Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралым – айдын шалқарым

Аралым – айдын шалқарым

Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ.

Бекұзақ Тәңірбергенов

Арал халқы өз тарихын өзі жасады. Ұлағатты ұрпақтары сол тарихқа тіл бітіріп, өшпестей таңбалап, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Менің пайымдауымша, Аралдың тарихы Арал теңізімен тамырлас, яғни теңіз табанын мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Оның тарихы тым әріде, тамыры тым тереңде деп айта аламыз.

Бүгінде кең байтақ Қазақстанның Тұран ойпатынан ойып тұрып орын алған Аралдың экологиялық тепе-теңдікті сақтауда еліміз үшін ғана емес, әлем үшін де маңызы ерекше екені баршаға мәлім. Өз топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген, бүгінде бүкіл әлем танып, ерекше назар аударып та отыр.

Облыстық архивтің бір құжатында «Райым» бекінісі 1852 жылы құрылғаны көрсетілген. Украинаның көрнекті жазушысы, суретшісі Тарас Шевченко өз суретінде бекіністі бейнелеген.

Тарихи деректерге жүгінер болсақ, «Орынбор-Ташкент» теміржол стансасының Аралдағы құрылысы 1901-1905 жылдары салынған. Алғашқы зерттеушісі деп профессор Лев Бергті атап өтуге болады. Аудан 1929 жылы құрылған. Жер көлемі 55,1 мың шаршы шақырым. Батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарымен, солтүстігінде Қарағандының Ұлытау ауданымен, шығысында Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан республикасымен шектеледі. Ол кездері Арал, Қазалы уезі Ақтөбе облысына қараған. Бертін келе, яғни 1938 жылы Қызылорда облысына қарасты болды.

Арал – негізінен өндірісті аудан, 1900 жылдан «Аралтұз» комбинаты – еліміздің мақтанышы. Кеңес Одағы кезінде жолына 600-650 мың тоннаға дейін тұз өндіріліп, одақтың 50 қаласына өз өнімін жөнелтіп отырған.

Бұрын-соңды ата-бабасы айналысып көрмеген осынау кәсіпке тұңғыш араласқандардың бірі, яғни тұз қазу, тұз өндіру ісінің алғашқы қарлығашы Әбдікер Темірбаев есімді азамат екен. Ол қатардағы жұмысшыдан тұз көлінің бастығына дейін өскен. Осы жемісті еңбегі үшін есімі берілген. Ә.Темірбаев көшесі бүгінде Жақсықылыш кентінде тұр.

Тұз өндірісін алғашқы игергендер қатарында Имаш Ығылманов, Жұмағали Ашықов, Сағи Ашықов, Сағындық Басықараев, Жүсіп Шоқанов, Әбдіразақ Әбілдаев есімді азаматтар болған. Бертін келе мұнда Социалистік Еңбек Ері Ә.Сарымсақов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Ә.Шымырбаев, М.Ыбыраев, «Құрмет белгісі» орденді Т.Жұмағалиев, Р.Жәкенова, тағы басқалары ерен еңбектерімен елге танылды. Комбинатқа 20 жыл басшылық жасаған, қалыптасуына ересен еңбек сіңірген «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сейітжан Досжанов айрықша айтуға болады.

1989 жылдың мамыр айында тұз қазу, теміржол, тұз түсіру цехтары біріктіріліп, «Аралтұз» тұз қазу комбинаты шаңырақ көтерген. Бұл комбинаттың ең негізгі буыны – тұз өңдеу цехы. Мұны көпшілік тұз өңдеу фабрикасы деп атап кеткен. Жылына 900-950 мың тонна аралығында тұз өндіру жоспарланса, бұл көрсеткіш жылма-жыл артығымен орындалып келеді. Айтқандай, «Аралтұздың» ас тұзы елімізге ғана емес, ондаған шетелдерге де жөнелтіліп жатыр.

Тұз өндірушілердің құтты мекені – «Жақсықылыш» кенті. 1925 жылы «Тұз» деп аталатын артель құрылғанда осы жерге қыстақтың алғашқы қазығы қағылған. Тарихи қоныста 950 отбасы бар. «Жақсықылыш» қыстағы жыл өткен сайын өсіп, өркен жайып келеді.

1909 жылы ағайынды Лапшындер қазіргі кеме жөндеу зауытының орнында механикалық шеберхана ұйымдастырады. Мұны кеме жасау және жөндеу зауытының негізі қалануы десе де болады. Бұл тарихи оқиғаның аралдықтар үшін аса маңызы бар. Өйткені Ресейден ондаған орыс мұжықтары отбасымен көшіп келіп, жұмыс істеді, жарыса тұрғын үйлер салды. Бір ғана дерек, Кисин көпес салдырған екі қабатты тұрғын үй қаланың қақ ортасында әлі тұр.

Орыс көпестері Красильников, Макеев, Кисин, Марков, Бузин, Астахов және басқалары өндіріс орындарын ашып, теңіз арқылы Хиуа және Бұқар хандықтарымен сауда-саттық жасайды. Бұл үшін тонналап салмақ көтеретін кеме керек еді. Орыс көпестері мен ағайынды Лапшиндер бірігіп, 1911 жылы шеберхананы шағын кеме жөндейтін зауытқа айналдырады. Ал, 1925 жылы Арал кеме жөндеу шеберханасының орнына жаңадан механикаландырылған қуатты зауыт салынады. Әкімшілік қызмет пен жұмысшылар саны 1000 адамға жуықтайды.

Осы кезеңде қазақтар арасынан да маңдай жарқыраған талай білікті шеберлер өсіп шығады. Олардың алғашқыларының қатарында Панабек Бекниязов, Әбдіразақ Елеуов, Ақпанбетов, Сатаев есімді азаматтар болған. Бұлар 1936-1937 жылдары қуаттылығы 490 ат күші бар «Киров» теплоходын құрастыруға қатысады.

1947-1949 жылдары Арал кеме жөндеу зауыты Арал теңізінде жүзетін кемелерді іске қоса бастайды. «А.Макаров», «Киров», «Коммуна», «Зебра», «Куппер Бессемер», «Землесос» кемелері мен баржалар теңіз төскейіне түскен көрінеді. 1961 жылы зауытқа алғаш рет өз қандасымыз, жерлесіміз Сәтбай Жұмағалиұлы Сүлейменов басшылыққа келеді.

Кеме жөндеу зауыты 1970-жылдардың ортасынан бастап өсіп-өркендеу жолына шындап түседі. Кеңестер Одағының 40 теңіз портымен экономикалық байланыс орнатылады. Өкініштісі сол, сонау 1980 жылдары Үлкен теңіз бен Кіші теңіз екіге бөлініп, су жағадан 100-120 шақырымға қайтқаннан кейін теңізде кеме жүзу мүлдем тоқтатылады. Енді зауытта жаңа өмір басталады. Нақтылай айтар болсақ, 1992 жылы Арал вагон жөндеу зауытына айналады. Зауыттың тоқтап қалған цехтары, құрал-жабдықтары біртіндеп жөндеуден өткізіліп, жұмысқа қосылады.

«САРАТС» жобасына сай «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші Арал суға толғаннан кейін теңізде балықтың түр-түрі молайып, балық шаруашылығы қайта жанданады. Теңізден балық аулау үшін қуатты қайық, катерлер керек болады. Осы мақсатта 2003 жылы жұмысын бастаған «Арал-Пластикқайық» коммуналдық кәсіпорны 2006 жылы үш түрлі шыны пластик қайық және балықшыларға қажетті жеңіл ау, серуен қайықтарын шығаруды қолға алады. Ресейден 6 түрлі қайық үлгісі әкелініп, алғашқылары теңіз төсіне шыға бастайды. Соның нәтижесінде 2006 жылы 46 дана қайық шығарылып сатылады.

2007 жылы аралдық танымал кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов басқаратын «Атамекен Холдинг» компаниясы келіп, біз әңгімелеп отырған кеме жөндеу базасы негізінде осы заманғы үлгідегі шетелдік құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін вагон жөндеу зауытын ашады. Оған Ресейдің Саратов облысының Энгельс атындағы вагон жөндеу зауытының мамандары тартылып, құны 110 миллион доллар тұратын зауыт құрылысы 2011 жылы іске қосылады. Бүгінде алғашқы платформа вагондары сынақтан өтуде.

***

Аралдықтардың ата кәсібі – балық шаруашылығының негізі ертеден-ақ қаланған. 1900 жылдардың басында волгалық кеме иемденушілер Лапшин, Бузын, Сиротин, тағы басқалар Арал теңізі мен Әмударияда «Хиуа» акционерлік қоғамын құрады. Бұлар балық аулап, өңдеп, сатқан. Содан орасан табыс тапқан. Сол жылдары Сырдария бойындағы «Қазалы», «Райым», «Аманөткел», «Бөген», «Қарашалаң» елді мекендерінде тұратын халық ау, жылым, шанышқы, қармақ жасап, балық аулап күнелткен.

1901-1904 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуы балық шаруашылығының дамуына кең мүмкіндік ашады. Аралға Волга бойынан, Астрахань өңірінен балық аулау мен өңдеуді білетін балықшылар көптеп келіп, қоныстана бастайды. Көшіп келушілердің көпшілігі «Аманөткел» мен «Бөген» елді мекендеріне тұрақтайды. 1901-1904 жылдары Аманөткелге бірден оралдық 40 отбасы көшіп келген деген дерек бар.

Арал өңірінде балық өсіру және аулау барлық уақытта Үкімет назарындаболған. Осы кезеңде Аралда балықтың 21 түрі ауланған. Нақтылай айтар болсақ, бекіре, қаяз, сазан, тыран, торта, тісті, ақбалық, айнакөз, шортан, жайын, тісті, тағы басқа балықтар өте мол еді. Балықшылар балықты «Қамбаш», «Ақшатау», «Қаракөл», «Райым», «Жалаңаш», «Шөмішкөл», «Қотанкөл», «Тұщыкөл», «Қарашалаң», «Қаратерең», т.б. көлдерінен аулаған.

Республиканың Балық өнеркәсібі министрлігі жоғары білімді мамандар даярлауды да естен шығармаған. Мысалы, 1950-1960 жылдары Мәскеу, Калининград, Астрахань балық институтынан Б.Жиенбаев, Б.Қараманов, Н.Сариев, А.Сабантаев, Қ.Жұбанов, тағы басқа ондаған азаматтар білім алып, өнеркәсіпті өрге сүйреуге бар күш-жігерлерін жұмсаған.

1950-1965 жылдары Аралдың балық аулау флотында және балық өңдейтін жүйесінде ірі-ірі техникалар іске қосылады. «Қамбаш» балық қабылдау зауытында 150-200 тонналық мұздатқыштар салынады. Арал бассейнінде су үстімен кемемен жүріп көшпелі балық аулаған балықшы-капитан Төлеген Әлімбетов еді. Ол «Ленинград» балық кемесімен ашық теңіз бетіне шығып, «Қасқақұлан», «Көзжетпес», «Ұялы» сияқты аймақтардан жылына 1700-1800 центнер балық аулауды қамтамасыз еткен.

Төлеген Әлімбетовке Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Сондай-ақ балықшы Ұштап Өтеулиеваға да 1960 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілсе, теңіз тарланы Нарғали Демеуов екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болады. Аралдық жерлесіміз Құдайберген Саржанов Балық шаруашылығы министрі қызметінде жүріп, шаруашылықты қайта қалпына келтіруге орасан зор еңбек сіңірген. Бұл ағамыз бүгінде де осы шаруашылықтың басы-қасында.

1996 жылдан бастап «Аралдан Копенгагенге дейін» атты халықаралық Дания-Қазақстан жобасы өмірге келеді. Дат балықшысы Курт Кристенсен бастаған жанашырлар аралдықтарға ау-құрал, тоңазытқыштар әкеліп, теңіз камбаласын аулаудың қыр-сырына машықтандырады. Осының нәтижесінде бригадалар қайта кооперативтерге бірігіп, атакәсібіне оралады.

Иә, Аралдың келешегі – Кіші теңіз. Осыған орай Бүкілдүниежүзілік банк пен республика Үкіметінің қаржыландыруымен «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» халықаралық жобасының жұмыстары басталды. Ғасыр жобасында жаңа ғылыми-техникалық негізде ұзындығы 14 шақырым «Көкарал» бөгеті салынды. Жоба бойынша балық шаруашылығын дамытып, байырғы кәсіпшілікті өркендетуге бағыт алынып отыр. Бүгінде мыңдаған аралдықтар атакәсіптеріне қайта оралып, заманында үдере көшкен олар туған топырақтарына қайта оралуда.

Арал ауданы аумағында балық аулау және өңдеу орындары жарыса бой көтеріп, өздері дайындаған өнімдерін республика аймағына ғана емес, ондаған шетелдерге жіберуде.

***

Арал ауданының Қарақұм беткейі төрт түлік мал өсіруге өте қолайлы. Шаруалар жазда Қарақұмдағы шұрайлы, суы мол, құдығы бар жерлерге қоныстанып, көшіп-қонып отырған. Олардың бірсыпырасының қыстауы Сырдария бойында орналасса, қалғандары Қарақұм қойнауына қоныстанған.

Арал аймағында төрт түлік мал түгелдей бар. Мұндай мал басының көп болуының басты себебі – бұл өңірде табиғи шөптің мол, екіншіден аралдықтар мал басын өсіруге аса ынталы.

Заманында малдың көпшілігі жеке адамдардың қолында болған. Олар – 10 мыңнан астам қой-ешкі, 2-2,5 мыңнан астам жылқы, түйе, тағы да басқа мал ұстаған.

Ауданда 1940-1945 жылдары 26 үлкенді-кішілі колхоз бар екен. Олар – Аманөткел, Қотанкөл, 8 март, Жаңақұрылыс, Беларық, Қазақстан 30 жылдығы, Жарықкөл, Кагонович, Көктем, Калинин, Алға, Куйбышев, Жаңаталап, Жігер, Қызыл керуен, Чкалов, Көгерту, Октябрь. 1950 жылға дейін әрбір колхозда 50-60 отбасы өмір кешкен. 1955 жылы 30 мыңдықтар атты қозғалыс басталады. Мәскеуден, Самарадан білікті кадрлар келе бастайды.

Ауданның мал шаруашылығы соғыстан кейінгі жылдарда зор табыстарға қол жеткізеді. Колхоздар біріктіріліп, іргелі шаруашылықтар бой көтерді. Олардың материалдық-техникалық базасы бұрын-соңды болмаған дәреежеге жетті. Барлық жерде шеберханалар ұйымдастырылып, олар әртүрлі механизмдермен және білікті мамандармен қамтамасыз етілді. Асыл тұқымды мал алынып, малды шағылыстыру ғылыми негізде іске асырылды. Ет, жүн, тері, сүт жоспарлы түрде сатылып, шаруашылықтарға миллиондаған табыс әкелді. Осылардың нәтижесінде 1960-2000 жылдары аудан бойынша орта есеппен әр 100 аналықтан 105-110 қозы, 50-60 бұзау, 70-80 құлын, 40-50 ботадан төл алынады. Бұл облыс көрсеткішінен әлдеқайда жоғары болатын. Осындай толағай табыстары үшін аудан бірнеше дүркін Одақтың, республиканың Қызыл Туларын жеңіп алады.

Мал шаруашылығының майталмандары; Социалистік Еңбек Ерлері Б.Ермағанбетов, Ж.Кенжебаев, Қ.Көшербаев, Ә.Лепесов, Т.Тәжіқұловтар болса, Ж.Пірімбетов КСРО Жоғарғы Кеңесінің ал сауыншы А.Оразалиева Қазақ КССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған. «Жіңішкеқұм» совхозының шопаны Қ.Бердімағанбетов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.

Өнегелі ісі, халыққа жасаған қызметі арқылы көпшілікке танылған текті тұлғалардың есімдерін де атап кетпесе болмас. Солардың бірі де бірегейі Тәлекен Сырымов республиканың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, ондаған ордень-медальдармен марапатталды. Байжан Бижановтың бүкіл өмірі уданның мал шаруашылығымен байланысты. Соғыс жылдарында облыстың мал асылдандыру мекемесін басқарса, мұнан соң Абай колхозы мен «Қарақұм» совхозын басқарған. Сол сияқты мал шаруашылығына келелі үлес қосқан азаматтың бірі Қоңырбай Рыстығұлов болды. Ол республикаға еңбегі сіңген зоотехник атанды.

Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алған соң қоғамдық құрылыс жаңарды. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығындағы жекешелендіру саясаты ауылдарды да тоқырауға ұшыратты. Десе де, қазіргі таңда нарық қатынасына сәйкес ауыл шаруашылығында жаңа құрылыстар құрыла бастады. Кеңшарлардың орнында өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтары пайда болды. Жылқы мен түйе өсіруде атағы елге танымал «Құланды» жылқы зауыты нарық қыспағына төтеп беріп, өз өнімдерін, яғни, шұбат, қазы-қарта, ет-сүт өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне жіберуде. Сондай-ақ, өзге де мал шаруашылығы мамандары бүгінде төрт түлік мал өсірумен шұғылданып, өнімдерін ел-халықтың несібесіне ұсынуда.

***

Арал ауданының қайсыбір әлеуметтік саласы болмасын жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келеді. Білім, денсаулық, мәдениет салалары да өркен жая түсуде. Кәсіпкерлер қатары да жыл сайын көбейіп, өз нәпақаларын тауып жүр. Ауданның сан алуан салаларда қол жеткізген табысын баян ету уақыт еншісінде. Ал, қазіргі айтпағым Арал аймағы би, батыр, ақын-жыраулардан кенде емес. Бүгінгі және келер ұрпақтарға ұлағат болсын деген ниетпен осы бір текті тұлғалар есімін атауды жөн көрдім.

Халқының тәуелсіздігін аңсап өткен елдің ерен ерлерін, халық батырларын, әділдікті ту еткен би-шешендердің, елінің жоғын жоқтаған ақын-жырауларымызды ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз.

Арал қаласында бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің тарихи маңызын қастерлеу үшін «Тәуелсіздік» алаңында биіктігі 21 метрлік ескерткіш бой көтеріп, 6 мың шаршы метр тас төсеніш жасалып, 20 мың шаршы метр жер гүлзармен көмкерілді. Өзбекстандағы Нұр Ата ауданындағы Әйтеке бидің, Қазалы ауданындағы Қызылдың құмындағы Сартай батырдың және Мырзастағы Нұртуған ақынның жерленген бейіттерінен қасиетті топырақтарын арнайы құтыға салып әкеліп, ескерткіш тұғырына ұрпақтары орналастырды. Алаңды айнала кеңес құрып отырған кейіпте құйылған Әйтеке би, Сартай батыр, Нұртуған ақын мүсіндері шынайылығымен ерекшеленеді. Осы бір текті үш тұлғаны ұрпақтарға ұлағат ету мақсатында «Тәуелсіздікті ту еткен тұлғалар» кітабы шығарылған.

Өткен жылы Қотанкөл төскейіне Толыбай батырға, әкесі Мыңбай биге еңселі ескерткіш-кесене орнатылды. Сонымен қатар Толыбай батырдың қылышы (Алматы), қанжары (Ақтөбе), күміс құрсаулы деңмент белбеуі (Қазалы), бүгінгі ұрпақтың көзайымына айналды. «Толыбай батыр» зерттеу кітабы жарық көрді. Аудан аумағында Жетес би мен Бекмырза ханның ескерткіштері де бой көтеріп, олардың өмірдеректері жайлы жазбалар да жарыса шығарылып жатыр. Спорт кешенінді Жалаңтөс баһадүр, Тәуелсіздік алаңындағы Хан ордасы сияқты айтулы ескерткіштер ел есінде мәңгілікке қалады.

Иә, Тәуелсіздік туын көтеруге бар ғұмырын бағыштаған батыр-билер мен ақын-жырауларымыздың өнегелі өмір жолымен жүрген мәдениет пен әдебиетіміздің аралдық тарландары да баршылық. Олар – әлем таныған халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, фантаст-жазушы Абдулхамит Мархабаев, ақындар Жарасқан Әбдірашов, Шөмішбай Сариев, Мешітбай Құттықов, жазушы Сайлаубай Жұбатыров, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев, республикаға еңбегі сіңген қайраткер Мұрат Сыдықов.

Оқырман қауым, жоғарыда айтқандай, айдынды да айбынды Арал аймағының жыл өткен сайын жасарып, айшықтануын түгендеуді уақыт көтермейді. Алдағы уақытта Аралдың мұнан да жарқын болашағын Тәуелсіз елдің перзенттері – ұрпақтарымызбен бірге көруге жазсын.

Әлем таныған Аралдың келешегі кемел. Аралдың абыройын асқақтата берейік, ағайын!

Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
Арал ауданының құрметті азаматы
24 тамыз 2023 ж. 1 601 0