Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнегелі өнер өрісі: "Ұлағат" ансамблінің өміршең жолы

Өнегелі өнер өрісі: "Ұлағат" ансамблінің өміршең жолы

Қай қоғамда болмасын, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани құндылықтардың жалғастығы ерекше маңызға ие. Әсіресе, өнер саласында аға буынның өнегелі жолы кейінгі жастар үшін сарқылмас қазына. Осындай рухани мұраны дәріптеп жүрген тағылымды ұжымдардың бірі – «Ұлағат» ардагерлер аспаптық ансамблі.
Аталған ансамбль 2013 жылы, З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры, мәдениет майталманы, өнер жанашыры Маруся Нұрмағанбетованың бастамасымен және сазгер Достан Көзмағанбетовтың қолдауымен  құрылған болатын. Содан бері бұл ұжым тек өнер көрсетумен ғана шектелмей, халықтың рухани өміріне серпін беріп келе жатқан бірегей шығармашылық ортаға айналды.
Ансамбль құрамында әртүрлі салада ұзақ жылдар еңбек етіп, ел игілігіне қызмет еткен 16 ардагер өнерпаз бар. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, мал шаруашылығының майталмандары, тәрбиешілер мен дін қызметкерлері бар. Бір кездері қоғамның әр саласында тер төккен бұл жандар бүгінде өнер арқылы халықпен қайта қауышып, рухани байланыс орнатуда.
«Ұлағат» ансамблі – облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Ұжым Ырғыз ауданында, ауылдық елді мекендерде және аудан орталығында концерттер қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Олардың әрбір сахналық қойылымы – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Байнияз Тілепов. Ол Арал өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан, талай шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі өнер иесі. Оның жетекшілігімен ансамбльдің шығармашылық деңгейі артып, репертуары байып келеді.
Ұжым құрамындағы әрбір өнерпаз – өзіндік тарихы бар тұлға. Мәселен, Күнхияш Омарова республикалық фестивальдар мен байқаулардың лауреаты ретінде танылып, талай мәрте үлкен сахналарда өнер көрсеткен. Ал Мейірхан Бәйімбетов – «Тамаша» әзіл-сықақ театрының халықтық әртісі ретінде көпшілікке жақсы таныс, сахна мәдениеті қалыптасқан тәжірибелі актер.
Ал Зейнеш Біртаева еңбек пен өнерді қатар алып жүрген жан ретінде мал шаруашылығында қызмет етіп жүріп те мәдени жұмыстарға белсене араласқан.
Би өнерін серік еткен Ботагөз Қожекенова студенттік кезінен сахнада шыңдалған.
Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Бекболат Сәдуақасов – кәсіби білім алған композитор әрі әнші. Оның шығармашылық ізденісі ұжымның музыкалық деңгейін жаңа белеске көтеруде. Болатбек Тәжімбет те – ән шығарып, бірнеше аспапта еркін ойнайтын дарынды өнерпаз.
Прима аспабының маманы Қуаныш Әбжәлиев, домбырашы Алданыш Әбжәлиев,қобызшы Нағашыбай Құлманов – ансамбльдің алтын діңгектері. Ансамбль әншілері Зейнеш Біртаева, Перуза Өткелбаева, Шашты Нұрпейсова, Марал Өтегеновалар халықтың құрметіне бөленіп жүрген жандар. Облыста өткен байқаулардың жеңімпаздары.
«Ұлағат» ансамблінің ерекшелігі – оның тек өнер ұжымы ғана емес, өмір мектебі екендігінде. Бұл жандар жастық шақта қоғамның бел ортасында жүріп, ел дамуына үлес қосты. Бүгінде сол тәжірибесін өнер арқылы кейінгі буынға жеткізіп, үлгі-өнеге көрсетуде.
Ансамбль 29 сәуір күні Ерімбетжаға, Қарақұм елді мекеніне концерттік іс-сапармен барып, ауыл тұрғындарына өнерлерін көрсетті. Ауыл тұрғындары  ардагерлердің өнерлеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жастықтың жалынды шағы артта қалып, орнына кемел жас келеді. Алайда «Ұлағат» ансамблінің өнерпаздары үшін бұл – тоқырау емес, қайта жаңа тыныс алған кезең. Олар зейнетке шықса да, өнерден қол үзбей, халықпен бірге жасап келеді.
Өнер – мәңгілік. Ал сол өнерді жүрегімен сезініп, ғұмырының мәніне айналдырған жандар – шын мәнінде бақытты. «Ұлағат» ансамблі – соның жарқын дәлелі. Мұндай өнегелі ұжымдар – ел руханиятының алтын қазығы, ұлт мәдениетінің тірегі.
Мұндай жандарды мақтан ету – заңдылық. Өйткені олардың әрбір өнері – өмірдің өзі, ал әрбір қадамы – кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес із.
Н. БАҚЫРАН
05 мамыр 2026 ж. 31 0