Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің жағалауым (хикаят)

Менің жағалауым (хикаят)

Осы келеңсіз жағдаят дені сауға қолды бір серметкенімен, Алла ғана алдарқатқан Дәулет ағаны қатты абыржытыпты. Басы ауыратын адам. Нағыз «етегі елпі, жеңі желпі» дейтұғын ауыл қазағы.– Апыр-ай, неғып тегіс ауырып қалдыңдар? Түнімен мазам болмады. Бақсы бабам аса таяғымен түрте берді. Сендердің қиналғандарыңды сезген ғой, жарықтық. Домбыра ұстаған інім, қобыз үйренсең, біздің әулеттен де бақсы рухымен тілдесер жан табылар еді...
Бұл кісінің таудай тұлғасына қарасаң, боз кілемнің шаңын қаққан балуан дерсің. Жүйке ауытқуы бары анық. Үнемі күтімсіз жүреді. Кір-қоңын көбіне апама жудырады. Көзі алаңғыттанып, теңселген күйі:
– Жаман қайның жидіп кетпесін десең, киімдерімді шыршыттай қылып тазалап бер!
Осындай ойлы назды кеміс адам айта ма? Қол-аяғы балғадай екінің бірінен мұндай  шұрайлы сөз есіте де алмайсың. Ауылда біреу науқас зардабын тартса, бұл қоса қиналады. Мүгедектігі себепті жәрдемақысына дорбасын сықай толтырып пряник алады. Қатып-семіп қалған құрт та қысы-жазы осы Дәулеттің терең қалтасынан ізделеді. Өңшең қара борбайлар сол күні жалақ-жұлақ етіп, оның сырты әбден майланып тері тәрізденген дорбасына көзін сүзеді. Ондайда күрт қызынып, айқайға басады.
– Өңшең пәлекеттер, сендерге құда жолыға тарататын тәттім жоқ. Әке-шешелерің сатып әперсін. Жарымжаннан жырымшылауға әуес болмаңдар! Дым білмейтін ауышты тапқан екенсіңдер.
Мұнысы – айқай деген аты ғана. Маймөңке сыпайылықты суқаны сүймейтіндіктен, кейде өзімсінгендікті осылай сездіреді. «Пәлекеттерге» қол басындай прянигінен бөліп, ауыздарын қаужаңдатып қояды. Кәделеп шай ішіп, терлеп-тепшігенін сирек көреміз. Есесіне, төбесін күн тескендей, шәйнек шүмегінен езуіне төгілдіріп, қара суды қотарады. Бір қолтығында шыжыммен байластырған қара шәйнек жүреді.
Алпамсадай адамның үйсіз-күйсіз, көрінген босағаны сағалағанына жүрегіміз сыздайды. Балалы отбасының Дәулетті шетке қаққанын естіген емеспіз. Сарайдың алдын, түйе қораны ықтай салып, мызғитынына көз үйренген. Үстіндегі қара шекпені, жазға дейін басынан тастамайтын құлақшыны тұманды, дауылды, боранды күндерде оны ертегідегі диюларға ұқсатып жібереді.
Ақыл кемдігі туралы ел ішінде түрлі әңгіме бар. Біреулер жылым арқанын орап жүргенде, басына терте ағаш соққан дейді. Басқалары перінің салқыны тиген дегенге илантады. Әйтеуір, пендеге де, хайуанға да залалы жоқ, қайғы-мұңсыз, періште көңілмен жоспарсыз ғұмыр кешкен диуанадай Дәулет ағаны үлкендер жағының қатарға тартпайтынына кәдімгідей шамырқанамыз.
Мәңгілік балалық түйсіктегі жабырқау жан қаннен-қаперсіз ауылдастарын төніп келе жатқан өрттен құтқарғанын қалайша ұмытарсың?! Бірде көлденең көк аттылы ауылға жете бере, ұйысқан ебелекті алқапқа шоғы басылмаған темекі тұқылын лақтыра салады. Ебелек мұндай жанғыш болар ма, желмен жарысып сыдырта лаулай жөнеледі. Көде-көде шөп жинаулы ашық қораларға әлдеқалай ұшқын түсті дегенше, бүкіл ауыл өрт оранды дей бер!
Құдай кездіріп қойған Дәулет бұл кезде ауыл шетінде жүрген. Жалынды байқау бойына түсініксіз бажылға басып, жан-дәрмен күйде отқа ұмтылады. Қара шекпенді былғалақтатып, жанған ебелекті соққылайды. Табанымен таптайды. Қара шәйнектегі суын сарқып себелейді. Дорбасынан пряник пен құрт шашылғанына қарамай, кенеп қалтамен де жасқап, ұшқынды үгіндіге айналдырады. Тұп-тура Дон Кихоттың желдиірменмен алысқаны тәрізді оқшау  жекпе-жек!
Апалақтап жеткендер өртті тоқтатқан Дәулетке айдаһардың аузын айырған хас батырдай сүйсініп, алғысын айтады. Кемпір-шалдар батасын беріп, қазаны қайнаулы қолы ашықтар дастарқанға шақырады. Осы  қарбаластың біріне де мән бермеген Дәулет ентігіп басып, теңізге беттейді. Күйелеш болған денесін емес, жамандық атаулыны мөлдір ағыспен тазартуға бара жатқандай.
*  *  *
Қоғамдық жұмыс қолғанаттарына құда түсуші және бір қызмет көзі пайда болды. Есігі екі жаққа қарайтын ауылдық кеңес конторының бірінші басында – кітапхана, екінші басында – пошта бөлімшесі. Жолтайдың жылпылынан пошташы Манаштың  қыңқылы кем соққан жоқ.
– Әй, тілалғыштар, сендерге екінші кілт керек емес пе?
Келте кекесіннің төркінін түсінбеген кейіптеміз. Шегір көзі шытынай жаздап, артынша шуақ төкті. Мұрны айна-қатесіз сүйір бұрышқа ұқсайды. Онысы қаралай күлкі оятады. Өтінішін май жалатқан нандай етіп тәттілейді. Қалжыңнан қақпан құратын  сөз мергені. Кейінгі кездері көбірек жұғысып кетіп еді. Кітапхананы мұражай тәріздендіріп жібергенімізге  ризалық білдірген. Көп сәлемнің көлеңкесінен түпкі мақсаты қылаң берді.
– Жастау кезде шапшаң едік. Елуден енші алғасын, адам шау тартады екен. Қандай жақсы жұмыс болмасын, түбінде жалықтырмай қоймайды.
Мәлімдемесі мұңға айналған  Манаш терең күрсінді. Оны аяп кеттік.
– Қолдан келгенше сүйеніш болайық, аға!
Әрине, балаға қарағанда өмірге ересектер епті келеді. Пошташы  былайша зарлауықтар қатарына жатпайды, бірақ шыбын ызыңын қалт жібермейтін саққұлақ. Қалжыңнан қанағат тапқанда, маңдайы  шай  ішкендей  жіпсіп  сала береді. Тұстастары: «Мұның мәриям шөбі бар. Сөзі өтпейтін жері жоқ, айтқаны орындалады», – дегенді бекерден-бекер тіл ұшына түсірмеген болар. Сөйткендейін, біз де қапелімде Манаштың сақамен  мұрттай ұшыратын манайына айналып шыға келдік.
Аз күнде пошта қызметіне еніп үлгірдік. Алдымен қаладан келетін автобусты күтеміз. Бума-бума газет-журналды сөре бетіне жағалай  саудыратып жаямыз. Басылымдарды түріне қарай айырып, бірнеше нөмірін  бірге беттейміз. Ауыл бойынша мекемелердің, тұрғындардың жазылу парақшасына үңіле отырып, тиісті газет-журналын шекесіне үй егасы есімін қондырып текшелейміз. Одан арғысы – хат тасушы дорбасына сықай толтырылған ақпарат жүгін үй аралап табыстау.
Газет айырып, жіктеуге Жәнібек пен Данияр шалымды екен. Кітапқа штамп басып, нөмірлеуге машықтанған олар пошта қызметінің әліппесін тез меңгерді. Монтай мен Нұртай қабылданған, жөнелтілетін хаттарды және телеграммаларды сұрыптап, журналға тіркейді.
Жазу жұмысы тағы да мені адаспай тапты. Посылка, бандероль қабылдау барысы аса ұқыптылықты талап етеді. Бағалы затты ақ сәтенмен тырситып орап, жіптіктей болған бетіне тіліңмен сия қаламды жалап, адрес түсіру оңай шаруа емес. Көркем жазу үлгісінен гөрі баспа әріптерді тізілту жарнама жасау қолтаңбасына бейімдеп барады.
Манаштың тамыры шодырайған қолдары бандероль, посылканы қағаз жіппен айқыш-ұйқыш буғанда жып-жып етеді. Байламдарға түтіндетіп  сургучты ерітіп құйғанда, құдды металл балқытушыға ұқсайды. Түбінде, осы кісіге сақамызға қорғасын құйдырып аламыз-ау, шамасы?! Қайсар осы шаруаға қолғабыс жасайды.
Сұрампаздық, мүләйімсу бізге жат. Үлкендерше айтқанда, бұйырғанына қанағат. Пошташы газет-журнал оралған май өткізбейтін сары қағаз сыйлайды. Артық-ауыс газет-журналдан, кендір жіптен ығыстырады. Кірістен шығарылған, жарға ілулі тұратын темір пошта жәшігін берді.  Сонымен, тағы бір кілт қолымызда!
Кітапхана қазына аралы сияқты болса, байланыс бөлімшесі ақпарат ордасы іспеттес. Республикалық, облыстық, аудандық газет жаңалығына алдымен төнеміз. Алаулатқан, жалаулатқан журналдар қолымыздан өтеді. Қашан қожайынына жеткенше, көз майымызды тауысып, үлгірсек түгелдей, үлгірмесек шолып дегендей, әйтеуір талай қызыққа қанығамыз.
Хат тасушы жортуылына жаңа көмекшілер қосылды. Әркім өзі тұратын маңайды қолайлады. Арғы бетке Қайрош,  дүкен жақтағыларға Тортай, контор жаққа Боташ, кәрсе беткейге Мәлік аптасына үш рет құстай ұшып, хат-хабар жеткізеді. Солардың жолы болды: ағарғаны алдында, бауырсағы қалтасында дегендей, үй бас сайын құр жібермейді.
* * *
Конверт сыртындағы қилы-қилы қолтаңба хат сақшысындай. «Абайлаңыз, фото!», «Аттай шап, адаспай тап!» және басқа үзілдіріп жазылған үшбу сөздер құпиялық хабаршысындай. Газеттерден әдебиетші ұстазымыз Әбдіраштың мақаласы көзге оттай басылады. Бойымызда қалам желігі пайда болды. Қиял әлемі қол бұлғап, жел қуған ақша бұлттар бетіндегі жұмбақ әріптермен жазылған сұлу сөздерді іштей оқытады.
Қаһарманды ойдан іздемей, өмірден табу әлдеқайда нанымды болатыны көкейіме қона кетті. Көз алдымда шатақ шал Суат бейнесі қылаң берді. Тырнақалды талпыныс қиқар көрші болмысын дәптер бетіне түсіртті. Бұрын да сабақ үстіндегі мазмұндаманы түрлендіріп жіберетінмін. Достарыма Суаттың бастан кешкен ерекше оқиғасын желпінте әңгімелеуім ұнаған сияқты.
Көзімді тырнап ашқалы, бір білгенім – көршіден асқан сыншы, оған жетер жанашыр жоқтың қасы. Оң жақтағы дуалдас шал Суат – нағыз қырсықтың өзі. Жұрт оны «қыршаңқы» деп атайды. Тауып қойылған.
Бірде ашық теңізде оқшау қалады. Қапелімде жел тұрып кетеді. Қалтылдаған қу қайық ағысқа қарсы аттап баспайды. Қысылтаяңда жан тері шығады. Бойы мықырдың сөзі қандай содыр!
– Қуат ессе құйындайсың! Жұбат ессе жұлқынасың! Маған келгенде сендерді не қара басады, өзі?! – деп, ескекті бірінен соң бірін белағашқа соққылайды.
Ұр да жық қашанда ұтылады. Сабынан морт сынған ескектер күл алатын қалақтай шолтаңдайды. Тепе-теңдігін жоғалтқан қайық ыға жөнеледі. Зәре-иманы қалмаған шадыр мінезді шал амал таппай дағдарады. Жаратқанға жалбарынып, көкке қолын саумалайды. Қайықтан, ескектен іштей кешірім сұрап далбасалайды. Төбеден қиқулаған шағалалар шоғыры Төлегеннің Қыз Жібекке қоштасу зарын қанаттарына қондырған алты қаздай елестейді. Мынау жарық дүниенің аман-есен әр сәтіне баға жетпесін осы жолғыдай ешқашан шынайы сезініп көрмеген шығар?!
Табиғат әмірші қыршаңқының тілін кәлимаға келтіріп, әп-сәтте тыныштық туын желбірете қойған. Солығын басқан кәрлі теңіз баладан бетер момақан кейіпке енген. Қайта соғар дауылдан қаймығып, ыққан қайықты өзектің қамысты тұсына қарай шолақ ескекпен қақпайлайды. Онысы тұп-тура бас білмеген асауға жерде тұрып қамшы сілтегендей күлкілі көрінеді.
Содан не керек, қопа ішіне енгесін, нар қамыстан байластырып таяу жасаған болады. Қайықтың зәкірін ұйыққа ендіреді. Әбден қалжырайды. Әсіресе, түн қинайды. Су шайқап, қайық тағы да бет алды ығып кете ме деп қауіптенеді. Бір жағынан ел аузындағы су перісі туралы қауесет те қатер қоршауын тарылта түседі.
Теңіздің түнгі тынысы алабөтен қорқынышты екен. Су гүрілі жүрек қақпасын соққылайтындай. Қалғып, мүлгіп отырып, су перісінің  ойша сұлбасын іздейді. Айдынға емінген ай сәулесі шынымен-ақ қараңғылық пердесінен тылсым сұлуына хабар салатындай. Ащы сумен таңдай жібітіп, шайынып, таң атқанша көз ілмей шығады. Күні бойы көз жетер жерден бір адамның қарасын таппай дірдек қағады.
Сірә да іштен тынған ауыр. Жайшылықтағы жақсылы-жаманды сөз алмасуға зар болған апуын шал жынын алған бақсыдай. «Адамның күні адаммен!» дейтін көне қағида «өзіңе де сол керек!» деген табалау сарынымен тұқыртады.
Үшінші күн дегенде, көкжиектен жылымшылардың дәу қара қайығы көрінеді. Әуелде қуанғаннан дыбысы да шықпаған. Шом тәрізденіп буылған қамыс сайғауға көйлегін іліп бұлғаңдатқан кезде  барып, қарлығыңқы үнмен жағаны жаңғырықтырды.
– Бері келіңдер! Мен мұндамын!
Алыстағылар мұнда Суаттың сүтке тиген күшіктей болып бүрісіп отырғанын қайдан білсін?! «Құтқарыңдар!» деген дабыл сөзін айтуға бірбеткейлігі жіберер емес. Мүсәпірлік табан астында ғой. Ақыры балықшы қайығының  тұмсығы туралап бұрылғанда, көзі жайнап сала берді.
– Айналайындар, ағаларыңды құтқарыңдар!
Қамыстың шуылы, желдің уіліне қосылған мағынасыз айқайды ұшандағылардың құлағы шалды. Теңіздегі кебежедей жылым қайықтағы қырағы көз бригадир Жанғана  айдындағы аралдай қопадағы жанұшырған жалғызды бірден байқады.
Өң-түс жоқ, әбден қалжыраған қиқар шал кемсеңдеген күйі алып балықшының қамқор құшағына ене берді.
– Ақұдай! Көретін жарығым бар екен! Аллаға шүкір. Жақсылықтарың Алладан қайтсын, қарақтарым!
Әй, бұл пенде дегенді қойшы! Ел аузында бірде қоюлатып, бірде сұйылтып жиі әңгімеленетін осы оқиғадан кейін Суат шал қой аузынан шөп алмайтын момын болған шығар деп дәмелене қоймаңыз.  Баяғы шолақ билік, шолтаң мінез  әлі де үстем.
Бөгдеге анау айтқандай қыжылы жоқ, үй ішілік быжылы көп қыран топшысындай қарттың қиғылығына күлесің де қоясың.  Кітап әлеміне ынтыққан қатарларыма қазақы болмысты Суат көршім туралы қылтима шимайым кәдімгідей ұнап қалған түрі бар. Ой тапқыш достарым мақпал сөзбен астыма көпшік қойып жатыр.
– Майын тамызып жеткіздің ғой, жүдә?! Тамаша кейіпкерлер арамызда жүр екен ғой. Дәл осы жазғаныңды жетілдірсең, «Қыршаңқы шал» деген шағын әңгіме шығатын түрі бар. Тілің лыпып тұр ғой өзі!
05 тамыз 2020 ж. 511 0