Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елордада Қызылорда облысының өнер күндері өтті

Елордада Қызылорда облысының өнер күндері өтті

Астанадағы "Бейбітшілік және келісім сарайында" Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері «Сұлу Сырдан - Ару Астанаға» атты гала- концертпен қорытындыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ  Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордалықтар ең алдымен сарай фойесіндегі «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрмемен танысты. Көрмеге аймақтың жетістіктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған. Әсіресе, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, жаңғыртудан өткен "Шірік-Рабат сақ жауынгері"," Сығанақ ханшайымы" мүсіндерін, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген "Алтын домбыраны" және өзге де жәдігерлерді тамашалаушылар легі көпке дейін толастамады.

Сыр өнерінің салтанатын көруге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Гала-концертте Сыр бойынан шыққан танымал эстрада әншілері Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақова, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құралай Мейрамбек ән шырқады. Сондай-ақ, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, биыл ғана құрылған симфония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, Сыр өңіріндегі жыраулық мектептер өкілдері, тағы да басқа таланттар өнер көрсетті.

Концерт Қызылорданың гимніне айналған Е.Әбдіхалықованың «Сыр елім» әнімен ашылды.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданының тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Батыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі өңірде тарихи төрт астананың болғандығын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді.

Сурет: baq.kz
11 желтоқсан 2023 ж. 2 617 0