Өнердің ұлы тұлғасы – Мұрат аға
![](/uploads/posts/2025-01/1736493452_1.jpg)
Ол 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық – мерген, аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.Бес жасынан домбыра тарта бастап, мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартып өзі де өлең, ән жаза бастаған. Ол ән, күй-толғау, өлең-жыр жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданып келе жатқан дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын. Виртуоз орындаушы ретінде республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, салиқалы шығармалары туған жері Аралмен өзектесіп, теңіз, даламен үндесіп жатады.
Қазақстан композиторлар Одағынан жоғары бағаланған "Қайдасың сен", "Балықшы қыз", "Сыр гүлі", "Сырдария, т.б. әндері мен "Арал толқыны", "Өмір толғауы", "Тойға шашу", "Мұраттың төкпесі", "Қос тұйғын" секілді күйлері – халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Көптеген туындысын ауылдың әнші, күйші, жыршыларынан бастап еліміздің атақты өнер шеберлері орындап жүр.
Сыр сүлейлерінің дарабозы болған Мұрат Сыдықов атамыз 85 жасында мәңгілік мекеніне аттанды. Дүйім жұрт мәдениет майталманын соңғы сапарына шығарып салды. Дегенмен,оның әсем әндері мен керемет күйлері, тағылымды терме-толғаулары, өлең жырлары халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Оның өрісіті еңбектерге толы өнермен өрілген өмірі бүгінгі, кейінгі ұрпақтарымызға үлгі – өнеге деп білемін.
Жанар ТАЖЕКЕЕВА,
№220 орта мектебінің мұғалімі