розаны тыңдаған Мұраттың есі шықты.
О, бұл ынтықтықтың жөні басқа! Мыңдарға шаттық сыйлайтын халық аяулысының жай тілекшісі болудың өзі ғанибет. Бұл жолы әсем әуен мен сырлы сөз тіл ұшына қатар үзіліп түсті.
Базар Мұраттың күйлері мен әндерінің қырық жылдан бергі алғашқы тыңдаушысы, әрі орындаушысы, һәм сыншысы. Мұрат қамшы салдыратын композитор ма, Базарды мойындатқан туынды ұзамай ел сүйіспеншілігіне ұласатын. "Сыр гүлі" әні Базардың және басқа әншілердің орындауында Арал-Сыр өңірін аралап, бүкіл елімізден асып тарады. Облыс орталығында ұзамай (әуелі "Сыр сұлуы" ансамблі) "Сыр гүлі" ән-би ансамблі құрылып, Одақ елдеріне танылды. 1974 жылы белгілі лауреат әнші Зарауха Әлімбетова Мәскеуде Бүкілодақтық радиодан шырқады.

СИМФОНИЯҒА БЕРГІСІЗ КҮЙ
Мұрат күй тілінде көсемсөз сомдауға үлкен дайындықпен келді. Құрманғазы мен Қазанғап арасын жалғайтын күй керуенін домбыра шанағынан өткізді. Жастайынан асқақ жыр-қиссаларға жүрегінен жай берген Мұраттың өнердегі өшпес қолтаңбасы – "Махамбеттің толғауы" атты наркескен күйі. Батырлардың ұлы дүбірі қатігездік бұлтын намыс найзағайымен осқылап, нөсерлеткені, шындықтың қия шатқалдың құзды бөлесінде дүр сілкінген қыран бейнесі менмұндалайды. "Махамбеттің толғауына" жеңіс байрағын желбіреткен жауынгерлік рух тән.
"Қазанғап" атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің шығармашылық шарықтауы Мұрат Сыдықовтың "Махамбеттің толғауын" куәлікке тартады. Оны және Мұраттан асып ешкім де бояуын жоғалтпай ойнай алмайды. Осы туындымен Мұрат консерватория төріне озды.
1990 жылы республикалық теледидардан композитор Мұрат Сыдықовтың "Арал шақырады" атты есепті концерті тамашаланды. Сирек сазгердің ұлық мәртебесін қазақтың игі жақсылары дөп таныды. Республикалық телерадио комитетінің төрағасы, сыншы-публицист Сағат Әшімбаев пен қазақ бағдарламасының бас редакторы, композитор Жолан Дәстенов, режиссері Жарқын Мұрат туындыларын алғаш тыңдағанда бір күрсініп, бір шаттанған. Сол әсермен облыс, аудан басшылығына Мұратқа қолдау көрсетуді өтініп, хат жолдайды. Аудандық партия хатшысы Балтабай Ақпенбетов Мұраттың республикалық дәрежедегі шығармашылық озықтығын паш етуге кең көлемде қолдау көрсетті. Шығармашылық есепті концерт Қазақстан өнер шеберлері Роза Бағланова, Нұрғали Нүсіпжанов, Мәдина Ералиева, Қазанғап халық оркестрі қатысуымен телевидениенің"Алтын қорына" қабылданды.Содапн былай Мұраттың ән, күй, жыр өрнегіне бүкіл Қазақстан қанықты. Бір ғажабы, "сыр гүлі"әні өз кейіпкері Розаны ширек ғасырдан соң тауып, осы кеште оның орындауында бүкіл ел тыңдады, сүйсіне қол соқты.
Алматыдан асқақ сезімде пойызға отырған Мұраттың денесі бір ысынып, бір суынды. Оны даңқ дүбірімен ілесе шығармашылық шөл қысты.
Таңғы таяу кеудесін қақ жарып, тоғыз пернені көңіл толқынымен жуған адуын да арда күй Мұраттың қарын талдырды. Оразасын ашқан бойда өзі ұстазына балайтын мәдениет серкесі Әбілхан Махановтың босағасынан аттады.
– Немен оралды, Мұрат?
Масаттанудан ада, жұрттан қызғанған жаңа күйінің тұсауын кестіруге келгендігін айтып ақталып жатыр.
Мұрат қос ішекте қиқулады. Ауыздығымен алысқан асауды бағындырған дала серісі елестеді. Сұлулық атаулының түп нұсқасы – табиғатқа тамсанған рәуіш сезім домбыра шанағына сәуле шашқандай. Шағын пәтерді күй күмбірі кернеп кетті.
Мұрат бұл туындысын кеше Алматыда өткен кешінің негізгі жүгін көтеріп, арқауы болған Қазанғап халық оркестрі ұжымының құрметіне "Қазанғаптың төкпесі" деп атағысы келген. Сол ұйғарымын аңғартты. Ауру меңдеген Әбілхан белін тіктеді.
– Тәйт әрі! Қазанғап күйге зәру емес. Оркестрдің қыз-жігіттері түсінер. Сен қазіргі заманның Қазанғабысың. Мұны "Мұраттың төкпесі" деп ата! Мұны күй өнерін бағалаушы, Қызылордада тұратын досы ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Айжарық Сәдібеков те дәл тұжырымдаған.
"Мұраттың төкпесі" деген атпен қазақ күйінің көкжиегін кеңейткен тамаша туынды тек Мұраттың ғана сиқырлы саусақтарын аңсайды. Нағыз шедевр!

ТЕҢІЗ МАРСЕЛЬЕЗАСЫ
Мұрат Сыдықовтың сүйікті шығармасы "Аралмен мұңдасу" толғауы. Бұл ғаламат әуен Арал трагедиясы жайлы талай телефильмдер мен хабардың өзегі болды.
Жайшылықта музыка аспабының қайсысында болмасын құлпырта ойнайтын Мұраттың алғашқы рет өзі шығарған әуенді жүрек сүзгісінен өткізіп, көмей аралатқаны тек осы жолы.
Армысың, Ақбас Арал, Асау Арал,
Көк күмбез күн сәулелі әсем Арал.
Қажысам қайрат берген, айбат берген,
Менсені туған анам десем болар! –
деп басталатын шерлі толғау шындығы кім-кімді де шамырқандырмай қоймайды.
Толғау тарихы тәуелсіздің табиғатымен таныстас. Бірде жалаңаштанып қалған теңіз табанындағы шырматылған торда бұлқынып тұншыққан су маржанын көргенде шарасыздар аһ ұрады.
"Аралмен мұңдасудың" алғашқы штрихтары ақ қағазға төгіледі. Шындық жәдігері іспеттес туындысын кешегі биліктің ызғарымен көпке шейін талқыға салып, бұйығы күй кешеді.
Үнсіздік үңгіріне тықпаланған үрметі бөлек асқақ ән қайта құру қарбаласынанкейін сахнаға саңылау тапты. Құдіретті әннің қасиетін Мұраттың жыраулық болмысы ғана қалпелсіз ұқтырды. Жерұйықты іздеген Желмая үстіндегі Асанқайғы баба тәрізді теңіз абызы Мұрат кейпінде санаға сіңгені қандай жарасымды?!
Елуінде теңізді музыка тілінде тарихи кейіпкерге айналдырған Мұрат алпысында өнертану, зерттеу, ізденіске ат басын бұрды.
Кешегі Арал-Қазалы өңірінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген арқалы жампоз жыраулар: Бітімбай, Бижан, Кәрібоз, Жаңаберген, Жаппарберді, Дәріқұл, Жалғасбай, Сары жырау (Жансүгір), Жәмет, Үмбетәлінің әлі белгісіз ән-мақамдарын, терме-толғауларын зерттеп жинақтауда.
Сазгерлігі бір төбе, күйшілігі құдірет, жыраулығы оқшау, ақындығы асқақ, сүлей сөзге ұста, сұңғыла сценарист, тамаша режиссер, актерлігі, табиғи бишілігі және бар Мұрат Сыдықовтай біртуар тұлға республика көлемінде некен-саяқ.
Бойдағы шығармашылық нәрін перзенттеріне себелеген әкелік өнегесі кісі қызығатындай. Сәбирасына би машығын сыйлаған. Жандосына қырық жыл бойынан нан табар аспабы баянды өңгертсе, Төлегеніне ақсүйрік домбырасын бебеулетуді еншілепті. Жанұясымен жыр жастанып, әуен оятқан жампоз жүйріктер ешқашан шау тартпайды.
Сыр сүлейлері даңқын қос ғасырдың жігінен дауылпаздай самғатқан Мұрат Сыдықов мәңгіге халық құшағында!
Жаңабай КЕМАЛ.
"Толқын" газеті, 30 қараша, 2000жыл.
06 шілде 2020 ж. 693 0