Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес»

«Шын хәкім, сөзің асыл – баға жетпес»

VІІ. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»

Қазақта ақындығы мен ақылы үйлесім тапқан небір керемет тұлғалардың болғандығы белгілі. Бірақ дана Абайды басқалардан айрықша бөлектеп тұратыны – оның Ұлы Жаратушының өзінен бастау алатын ізгілік ілімінің ізін жалғастырып, өз заманы мен халқының болмысына лайықты жаңа рухани ұстаным жасауында. Адамзат дүниетанымындағы ең шешуші мәселе – Ұлы Жаратушы иенің сөзі – қасиетті Құран мен Ұлық пайғамбарымыздың даналыққа толы пайымдауларына өзіндік ойтолғамдары арқылы үн қосуы оны нағыз кемелді ойдың кемеңгерлік биігінен көрсетті.

Өкінішке орай, кеңестік заманда оқып тәрбиеленген осы күнгі аға ұрпақ өкілдері біледі, үстем партияның идеологиялық саясатына сәйкес Абай ілімі материалистік, атеистік деп танылып, ұрпақ санасына теріс тұрғыда сіңіріліп отырды. Бір данышпанның: «Жақсы әпсанасыз ұлы халық болмайды» деген сөзі бар екен. Сол сияқты қаншама зымырап замандар өтсе де, ұрпақтар кезектері ауысса да, Ұлы хәкімнің рухани мұралары халқын адастырмай, оған өз жолын табуда таусылмас рухани азық болып келеді. Елбасы айтқандай: «Халқымыздың Абайға көңілі айнымады, қайта уақыт оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсті». Осы орайда Абайдың ұлылығын мойындаған ұлт зиялыларының мына бір естелігін еске ала кетсек те артық болмас еді. «Бірде Мұхтар Әбілда бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері «поэзия алыбы» Жамбылға сәлем бере барыпты. Сонда бәрінің бірауыздан: «Абай қандай ақын?» деген сұрағына жарықтық Жәкең: «Абай ақын ба өзі?» деп қарсы сұрақ қойыпты дейді. Мұны естігендер алғашқыда «Абайды менсінбей отыр ма?» –деп тосырқай қарап қалады. Сол кезде аз-маз үзілістен кейін барып өз сұрағына: «Абай – пайғамбар ғой!» деп жауап берген екен дейді Жамбыл.
Абайдың жиырма жетінші сөзін түсініп оқыған адам оның дүниетанымдық көзқарастарына анық көз жеткізе алады. Хәкім онда Сократтың шәкірті Платонға айтқан пәлсапасын былай деп мысалға келтіреді: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды»,– деп пайымдайды. Сөйте келе, Сократтың «Жаратушы – артық ақыл иесі» деген тоқтамын құп алып, «Алла – адам баласының өзін де, дәулетін де, барша керек-жарағын да жаратты. Ғақлия дәлелім – құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін кемелмен жаратқан» деген тұжырымға келеді. Ақынның осы ойларын оның өмірінің соңғы кезеңдерінде өзінің өмірлік ой-тәжірибелерінің қорытындысы ретінде жазған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты атақты өлеңінен көруге болады. «Алла – мінсіз әуелден», «Безендірген жер жүзін тәңірім шебер» тағы басқа сол сияқты афоризмдерінен де аңғаруға болады. Адамның интеллекталдық түйсігі мен ақыл-ойының табиғат әлемімен тығыз байланысты екендігін дәлелдеп: – «Он сегіз мың ғаламның мықты көркем законге қаратылып жаратылғандығы» жайлы ой түйеді. Оның себебін аспан төріндегі жарық жұлдыздардан «Ай мен Күннің жарығындай» жанның жарығынан іздейді. Мұнда: «Алла – аспанның да, жердің де нұры. Ол бейне бір бүркеудің (қуыстағы) сәулелеріне ұқсайды» – деп тәпсірлеген қасиетті Құран (24-Нұр сүресі, 35-аят) қағидаттарының ұшқыны да бар екендігіне анық көз жеткізуге болады.
Абайдың осы данышпандық ой-толғамдары қазіргі ғылым жетістіктері тұрғысынан да дәлелденіп отыр. Мысалы, осы заманғы кванттық физика ғылымы өздері негізін қалаған материалистік дүниетанымды теріске шығарып, «әлемді материя билемейді, ұлы сана билейді» деген жаңа дүниетанымды жариялады. Атақты неміс ғалымы М.Бланк: «Күллі материя атомдардан, ал атомдар энергетикалық тылсым өрістерден тұратынына, сол өрістер арқылы бізге, біз оған әсер етіп, табиғи байланыста болатынын» анықтады.
Абайдың осыған тақылеттес «кәмелетті шеберлік» жайлы ой-пікірлерін оқи отырып, Жаратқан ие «адам баласын айрықша артық көріп, әуелден қамын ойлап жасаған» деген тұсы көңіл аудартады. Әрине, ғаламзат пен адамзатты асқан үздік көркемдікпен, терең де тағылымды парасаттылықпен жасаған Алланың құдіретіне жан-жақты сипаттама беруге болмас. Десе де «кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың керек» деген хәкімнің тәлімді өсиет сөзі осы заманның адамына айтылып тұрған ескертудей естіледі. «Отыз сегізінші сөзіндегі» Абайдың адамзаттың мәңгілік мекенін, мырзалық пен үйіп-төгіп берген ырыздығын (жер, су, ауа, табиғат, рух, әулет, т.б.) «біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігін де айту керек пе?» деген мазмұндағы айтқандары кім-кімді де ойландыратыны анық. Ойлана келе, Ұлы Жаратушының құдіреті арқасында адамзат баласына бесік болған Жер-Ананың қазіргі жағдайы көз алдыңа келеді. Адамзат баласын жалпыға ортақ бақытты заманға жеткізеді деген жаһанданудың жалғасы әлемнің астан-кестенін шығарып, ойға келмеген қауіп-қатерлер алдан шығып жатыр. Сұрқия саясат бел алып, радиацияның, терроризмнің, лаңкестік пен бейдауа індеттің құрбандығына айналып отырған жайлар алаңдатпай ма? Міне, осындай ұлт тағдыры безбенге түсіп отырған шақта халқымыздың бар болмысын, өзіндік ерекшеліктерін, жақсы жақтары мен кемшіліктерін де айнаға түсіргендей айқындап, жол сілтейтін Абайдай ұлы тұлға керек. Абайдың ұлылығы сонда, ұлт тағдырына байланысты не істеуіміз керек деген сауалдың жауабын оның қаламынан шыққан 176 өлең, 3 поэма, 45 қара сөздерінен таба аламыз. Абайдың ел болу үшін: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Олай болса, қазақтың қатардан қалмай халық болып өмір сүруі үшін адал еңбек етіп, озық ғылым мен білімді игеріп, ұлттық рухани құндылықтар мен имандылықтың асыл қасиеттерін игеруі – басты міндет. Сонда ғана «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ақынның өзі айтқандай, Абайдың келер ұрпаққа жазып қалдырған өсиеттері қазақпен бірге мәңгі жасайтын болады.
Үргенішбай Қуат
08 шілде 2020 ж. 1 495 0