Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көмейден ән ұшырған әуелетіп

Көмейден ән ұшырған әуелетіп

Ол еске түссе Аралдың Ырғыз бетіндегі Сазды ауылы көз алдыма келеді, бірақ, ауылдың құм басқан қазіргі қалпы емес, құм арасындағы көк орай шалғынды, ауқымды көлі бар, сол аймаққа белгілі мекен оралады. Бұл ауыл Арал ауданына белгілі бұрынғы үлкен колхоз – «Саздының» орталығы болатын. Бала кезімізде колхоз МТМ ғимаратын, клуб, балабақша және тағы да басқа ғимараттарды көрдік, ал клубы еңселі, бильярд, стол теннисі орналасқан үлкен бөлмесі, үлкен көрермендер залы бар, тіпті ерекше болатын. Ауыл орналасқан жерден үш метрдей төменде ой басталып, содан үлкен көл болып жатқан скважинаға дейінгі аралық бұрынғы колхоздың егін еккен жері болатын, сол арықтардың ізі кешегі 1967-1968 жылдарға дейін келді.

Осы бір көк майсалы алқап батыс жағында шеңгелді тоғайға ұласып, үлкен қорымды айнала ондаған шақырымға созылып кететін. Кейін, 1957 жылы совхоз құрылған кезде Сазды ауылы №1 ферманың орталығы болып қалды. 1959 жылы әкем Әбдрасулле Аймырзаев сол ферманың веттехнигі қызметіне тағайындалып, 1960 жылы үйіміз сол ауылға көшіп барды. Алғашқы кезде кіре қоятын бос үй болмағандықтан екі-үш киіз үймен ауылдың оңтүстік бетіндегі құдық жанына қондық. Сол маңда колхоздан қалған екі комбайн тұратын. Біз көшіп барғаннан кейін үйге ауылдың ақсақалдары мен үлкен әжелер қоныс жайлы болсын айтып келе бастады. Алғашқылардың бірі болып келген Төртқара Әлібай ақсақал мен Домақ Әбіш ақсақал еді. Киіз үйдің іргесін түріп қойып әңгімелесе шәй ішкен ақсақалдар аздан соң ауыл тарихына ойысты.

Бір уақытта Әлібай ақсақал қасындағы серігінен ән салуын сұрады. Әбіш ақсақал дастарханнан сәл шегіне, арқасын керегеге тірей, оң қолымен ауызын желпи отырып бір ғажап ән салды. Осы сәт менің есімде қалып қойыпты. Кейін оның баласы Жанділдәні көрдім. Біздің үйде келген қонақтарға үнемі қызмет көрсететін, сөйтсем, оның жолдасы Лиман біздің жақын туыстарымыздың қызы екен. Сондай кештердің бірінде мен ол кісінің ерекше шабыт жағдайында тұрғанын байқаған едім, өңі алабұрта, құйылысы бөлек бір әнді әуелете шырқады, кейін Жәкеңнен осы әнді қолқалап бірнеше рет тыңдадым, ол – «Қанапия» деген ән болатын. Жалпы, 1960 жылдардың ортасы мен 1970 жылдар ортасына дейінгі аралықта Арал өңірінде домбырамен ән салуда Жанділдә Әбішевтей өнерпаз бола қойған жоқ шығар. Бала кезімнен Арал өңіріне белгілі әнші-термешілердің біразын тыңдаған екенмін, бүгін ойлап отырсам, дәл Жанділдәдай «Қанапияны» нақышына келтіре орындаған, Қияндай Р.Елебаевтың «Жас қазағын» шарықтата шырқаған, С.Сейтмұратовтай Абай әндерінің көркем бояуын аша алған өнерпаздарды кездестірмеген екенмін.

Тағы бір есте қалғаны 1967 жылы Жанділдәнің әншілер байқауының дипломанты болып оралғаны, бірақ оның облыстық, не республикалық дәрежеде екенін айта алмаймын. Әйтеуір біздің үйде отырғанда совхоз парторгі Әлихан Нұрмахановтың оны мақтай сөйлегені есімде қалыпты. Содан кейін бір айдан соң Саздының солтүстік бетіндегі 7-8 шақырымдай жердегі жазықта Октябрь революциясының 50 жылдығы қарсаңындағы аудандық шопандар тойы өтті. Міне, сол тойда Жәкеңнің дауысын түске дейін жағалай тігілген киіз үйлер қалашығының ана бетінен естісең, түстен кейін мына беттен көтерілген ән көкке қол созар еді.

Кеудеден ән әуелете ұшырған Жанділдә Әбішев 1937 жылы өмірге келген. Сегіз-тоғыз жасынан-ақ әншілігімен көзге түскен ол мектеп бітіре салысымен Арал совхозының №1 фермасындағы «Қызыл отау» меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Кеңес билігі жылдарында «Қызыл отау» мекемелеріне үлкен жауапкершілік жүктелгені белгілі, қой төлдету, шөп шабу, жүн қырқу және сол сияқты науқандарда «Қызыл отауға» 6-7 қанат киіз үй бөлініп, кітапханашы және «Қызыл отау» меңгерушісі сол науқанның басы-қасында болады, онда газет-журналдар да, түрлі көркем шығармалар да оқылып, қабырға газеттері, жауынгерлік листоктар шығарылатын. Бұл газеттер мен листоктарды шығарушы да Жанділдәнің өзі болатын. Демалыс кездерінде шахмат, дойбы, домино және тағы да басқа спорт ойындарын өткізу, кино қою, концерттерді ұйымдастыру, ел өміріндегі жаңалықтармен, саяси оқиғалармен таныстыру да соның міндетіне кірді. Тек 1970 жылдардан бастап совхоздарда спорт методисі штаты ашылып, ол спорт жұмыстарын ұйымдастырудан босап, таза мәдени-көпшілік шараларын ұйымдастырумен айналысты.

Домбырысын серік еткен ол үнемі іссапарда болатын, «бір өзі – бір концерт» деп атанған өнерпаз бірнеше рет аудандық, облыстық мәдениет, кәсіподақ ұйымдарының мақтау грамоталарымен, Одақ кәсіподақтарының Құрмет, ВДНХ-ның Мақтау грамотасымен марапатталып, әншілер байқауында бірнеше рет жүлде алды. Оған совхоз, аудан орталығынан қызметтер ұсынылды, бірақ Жәкең Саздысын қимады…

Мен елге қызметке оралғанда Жанділдә өмірден озған екен. Бұл 1983 жыл болатын. Сол жылы совхоз кәсіподақ ұйымының төрағасы ақын, актер Сағынай Ешекенов те өмірден өткен-ді, сонда бүкіл ел – о шеті мен бұл шеті 150 шақырымға жететін аймақ өнері жетімсіреп қалғандай болды.

Жанділдә Әбішев тек әнші ғана емес жақсы термеші де еді. Ол Жаңаберген, Ахметолла, Жаппарберді жырларын мақамды құбылта орындайтын. Оның үстіне Жәкеңнің ақындығы да әжептәуір еді. Оған дәлел ретінде есте қалған бір-екі жайтты айтуға болады. Жаңылмасам, 1962 жылы болу керек, бес жастағы кезім, Жанділдә ағамыз Сейтәлі Жүрімбетовтің келіншегі Қарлығаштың бетін ашты. Сонда Жәкеңнің өзімен әзілі бар бір кісіні жас келінге таныстыру ретінде айтқан мына шумағы есте қалыпты:

Бұл қайнағаң әзілден жай қала ма,

Жете алмайды қашанда той тарауға.

Арқасында апамның адам боп жүр,

Жездекемнің мастығы байқала ма?

Қой бағам деп жүргенде қызып алып,

Аттан ауып қалыпты айдалада.

Ел ду етіп күлді, анау екі қолын көтеріп, «айтпа-айтпа» деп қояды. Енді бір бет ашу 1960 жылдардың ортасында болды. Кейін қазақтың белгілі жазушысы болған Жақсылық Түменбаев ағамыз Несібелі Қартбайқызымен отау құрды. Сол баяғы біз көшіп келіп отыратын құдық маңына оншақты үй тігіліп, той өтті. Тағы да келіннің бетін Жанділдә ашты. Ол айтқан әр шумақтан кейін жұрт ду-ду етіп күлкіге қарқ болады. Сонда өзімен нағашы-жиендігі бар болуы керек, әлгі үйдің бір туысын Жәкең былай сипаттады:

Атқа мінсе қамшылаған,

Мұрнынан суы тамшылаған.

Бел ауырад – болмайды деп,

Құдығын да аршымаған.

Күн жаумай-ақ су-су болып,

Пышақ тимей қансыраған, – деп бір кісінің атын атап, сәлем салғызды. Ал 1970 жылы әкемнің інісі Әлімбай Жолшараевтың үйлену тойында бет ашқан кезде Жәкең ондай әзілдерге барған жоқ. Себебі, бұл оның қайынжұрты еді.

Геройлардың ордасындай

Сөзі құйған қорғасындай,

Бес биенің сабасындай,

Бүкіл елдің анасындай

Бибіқатша енеңе бір сәлем, – деп Бибіқатша Сманова апамызға сәлем салдырғаны есімде.

Ол өте қарапайым, кішіпейіл еді, кейбір өнер адамдарында болатын кеуде керу, астамсу дегендерден тіптен аулақ болды. Оның шабыттанар шағы болатын, батыс өңірінің әндерін, әсіресе Мұхит әндерін айта отырып, біраздан соң өңі өзгеретін. Қос жанары бір нүктеге қадалып, кеудесін сәл шалқақ ұстап, әнге басатын. Міне, сондай кезде ғана ол «Қанапияға» баратын.

«1974 жылы Арал аудандық мәдениет үйінің Қазағап атындағы оркестр ұжымы Москвадағы Бүкілодақтық халық жетістіктері көрмесінде өтетін «Халықтық» хор ұжымдары мен «халықтық» атағы бар оркестрлердің байқауына барды. Сол оркестр ұжымының концерттік бағдарламасына жырау-термеші Ж.Әбішев енгізіліп, Мәскеуде сахнаны жыр арнауымен ашты», – деп жазады ұзақ жылдар аудандық мәдениет үйін басқарған Байнияз Тілепов. Иә, 1974 жылы аудан өнерпаздары Мәскеуге аттанды. Онкүндік аясында бірнеше жерде концерт берген оркестрмен бірге Мәскеу аспанында аралдық әншілер С.Сейітмұратов, М.Алмағанбетов, Қ.Қуантаева, Ж.Әбішев салған ән қалықтаған еді. Сол сапарда Мәскеу онкүндігіне арнап жазған Ә.Махановтың «Москваға сәлем» атты толғау-жырымен Ж.Әбішев сахнаны ашқан болатын. Бұл сапарда Жәкеңнің сахнаны ашуы туралы кезінде мерзімді басылымдар жарыса жазды.

Кейін Жәкең туралы іздестірдім, көп нәрсе жойылып кетіпті, оның ішінде ол үнемі жанынан тастамайтын екі қалың дәптер де кеткен. Ол дәптерлерді кезінде общий тетрадь деп атайтын, сырты дермантин, 260-300 беттік болатын, солардың іші толған жыр мен ән мәтіндері еді. Иә, Жәкең жайлы сұрастырып жүргеніме де отыз жылдан асып кетіпті. Бірде ол туралы жездем, бүгінде бақилық болған Әуезхан Бұлдуовтан сұрағанымда ол былай деген: «Жәкең үлкен өнерпаз еді ғой, бұ өнер оған әкеден дарыған. Әкем үнемі айтып отыратын: «Бұл өңірде Әбіштен асқан әнші жоқ. Баяғыда түйемен кіре тартатынбыз, жас жігіт кезіміз, жаздың күні ыстық болатындықтан кеш түсе, түнімен жүреміз. Сонда түн ортасы ауа ұйқы келеді. Міне сондайда Әбішке қолқа саламыз. Ол ай туған кезде тіпті шабыттанып кететін, 2-3 сағат ән салған уақытта дауысы қарлыққанын көрмеппін, сыбызғыша сызылтады да отырады», – деген еді».

Міне, осыны естігенде менің есіме сонау бала кездегі ақсақалдың аузын оң қолымен желпи отырып ән салғаны түсті, ерекше дірілмен көмкерілген тылсымды ән құлаққа келгендей болды. Жәкең әке өнерін жалғастырды, қазір осы өнерді Жәкеңнің балалары, немерелері жалғастыруда деп есітемін.

Ол асыл жары Лиманмен бірге 5 перзент сүйіп, тәрбиелеп, өсірді. «Жәкең қатты ауырып жатты, мен оған ән үйренуге барамын. Ол бірде мені балам – десе, кейде бажам – дейтін. Ол апама көрсетпей қолыма ақша қыстырады, «білдірмей алып кел» деп. Сондағымыз қызыл шарап қой, соңғы күндері одан да қалды, бір барғанымда көзімен ымдап, домбыраны алып бер дегендей болды. Домбыраны кеудегі қойып біраз жатты, сәлден соң үзік-үзік әуендер шертті, оған қосыла ыңылдады, кірпік жасқа шыланды. Бұл оның соңғы рет домбыра ұстауы еді», – дейді ауылдасы Сәдуақас Байетов. Иә, ол оның соңғы шәкірті еді, ал сол үзік-үзік әуен, сол ыңыл оның соңғы салған әні болар, кім білген?!

Биыл оның өмірден озғанына қырық жыл болыпты, жазмышқа не дерсің, тек кейінгі буын, жас ұрпақ сол бір өнерпаз жанды, керемет әншіні, көмейден әуелете ән ұшырған талантты азаматты ұмытпаса екен дейміз.

Алдажар ӘБІЛОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі

syrboyi.kz
17 мамыр 2023 ж. 1 015 0