Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Атыраудан Аралға жеткен еңбек көші

Атыраудан Аралға жеткен еңбек көші

Сапалы балығымен аты шыққан Арал балық өндірісінің бір ғасырдан астам еңбек даңқына толы тарихы бар. ХХ ғасырдың басынан бастау алған, мемлекеттік дәрежедегі өндірісі бірте-бірте жолға қойыла бастаған жүйелі, сан салалы балық аулау, оны өңдеу кәсіпшілігі уақыт өткен сайын еселеп дамып, әсіресе қиын-қыстау жылдарда бүкіл елдің азық-түлік мәселесін шешуде белгілі бір орын алды. Және де Арал теңізінің азықтық құны жоғары балығының кәсіптік маңызы сол кездегі кеңестік одақтың назарын өзіне аударды. Сондықтан да ХХ ғасырдың 20-30-жылдары Арал теңізінің жағалауындағы балықшы жұртшылық үшін оңды өзгерістер, ауқымды да серпінді жаңарулар кезеңі басталды. Көк айдын жағалауындағы балық өндірісіне байланысты ірілі-ұсақты мекемелер, ұйымдар сол уақыттың саясатына сәйкес жаңа бірлестіктерге бірлестіріліп, ұжымдасып жұмыс істеуге көшті.
1925 жылы Орталықтың, Мәскеудің арнаулы қаулысы бойынша, барлық балық, кеме, тұз өндіру шаруашылығына қатысты ұжымдарды біріктіріп, басын қосқан «Арал мемлекеттік балық тресі» құрылды. Ол жылдары ұланғайыр Одақта мұндай трестер санаулы ғана болатын. Мемлекеттік треске балық аулау мен өңдеу ұжымдары, Жақсықылыш маңындағы тұз қазу артельдері, кеме жөндеу цехы, теңіз порты, тағы басқа өндіріс ошақтары қарағандықтан, мекеменің өнім өндіру мүмкіндігі мейлінше артты. Арал поселкесінде осы күнге дейін тұрғындар игілігіне пайдаланып отырған үлкен құрылыстарды салуға қомақты қаржы бөлінді. 1933 жылы треске 16 өндіріс орны қарайтын. Сол жылы 500 тонна сыйымдылығы бар, күніне 20 тонна балық қатыратын тоңазыту цехы іске қосылды. Балық өңдеу өндірісіне жаңа техникалар келіп жатты. Бұл бұрынғыдай емес, айдынды аймақтағы еңбек өнімділігін арттыра түсті. Ал күннен-күнге қарқын алып, өндірістік көлемі мен қуаты ұлғая бастаған шаруашылықтарды уақыт талабына сай басқаратын кәсіби білікті мамандар, теңіз маржандарын ұқсатып өңдеу істеріне байланысты кәсіп иелері ауадай қажет болды. Өйткені архив деректеріне қарасақ, 1926 жылы Арал балық өндірісі саласында (айта кететін жайт, ол кездерде теңіздің Қарақалпақстан бетіндегі балық шаруашылықтары Аралға бағынатын) бар болғаны бір ғана жоғары білімді маман жұмыс істеген екен.
Дамуы қарқындап жүре бастаған өңірге КСРО-ның, Қазақстанның өндірісі қалыптасқан өлкелерінен мамандар лек-лек болып алдырыла бастады. Мысалы, отызыншы жылдардың ортасында Ресейдің кеме шаруашылығы дамыған Горький (қазіргі Нижний Новгород) облысынан кеме жасау саласының мамандары – котельщиктер, кеме құрастырушылар, кеме көтерушілер, ағаш ұсталары жоғары жақтың өкімімен 300-дей адам бір уақытта келіп, жұмысқа кірісті.
Басқа да өкім, жолдамалармен еңбек ресурстары жағалау жұртшылығын молайта бастады.
Ең үлкен еңбек көші-қоны 1935 жылы болды. ВЦИК-тің ақсақалы М.И.Калининнің өкімімен үлкен бастама көтерілді. Арал балық колхоздары одағының (Рыбаксоюз) төрағасы, алғыр да қайратты азамат Қуантқан Есмұханов Арал мемлекеттік балық тресі атынан қазіргі Атырау облысына аттандырылды. Күллі ғұмырын балық шаруашылығын өркендетуге арнаған ол өзіне жүктелген осынау жауапкершілігі зор партиялық тапсырманы қайраткерге тән ыждағаттылықпен, қажырлы құлшыныспен тиянақты орындады. Бүгінгідей тура темір жол байланысы жоқ алыс жатқан аймақтан жүздеген отбасылы адамдарды бір демде көшіріп әкелу анау айтқандай оңай шаруа болмайтын. Алайда батылдығы бір кісідей Қуантқан ұйқы-күлкіні ұмытып, бір айдай жүріп, сонау Каспий жағасының сақадай-сақадай балық мамандарын Аралға ат басын бұрғызды. Сөйтіп екіжақты еңбек шартымен сол кезде Гурьев аталатын облыстан балық кәсіпшілігінің тәжірибелі, ысылған 80 маманы жаңа мекенге келді. Бір қызығы, барлығы да қазақ азаматтары еді. Олар теңіз жағалауында жағалай жатқан үлкенді-кішілі елді мекендерге, балықшы ауылдарға, бас шаруашылық орналасқан Аралға, қалаға орналасты. Барлық мамандар өз отбасыларымен, бала-шағасымен келгендіктен де, олардың саны төрт-бес жүз қаралыдай жан болатын. Атыраулық мамандардың көбісі іргелес жатқан Ресейдің Астрахан сияқты ірі қалаларындағы жоғары және кәсіптік орта білім беретін оқу орындарында оқыған, түрлі мамандықтарды жете игерген, сол уақыттарда аса керекті орыс тілін жетік білетін адамдар-тұғын. Осылайша Арал мемлекеттік балық тресінің бесжылдықтардың үкімет бекітіп берген үлкен тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға жол ашылды. Теңіз, көлдерден балық аулау, сапалы өңдеу, кеме жасау, оның жүк қатынасындағы маңызын арттыру жақсы жолға қойылып, жаңа, басым бағыттар айқындала бастады. Және де бір айтарлығы, Атыраудан келген кадрлер жергілікті жұртшылық арасынан шыққан мақсаткер азаматтарға үлкен тәжірибе мектебі іспетті болды. Бұл турасында кейін көптеген жерлестеріміз, сала саңлақтары өз естеліктерінде ризашылықпен, үлкен құрметпен еске ала отырып жарыса жазды.Атыраудан келген мамандардың игі ықпалы болып, ауданның балық шаруашылығының ұйымдастырушылық, кәсіби жұмыс сапасы әжептәуір жақсарды, әлеуеті артты.
Теңіз сүзген жергілікті балықшы жұрт осы еңбек көшімен келген азаматтарды «астрахандықтар» деп атағаны белгілі. Тіпті аңғалдау біреудің «астрахандықтар кәрістерге қарағанда, қазақ сияқты екен» деген сөзі ел ішінде кең тарап кеткен. Өйткені сол жылдары Қиыр Шығыстан осында кәрістер күштеп жер аударылып келген еді. Және де көз көрген баяғы қарттар олардың азаматтық зиялы болмыстарын, қайраткерлік тұлғаларын, халыққа деген жанашырлық ерекше бітімдері туралы шынайы сүйіспеншілікпен айтып отыратын. Арал теңізінде икемділігі мол екі желқомды қайықтардың балық аулауға шығуы да атыраулық балықшылардың алып келген жаңалығы еді. Қос желкенді қайықтарды алғаш сол енгізгендіктен де, тұңғыш пайдаланушылары болғандықтан да, бұл кісілерді аралдықтар «қосмаштар» (қос мачталы дегеннен шыққан) деп те атайтын. Өйткені жергілікті балықшылар бір желқомды қайықпен ауға шығатын.
Айдынды Арал төсіндегі еңбек алаңына озық та үлгілі өзгерістер алып келгендер кімдер еді? Иә, олардың есімдері аз уақыт ішінде Арал балық кәсіпшілігінде баршаға танымал болды. Өз ісінің хас шеберлері, білікті басшылар, жан-жақты жетілген мамандар – Сұлтан Смағұлов, Кеңтоғай Абдуллабеков, Қали Құмаров, Мансұр Тұранұлы, Әділжан Әжмолдаев, Қали Балтақаев, Мақсот Мұқанов, Қындай Дүйсемәлиев, Жұмағали Әліпов, Жақсыбай Өтешқалиев, Биғали Иманғалиев, Арыстанбай Мазбеков, Әділхан Ахметжанов бастаған балық өндірісінің қазанында қайнаған, әбден ысылған жайсаң жандар болатын. Өйткені олар Гурьев облысындағы Каспий мемлекеттік тресінің түрлі деңгейдегі шаруашылықтарын, ұжымдарын басқарған іскер басшылар, балық саласының кәнігі мамандары-тұғын.
Сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат Кеңтоғай Абдуллабеков бұрынғы Гурьев облысы, Теңіз ауданындағы «Алға» колхозының төрағасы қызметінен келген. Арал топырағына табаны тиген соң, «Рыбаксоюз» мекемесінде инспектор, «Қызыл балықшы» («Красный рыбак»), «Көпбірлік» колхоздарының басқарма төрағалығында болған. Халыққа деген шексіз қамқорлығы, адалдығы елдің есінде қалған. Қазақ жеріндегі бір теңіздің жағасында дүниеге келіп, екінші теңіздің құтты жағасында ұлағатты ғұмырын жалғастырған Биғали Иманғалиевтің де өмірі өнегелі. Ол Гурьевтегі балық комбинатының директоры қызметін істесе, Арал жерінде Бөген балық зауытында директор, Ауан-Ақбасты балықшылар тұтыну одағында басқарма бастығы болып жұмыс атқарған. Өзі басқарған шаруашылықтардың жан-жақты дамуына ұйытқы болған. Адал еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне таққан, «КСРО балық өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері» атағын алған.
Балық өндірісінің тағы бір ірі ұйымдастырушысы Қали Балтақаев Атырауда Микоян атындағы колхозда еңбек етсе, Арал өңіріне қадам басқан соң, «Шөмішкөл», «Қасқақұлан» балық колхоздарында төраға болған.
Партия пәрменімен қоныс аударған білікті басшылардың бірі Сұлтан Смағұлов еді. Ардабоз азамат туралы еңбек ардагері Е.Нәжіманұлы өз кітабында былай дейді: «1935 жылдардан бастап «Ленин» колхозын көптеген кісілер басқарды. Колхозға басқарма болғандардың ішінде астрахандық Сұлтан Смағұлов екі тілге жүйрік, сауатты, ақылды, шаруаға қолайлы азамат еді. Ұйымдастырушылығының арқасында Көкаралға жер ауып келген орыс, татар, кәріс, қалмақ, қарашай, тағы басқа халық өкілдерін ұйымдастырып, көшелеп үй салдырып, кеңсе, клуб, мұзқала, балық сүрлейтін лабаз, мектеп, пошта, колхоз орталықтарын тұрғызды. Соғысқа дейін осындай басшының арқасында халықтың жағдайы біршама жақсы болып қалып еді...».
Ал осы елді ұйытқан дарынды басшы туралы белгілі жазушы-журналист Айжарық Сәдібеков мақаласында: «Біздің колхозды ел қылып, еңсесін тіктеген Сұлтан Смағұлов деген кісі еді. Ауылымызда оқыған адам болмады ғой деймін, сол адам Астрахан облысынан келді. Ел-жұрттың жағдайын жасауға берілген жан. Балық сақтайтын «Лабаз» салдырған сол кісі. «Лабаз» жерасты қоймасы дегенді білдіретін ескі орыс сөзі болса керек, ішіне түйе шанамен кіріп, еркін айналып шығатын. Қойманы мұзға толтырып қоятын. Сөйтіп оған ауланған балықты сақтайтын. Ал оқудан қол босаса, жұмысқа жегілетін балалар ойынға уақыт тауып, еңесі биіктеу лабаздың төбесіне шығып, асыр салатын» деп құрметпен еске алады. Жағалаудағы кішкентай балықшы ауылды гүлдендірген, жұртшылықтың абыройлы азаматы атанған Сұлтан Смағұлов кейін біраз жыл көшбасшыға айналып, Арал мемлекеттік балық тресінің басқарушысы болып, есімі елімізге танылды.
2003 жылы шыққан «Арал» кітабында (авторлары А.Қылышбаев, Б.Қодаманов) тағы бір атыраулық еңбек майталманы туралы мағлұмат берілген. «1930 жылдары еңбек шартымен Гурьев облысынан келгендердің мақсаты – жергілікті балық аулаудың, өңдеудің шеберлігіне үйрету болды. Солардың бірі Қындай Дүйсемәлиев еді. Ол кісі бүкіл өмірін балық өнеркәсібіне арнаған. Аралға келісімен Ұялы балық зауытына жұмысқа орналасқан, зауыттың балық флотын басқарады, балықшы бригадирі– шебері қызметін атқарады. Отан соғысы жылдарында жастарды, әйелдерді балық аулауға тартып, зауыттың өндірістік жоспарының артығымен орындалуына келелі үлес қосқан. 1945 жылы Арал қаласындағы балық зауытына кәсібі жоғары азамат есебінде, мұздатқыш және балық тұздау цехына бастық етіп шақырылады, онда 1958 жылы зейнетке шыққанға дейін жемісті еңбек етіп, өзінің кәсібінің жоғарылығы және адамгершілігімен көпшіліктің құрметін иеленеді. Қындайдың өңдеп шығарған балықтары Мәскеу көрмесінде де жоғары орын алды. Сол үшін де Қындайға «КСРО балық өнеркәсібінің шебері» деген құрметті атақ берілді».
Көк теңіздің көкжалдарының шексіз құрметіне бөленген, ел ағасы болып халық үшін ұзақ жылдар ерен еңбек еткендердің бірі – Қали Құмаров болатын. Ол аудандағы бірнеше балық колхозында, МРС-тарда, балық аулау базаларында, балық тресі жанындағы жабдықтау бөлімінде басшылық қызмет қылып, абыройлы ғұмыр кешті. Мемлекет, қоғам мүлкіне жанашырлықтың үлгісін көрсетіп кетті.
Алыстан келсе де, Арал жерінде маңдай терлерін сыққан, жаңа үлгідегі балық шаруашылықтарын қалыптастырған «астрахандықтар» жаңа орталарының жаңа екпінді жұмыстарына дем беріп, еселі еңбектің ертұлғалары бола білді.
Бір қызығы, бір салада болғандықтан да, қарт Каспийдің жағалауынан айдынды Аралға білікті мамандар, мықты басшылар үздіксіз қоныс аударып отырған. Солардың бірі де бірегейі – Хамит Мұсағалиев. Аса дарынды ұйымдастырушы болған ол Арал мемлекеттік балық тресін 1952 жылдан 1967 жылға дейін 15 жыл бойы үздіксіз басқарды. Дара бітімді, жаңаша ойлайтын оның басшылық еткен жылдарында Арал балықшылары мемлекетке балық өткізуді жылына 101 мың центнерден 220 мың центнерге дейін ұлғайтты. Бұл жылдарда балық өнеркәсібінің материалдықтехникалық базасы нығая түсті, кадрлардың сапалық құрамы күрт артты, колхоздар мен зауыттардың экономикалық көрсеткіштері жақсара түсті. «Трестің сол кездегі басшысы Гурьевтен келген Хамит Мұсағалиев деген өте сауатты экономист, абыройлы азамат болды. Осы балық шаруашылығының кішкентайынан басы-қасында болып, оны ұйымдастыруға атсалысқан» деп еске алады қоғам және мемлекет қайраткері Құдайберген Саржанов «Ардақты ағаларым-ай» деген мақаласында. Ірілерге ірілер ғана осындай баға берсе керек-ті.
Атыраудан Аралға сонау 1935 жылғы келген азаматтар екі жылдық мерзімге шарттасып келген еді. Кадрдың тапшылығы қол байлау болып ол мерзім ұзартылған да, мамандар қажырлы қызметтерін жалғастырып жатады. Арада ел басына алапат күн туып, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы басталады. Біршама «астрахандықтар» елмен бірге қолына қару алып, соғысқа аттанып, көбі қан майданнан оралмайды.
Өткен ғасырдың 60-жылдары Қызылорда облысы экономикасының 25 пайызын, Арал ауданы өнімінің 70 пайызын балық шаруашылығы беретіндей үлкен дәрежеге жетті. Сол жылдары қарқынды дамыған Арал балық комбинатына (трест құрылымы өзгерген) екі аулау базасы, алты балық зауыты, 19 балықшылар колхозы, бір машинамелиоративтік стансасы қарап, оларда жалпы саны 4500 адам еңбек етті. Бұл жылдар ішінде жергілікті тұрғындар арасынан жаңа буын кадрлар толқыны өсіп жетілді. Олар Ресей мен еліміздегі әйгілі жоғары, арнаулы орта білім беретін оқу орындарын бітіріп, балық шаруашылығының негізгі тұтқалы орындарында қызметтер атқара бастады.
1966-1967 жылдары ел етек-жеңін жинап, бой түзеп, еңсе нықтаған уақытта сонау 1935 жылы еңбек шартымен келіп, өздеріне мемлекет жүктеген толағай міндеттерін абыроймен орындаған «астрахандықтар» туған жерлеріне, Атырау облысының өңірлеріндегі ағайын-туыстарының арасына қайта бастады. Арал ауданында жерсініп қалған бір бөлігі осында тіршілік жолдарын жалғастыра берді. Олардың арасынан да кейін есімдері өңірімізге танымал азаматтар қалыптасқандығын айтқан жөн.
Олар – Арал аудандық халықтық бақылау комитетін басқарған, белгілі қоғам қайраткері Алтыбай Құмаров, еліміз аумағындағы бірнеше облыста балық зауыттарын басқарған Тілеген Қалиев, балық кәсіпшілігінде ұзақ жылдар алғаусыз қызмет атқарған Зәйтөн, Зейнет, Зинор Абдуллаевтар, Арал май зауытында ширек ғасырдан астам уақыт директорлық еткен Қайрадин Кеңтоғаев, Арал мемлекеттік балық тресінің (кейін комбинат) белгілі мамандары болған Шәкір, Ғайну Арыстанбаевтар, Ниязбек Төлеуішов, Әділжан Әжмолдаев, Әділхан Ахметжанов, Ибат Әлиев, Ыбырайым Сембиев, Қабдол Мазбеков, Құсайын Мұқанов, Тоқтамыс Құмаров, Бақытжан, Асылбек Мансұровтар, Салауат Әліпов, Сәпи Сейталиев, Ғабдол, Нұрбай Құсайыновтар, Сұлтан Сабантаев, Бисекей Салахадинов, Қуан Иманғалиев, Құрмет Шәметов еді.
Міне, теңізі шалқып жатқан Арал өңіріндегі балық кәсіпшілігін жолға қойып, дамытуға мемлекеттік деңгейдегі үлкен тарихи миссиямен бастамашыл болып келіп, ұзақ жылдар бойы еселі еңбек еткен, елді гүлденткен бір еңбек көшінің біз білетін қысқаша тарихы осындай!
Қазір Арал қаласының темір жол қақпасы – вокзал алдындағы гүлзар алаңда көкке тұмсық тіреп, ақ тастан қаланған қос желкенді қайықтың асқақ ескерткіші тұр. Балықшылардың ұлы еңбегіне қойылған ескерткіш Атыраудан Аралға үлкен мақсатпен келіп, өңір тарихында өшпес із қалдырған азаматтарға, балық өндірісінің бастауында тұрған «астрахандықтарға» («қосмаштарға») қойылған мәңгілік құрмет белгісі деп қарасақ болады.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
16 маусым 2020 ж. 1 392 0