Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірін өнер мен мәдениетке арнаған

Өмірін өнер мен мәдениетке арнаған

Ғалымдардың пайымдауынша, жер бетінде адам баласы жаратылғаннан бері 97 млрд адам өмір сүріпті. Соның бүгінде 8 миллиарды жер үстінде дейді. Солардың ішінде есімдері мыңжылдықтан асқандары да, ғасырларды тастағандары да, керісінше мүлдем ғайып болғандары қаншама?! Жалпы адам есімінің ұзақ сақталуы оның шығармашылығына немесе қоғамға сіңірген айрықша еңбегіне және артында қалған ұрпақтарына байланысты болады-ау деймін. Сондай жандардың бірі – еткен еңбегімен жұртшылықтың есінде қалған, жалпы мәдениет саласында 50 жылдай еңбек етіп, оның 26 жылын аудандық мәдениет бөлімін үздіксіз басқарған Құдайберген Жасекенов ағамыз еді.
Мен де мәдениет саласында 40 жылдай еңбек етіп, оның 23 жылын аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторы ретінде тура Құдекеңнің жанында өткіздім. Осы жылдарда облыстық мәдениет басқармасы мен аудандық мәдениет бөлімінің көптеген басшыларымен қызметтес болдым. Сонда байқағаным – облыстың, ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан үш адамның болғандығы. Біріншісі – Жарылқасын Үмбетов, 1971-1987 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарды. Үмбетов басқарған жылдары облыстың мәдениеті мен өнері жақсы өркендеді. "Сыр сұлуы" ансамблі, тіпті көптеген шет елдерге мәлім болды. 1982 жылы бұған дейін ұмыт болған республикада тұңғыш рет ақындар айтысы облыста қайта өмірге келді. Барлық аудандарда музейлер ашылды. Екіншісі – Кеңес Асанбаев еді. Ол ұзақ жылдар Қазалы аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Кеңестің кезінде Қазалы ауданының өнері қарыштап алға басты. Орақ Баубеков дирижерлық жасаған Қазалы ауданының халық оркестрі, Жәдігер Тұрсынов режиссерлық жасаған халық театры үлкен жетістіктерге жетті. Үшіншісі – біздің Құдайберген Жасекенов. Құдекең аудандық партия комитетінен 1960 жылдың қыркүйегінде аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне бекітіліп, жаңа қызметке келе сала ең алдымен көркемөнерпаздардың әсіресе домбыра оркестрі мен драма үйірмесінің жұмыстарына ерекше көңіл бөліпті. Ізбасар Ильясов, Нұрғали Қайдауылов, Төлеу Қосанов, Күнімжан Қазыбаева, Сәнімкүл Сүйінтаева, Әбілхан Маханов, Нұраш Оспанов, Тілес Боқаев, Арзымбек Мәдединов, Өтеген Спанов, Алданыш Нұрымов сияқты өнерлі адамдардың басын қосып домбыра оркестрін ұйымдастырып, Мырзабай Отарбаев, Әбілхан Махановтар режиссерлық жасап, драма үйірмесінің жұмысын жолға қояды. Осының нәтижесінде 1967 жылы домбыра оркестрі Алматыда өткен көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық ІІ фестиваліне қатысып, екінші орын иеленіп, халықтық атақ алды. Ал театр ұжымы "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Еңлік-Кебек", "Қаракөз", "Жалбыр", "Біржан-Сара", "Беу, қыздар-ай", "Той боларда", "Бөлтірік бөрік астында" спектакльдерін сахнаға шығарып, 1972 жылы халықтық атаққа ие болды. Кейін осылардан үлгі ала отырып Аманөткел, Қызылжар мәдениет үйлерінің драма үйірмелері М.Сыдықов жанұялық ансамблі, аудандық мәдениет үйінің "Көңіл ашар" мәдени-үгіт бригадасы халықтық атақтар алуға қол жеткізді.
Жыл құрғамай аудан орталығында көркемөнерпаздардың байқауы өткізіліп, мұның өзі өз кезегінде ел ішіндегі өнерлі жастардың шығуына және олардың одан әрі шыңдалуына, сондай-ақ, Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің, халықтық атағы бар ұжымдардың жұмысын одан әрі жетілдіруде зор ықпал етті. Өнер саласы талантты жастармен толықтырылып отырылды. Қазанғап оркестрі республикаға белгілі оркестрлердің бірі болды. Құрамы 50 адамдық осы оркестр өнер жолында республика, облыс, аудандарды былай қойғанда, Мәскеу, Нөкіске дейін барып өнер көрсетті.
Оркестрдің, театрдың құрамында жүріп Мұрат Сыдықов, Эльмира Жаңабергенова, Қарасай Сайжанов, Набат Айдәулетова, Қойсын Қуантаева, Құдайберген Сұлтанбаев, Өмірқұл Айниязов, Гүлнұр Оразымбетова, Рысбек Әшімов, Аққатша Құрманова, Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Темірхан Ерғалиев, Шолпан Бейімбетова, Демеу Жолымбетов, Сейітқали Сейтмұратов, Төлебай Сапаров, Нұрболат Сейітмұратов, Гүлнәр Суханберлиева, Серікқали Жұбаниязов сияқты хас талант өнерпаз жастар өнерлерімен дараланып, есімдері республикаға, облысқа танымал болды.Құдекең өнерлі жастарға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп отыратын. Композитор Мұрат Сыдықов оркестрге көркемдік жетекшілік жасай жүріп, шығармашылықпен де айналысты. Жалпы Сыдықовтар отбасы өнерлі жандар еді. Осыны білген Құдекең оларға жанұялық ансамбль құру жөнінде кеңес берді. Нәтижесінде олар халықтық атақ алды. Мұндай кеңесті Рысбек, Сұраған, Серікқали және басқаларға да беріп, олар белгілі жырау, термешілер болып шықты.
Құдекең күнделікті өмірде өте көңілді, аузынан әзіл-қалжыңы үзілмейтін, үлкен-кішімен де тең сөйлесетін адам еді. Қызмет бабында басшымын деп ешкімге қысым көрсетпейтін. Қанша жыл бірге жанында жүргенімде ол кісінің біреуге қатты сөз айтып ренжіткенін көрген емеспін. Сондықтан да қарамағындағыларға да сол қасиетімен сыйлы болды, олар да алдынан кесе өтпейтін.
Құдекең әсіресе мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса назар аударды. Аудандық тұрмыс комбинатының ағаш өңдеу цехының бастығы Қожаберген Нұрмановқа өтініш айтып, клуб кітапханаларға керекті үстелдар, стеллаждар жасатып алды. Алматыдағы «КазТО» деген мекемеден музыкалық құрал-саймандар алдырып, ұлттық киімдер тіктірді. Аудан және мекеме басшыларының алдында Құдекеңнің беделі аса зор еді, кез келген басшымен тіл табыса кететін.
1969 жылы тұрмыс комбинатының бастығы Қасым Құлмановты келісе отырып аудандық балалар кітапханасын, Қ.Саржанов арқылы Аманөткелдегі кітапхананы салдырып, қалалық №3 кітапхана үшін үй сұрап алды. №4 және қалалық балалар кітапханасын мәдениет бөлімінің өз бюджетінен салдырса, Райым колхозының председателі Дауқара Аймағанбетовке өтініш айта жүріп, типтік дәрежедегі Қызылжар мәдениет үйін, Құланды жылқы зауыты директоры Жақсылық Жетесов келісімге келіп Төбебұлақ, Ақбасты клубтарын, Октябрь ауылсоветінің председателі Рсалы Тұрымбетов ағамыз арқылы Шижаға ауылдық кітапханасы мен Сазды қызыл отау үйлерін, Сексеуіл парткомы арқылы Сексеуілдегі қалалық кітапхана үйлерін салдырды. Құдекең мұндай жұмыстарда батыл қадамдарға да баратын.
1974 жылы аудандық кітапхана үйсіз қалып, жаңадан ғимарат салу қажеттігі туындады. Ол кезде аудан мәдениет мекемелерін күрделі және жәй жөндеу жұмыстары үшін 50 мың сом қаралатын. Осы қаражатты мекемелерге жібермей, кітапхана үйін салуға жұмсады. Жөндеуге бөлінген ақшаға жаңа ғимарат салу ол кезде заңсыз болатын. Осы үшін Құдекең екеуміз прокуратураның тергеуіне де түстік. Осы үйдің чертежін сызғаным үшін "жаңа құрылыстың чертежін сызатындай сен проектной институт па едің" деп мені де сұраққа алды. Бұл мәселеге сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Есетовтың: «Ақша желінген жоқ, жұмсалса халықтың игілігі үшін жұмсалды, әурелеуді доғарыңдар» деген сөзінен кейін тергеу жұмысы тоқтатылды.
Құдекеңнің әсіресе, аудандық тарихи-өлкетану музейін ұйымдастырудағы еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Құдекең табанда сөз тауып кететін әдеті бар еді. Бірде райкомның бір жігіті:
– Құдеке, сендерде жұмыс істеу рахат қой, күнде ойын-күлкі, той-думан, – дегенде Құдекең былай айнала беріп:
– Атаңның басы, бір күн біздің орнымызға келіп жұмыс істеп көрсейші, сосын ойын-күлкі, той-думан ба білер едің, – деп күлдірген.
Шындығында, мәдениет пен өнердің қызығы да, қиындығы да қатар жүретін жұмыс қой. Қызығы – жер қазбайсың, балшық илемейсің, күліп жүріп жұмыс істейсің. Қиыны – концерттерге, түрлі іс-шараларға қатысатындар мәдениет бөлімінің штатындағы адамдар емес. Олар халықтың арасынан, әр мекемеден келетін өнерпаздар. Біреуіне жағдай айтасың, енді біреуіне жолдастығыңды, ағайыншылығыңды саласың, одан болмай бара жатса партия, атқару комитеттері арқылы басшыларына өтініш айтасың. Әлі есімде, жыршы Эльмира Жаңабергенованың 6-7 класс оқитын кезі-ау деймін, концерттегі кезегіне кешігіп, келетін емес. Үйіне үш бардым. Сонда анасы Қантай апамыздың:
– Әй, қызым-ау, ағаңды қайта-қайта келтірдің ғой, болсайшы енді, – деп сөйлегені бар.
Құдекең "Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген қызметкер" атағын алды. "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды. Кезінде еңбегінің лайықты бағаланғанына қуандық та. Бірақ бізді әлі күнге дейін есімізге қалғаны, оның күнделікті кездескенде әзіл-қалжыңын айтып, күліп тұрған бейнесі.
Осындай асыл ағамыздың туғанына биыл бір ғасыр (1924ж.) өмірден озғанына ширек ғасыр (қаңтар 2000ж.) болыпты. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын. Ағамыздың жарқын бейнесі оның көзін көргендердің есінде ұзақ сақталмақ.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
әріптес інісі
11 маусым 2024 ж. 1 803 0