Бишілердің бағындырған белесі
Өнерпаздардың өлкесіне айналған Аралда өнердің қай түрі болса да көнеден-ақ терең тамыр жайып, бүгінге дейін желісі үзілмей келеді. Оған осыған дейін де талай мәрте көз жетіп, көңіл қуанды. Осындай жағымды жаңалықтардың бірі таяуда ғана Шымкенттен келіп жетті.
Нақтырақ айтар болсақ, бүлдіршіндердің талабын шыңдап, өнерге құштар балалардың бағын ашқан аудандық Оқушылар үйінің шәкірттері Аралдың атын аспанға шығарды.
Аталған өнер ордасының халық биі, би өнері, бейнелеу өнері үйірмелерінің оқушылары Шымкент қаласында өткен «Жұлдыз Арт Қазақстан» халықаралық конкурс-фестиваліне қатысып, екі бірдей бас жүлдені еншілеп қайтты. 11-14 жас аралығындағы 24 оқушыдан тұратын балғын бишілердің «Біздің мұра» биі халық биі номинациясы бойынша жеңімпаз атануға мүмкіндік беріп, Дубай, Ташкент, Ыстықкөл де өтетін байқауға тегін жолдаманы табыстаса, «Тақия трендте» заманауи биін билеген 9-11 жас арасындағы 12 оқушыға да тең келер қарсылас табылмады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ