Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің жағалауым (хикаят)

Менің жағалауым (хикаят)

Бұрын мойнымыздан оқу қамытын босатқан бойда теңізге аттандайтын әдетімізден қағылғанымыз енді еске түскендей. Бүгін жағалауға қарай жосылдық. Тұп-тура өрістен оралып, ана баурайына тұмсық тыққан жас төлдейміз.Әдебиет әсері  тіл безетеді. Бұлғын терісін жамылған якуттардың  қайық үстінен морждарға гарпунь шанышқанындай, екпіндей жүгіріп, оқтай атылып, бұйра толқынға қойып кетеміз. «Ойхой! деген шаттық шалқуын хор әншілеріндей сәндеп бір мезетте айтамыз. Жоғары-төмен құлдилап, қиялап ұшқан шағалалар бала даусынан қауіп күтпей, су бетінде ойнақ салады. Бармақтай балапан торғайлардың бір уыс болып аунақтап құмға шомылғанын қайталаған күй кештік.
Тік жардың майланып сусып тұрған көк сазын иіс сабын тәрізді денемізге үйкелеп жатырмыз. Көбік шығармайды, әйткенмен теріңді жібітеді. Ары қарай тырнақ батырған осыну жанталасы жалғасады. Кейбір тапқырлар саусақ басына бақалшақ кигізіп, арқасын аяусыз тырналайды. Сыртынан қарасаң, адам аярлық көрініс! Моншасы жоқ ауылдың монтиғандары бұдан басқа қандай амал таппақ?! Енапат теңіз суы сүлгімен сүртінуді қажет етпейді. Күнге кептірініп, денемізді құрғатамыз. Ұзақ шомылудан бет-аузымыз жүн түткендей болып бүрісіп те қалады.
Қаншама кекірік атып тойып келсең де, ащы су бәрін сорып алып, лезде қарының ашады. Тентек ой қашанда табанда келеді ғой.
– Бычок ұстап, пісірсек қайтер екен?
Мәліктің үні дәл осы жолғыдай құлаққа жағымды тимеген шығар.
– Қызық ұсыныс! Байқап көрейік.
Ортақ мәміле бәрімізді су астына қайта сүңгітті. Балықшылар дәстүрінде күндіз ау, қармақ салу үрдіс емес. Ау көбіне кешкілік құрылып, түнгі балық қозғалысынан олжа күтіледі. Тереңнен өрілетін жылым төгу уақыт таңдамайды. Тізелік судан күндіз балық аулау – қашпаған сиырдың уызын дәметумен бірдей нәрсе.
Теңізге мұхиттан әкелініп жерсіндірілген бычок деген кіндіктей торсиған қара пәле жақсылық хабаршысы емес сияқты. Түрі жайын тектес. Соның мың есе кішірейтілген нұсқасы.  Бұл жалмауыз қай балықтың болмасын шашқан уылдырығымен тояттайды. Балық қорын көбейтуге емес, керісінше кемітуге әдейі жіберілген су астының жансызы секілді.
Табиғаты тосын, түсі суық болғанымен, шапшаң  емес. Су астындағы тастардың астын кеулеп, жасырынып жатады. Алақаныңмен қаусырып ұстап аласың. Балалық әуестіктің бычок дәмін татуға тапсырмасын орындау амалы да табылды. Жағада жатқан бірнеше бос консерві қалбырын құммен ысқылап, жуып тазарттық. Қазанымыздың түрі осы. Тұщы су, нан ала шықпағанбыз. Амал қанша, теңіз суын қалбырларға құйып, тастардан ошақ жасап, қу шөп жинадық. Сәті келгенде, сонадайдан Дәулет ағаның  төбесі көрінді. Оның дорбасынан шырпы да, нан да табылды.
– Ащы суға ас пісіріп, іштерің кетсін дейсің ғой, өңшең пәтшағар! Ана жолғы салат-малаттарыңның шатағын  ұмытып кеттіңдер-ау, ә?!
Сақ-сақ күліп кеңкілдегенде, дені саудан бетер. Қара нәсілді көрсе бетін шымшитындар шойын қазан түбіндей Дәулетті көрсе не істер екен?!
Жан азабын арқалаған аға бұл жолы да өңшең шуылдақтарды тағы бір кеселеген кедергіден құтқарды. Қолдағы қалбырлар қара шәйнектің шүмегіне тосылды.
Лаулаған шөп алақандай қазандағы бычоктарды балбыратып пісірді. Бір жұтым су алғаш қайнаған сәттен-ақ балық майымен шыланып, тәтті тұнбаға айналды. Тікені, қылқаны жоқ, қабыршақсыз қылдай балықты тек талмай бересің. Жаға дастарқанына Дәулет аға да ортақтасты. Беліндегі орамалын жайып жіберіп, дорбасынан нан шығарды. Жүдә, маңдайымыздан тер шыпшыды.  Бұл жолы «салат сабағы» қайталанған жоқ. Дәулет ағаның қара шәйнегіне су іздеген бұлдырықтай жұтындық.
*  *  *
Тіл алғышқа тапсырма сірә да таусылмайды. Кітапхана хан сарайындай болды. Байланыс бөлімшесінің жұмысы қызды. Бұл өзгерістер бас-аяғы он шақты баланың қолынан өтті. Жалғыздың аты – жалғыз. Жолтай мен Манашқа шынымен де тұрақты көмекші қажет. Осы жағдайды оқу жылының алғашқы жиынында ортаға салғым бар. Әрине, мектеп басшылығының да келісімі керек.
Каникулдың соңғы  айы шаршағанымызды  сездірді. Әйткенмен, кітап пен газеттің үнсіз ымдауы еріксіз емпеңдетеді. Кітапханаға бума-бума жаңа кітаптар келді. Мұндай қуанбаспыз. Қолда бар қорды әлдеқашан сүзіп шыққанбыз. Іздейтініміз – қызық кітап. Осы жолы сол ой кетігіне көркем кірпіш қалана кетті.
Ана буманы ашамыз – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» қоламтаға   көмілген табада піскен нандай. Нарттай қызарған ықшам кітап парақтауыңды күтеді. Мына буманың қағазын сыпырамыз. Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жегі» мен мұндалайды. Және бірінде – Зейнолла Шүкіровтің «Сырлы дүниесі» сұлудай сызылады. Бумалар ашылған сайын араны ашылған тамақсау жандай әрбір жаңа кітапқа  жапатармағай қол созамыз. Бояу исі саф самалдан бетер.
Несін айтасың, көптен бері көжені талғажу қылған адамның табақ толы етке қол салғанындай қармап қалатын сәт туды. Жас жазушылардың «Жол басы» деп аталатын жасыл тысты мұқабалы кітабы әдебиеттегі жаңа есімдерге сүйінші сұратқандай. Сафуан Шәймерденовтің «Инеш», Зейін Шашкиннің «Доктор Дархановы» сияқты махаббатты қаузайтын туындылардағы  бастан кешпеген бұл сезім  көңіл қытықтайды.
Тамашасы сол, кітапханаға жаңадан тіркелген әдеби кітаптардың ауылдағы алғашқы оқырманы өзіміз. Май шамның білтесі бұл күндері төмендей түседі. Түні бойы кітаптан көз алмаймыз. Кейде екі ұштылау аяқталған шығарма осылай жалғасса деген ықыласымыз түсімізде көлбеңдейді.
Жаңалық жерде жатпайды, аспандамай тұрмайды. Жаңа кітап әсерін ішімізге сыйғыза алмай, күндізгі, түнгі ойындарда қауышқанда, жағымыз талмастан жырлайтын болдық. Шетімізден әңгімешіл қылған қызықты кітаптар мен олардың авторларына алғысымыз шексіз. Оқуға зауқы жоқ Жолтайдың өзі жаңа кітаптар жайлы бізден оңашалап тыңдайтын болды.
– Бұдан былай, әйелдердің пішу-пішу, еркектердің гу-гуін ермек қылғанша, әдеби кітапты жастанып жатып оқу керек екен. Сендер мені бір жазда өзгертіп жібердіңдер, оқығыштар!
*  *  *
Басқармамен тақымдас, оның ойға-қырға шапқылайтын шабарманы Шәміл орынбасардың беделі бөлек. Айқаймен емес, айбатпен жеңеді. Сол қып-қызыл белсенді бұрын ауылға үрдіс емес қабырға газетін шығарып, әйелдер жағы бетім-ай десті.
Алғашқы нөмірінде ақ жаулықтыға шүйлікті. Қора сыртындағы қиды кішігірім шоқыға айналдырған Мәнсия есімді келіншекті қоғамдық жұмысқа қырсыз, бас пайдаға ессіз берілген өлермен ретінде мықтап сынаған. Сурет салуға да икемі жаман емес сияқты. Беті шиқандай, денесі торсықтай Мәнсия тезек жинауға еңкейсе де, бөгденің алдында нағыз илікпейтіннің өзі болып бейнеленіпті.
Не дегенмен, жария сөздің пәрмені күшті. Сол-ақ екен, ауыл арасы мал тезегінен арылды. Әншейінде ұрысты тілеп алатын ауызды қауым бұл жолы үнсіз қалды. Үкімет адамы деген ұғым бәрінен биік тұрды.
Мектептің қабырға газеті де  бет-жүзіңе қарамайды. Шәміл сияқты Әбдіраш ағайдың да тілі удай. Ойып түсетін ұйқасты әп-әдемі келтіреді.  Сайқымазақ суреттер де жұтынып, сын мазмұнын құбылта түседі. Сабаққа кеш келген ұйқышылдар, ирелеңдеген жыландай екілік торына шырмалғандар, кезекшілікте байқалған уақ кемшіліктерге шейін сатира садағымен түйреліп жатады. Редколлегия деген аты болмаса, мәтіні де, көркемдеуі де, ең аяғы жазылуы да Әбдіраш ағайдың қолынан өтеді.
Бүкіл науқани шара, соны бастамалар фельдшер Талғатқа жүктеледі. Өне бойынан жаңалыққа жақындық мен мұндалап тұрады. Домбыра, баян, мандолин тарта біледі. Фотоға түсіруден де хабардар. Ауылдың қыз-келіншек, жігіт-желеңіне алғаш рет клубта би ұйымдастырып  айран-асыр қалдырған. Биді білетіндер некен-саяқ. Әскерден  келгендер мен студенттер бұрымы тізе қаққылаған бойжеткендер мен сылаң қаққан күлімкөз жеңгелердің бірқатарын би әлеміне  жақындатты. Бұл үрдісті ауыл болып  тамашалап, құдды концерт көргендей әсерде қалды. 
Өзі жан-жақты қабілетті. Спорт десе жанын салады. Қазақ боксы мен күресінің даңқы асқақтап тұрған кез. Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айхановтар ауыздан түспейді. Сол мақтаныш дүмпуіне «Жекпе-жек» повесінің рухы қосылғанда, бала біткен бокс қолғабын киюге құмартып берді дейсіз!
Клубтың сахнамен жапсарлас түкпір бөлмесі бұрыннан бос. Ішіне ескі-құсқы, есептен шыққан заттар жинаулы екен. Талғат сол орынды басқармадан бокс үйірмесіне жаратуға рұқсат алды. Жұдырық жұмысына құмарлар әлгі қуыс бөлмені сыпырып, әктеп, бір жобаға келтірді.
Талғат студент шағында бокс секциясына қатысыпты. Екі жұп бокс қолғабын байластырып, босағаға іліп қойды. Бұрышқа ағаш үгіндісі мен қиыршық құм араласқан тербелмелі қап орнатты. Қос қолға сүғылатын лапа дейтін түйетабан – жаттықтырушының негізгі құралы.
Жаттықтырушының көрсеткені, кітаптан оқығанымыз бір арнаға тоғысты. Дене қыздыру, боксшының рингтегі алғашқы дағдыларын жеделдеткенді қалаймыз. Бәріміздің аңсарымыз – бокс қолғабын киіп, боксшы кейпіне ену. Сол салтанатты сәт те туды. Талғат әрқайсымызды жұптап, бокс қолғабын түйістірудің тұсаукесер рәсімін жасады.
Алғашқы соққылар ауа қармап жатты. Арасында бет, мұрынды қызартқан төте жұдырықтан жасқанып та үлгірдік. Көз көгерді, мұрын қанады. Жүгіріс, жіптен секіру онша шаршатпайды. Есесіне, қарсылас қимылынан көз айырмай, дәл соққы дарыту діңкаңды құртады екен. Құс пыр етіп, мергеннің мүлт кеткені тәрізді өзіңді іштей тұқыртасың. Ойлау мен ойнау қатар жүретін бокс өнері әдіс пен бұла күштің бірлігін пір тұтады.
Жаттығулардың бірінде кәрседе балық қатыруға мұз оятын Өмен дейтін нойыс шырқымызды бұзды. Қызара бөртіп, жұптасып жатқан жасөспірімдерді кимелеп алға ұмтылды.
– Әй, боксшысымақтар, қайсың шығасың менімен? Жұдырықтасу үшін жүректі болу керек.
Ол шалқалақтай қарқылдап, бокс қолғабының бірін рұқсатсыз кие бастады. Намыс буғанда, ақыл артқа шегінеді. Тығыншықтай Данияр ортаға ойқастап шыға келді. Бәріміз іштен тынып, өзімізді зорға ұстап тұрмыз. Аюдай одыраңдап фуфайкасын шешкен күйі қара қолғапты бұлғаңдатқан Өменге бір-ақ аттап жеткен Данияр иектің астынан көтере соқты. Мәссаған, безгелдек! Анау қалпақтай ұшты. Аузынан ақ көбік көпіршиді. Зәреміз ұшып кетті. Қолын уқалап, сүлгімен желпіп жатырмыз. Бір кез терең дем алып, алаңғыттанған көзімен айналасын шолды.
– Мен қайда жатырмын?
– Бокс бөлмесінде!
Есі енді кірді ғой деймін, орнынан жүрелеп әзер тұрды. Жаңа ғана екпіндеп кірген жайсаң қисалаңдаған күйі қарасын батырды. Кешірім сұрауға жүзі шыдамады білем.
Еркектер мәселесін бір-ақ жұдырық шешетініне кәміл көзіміз жетті. Әлсізге күш көрсететіндерге тыйым жасау үшін бөрікті атаулының бокстан хабардар болуы қажеттілік тәрізді. Араша түсуге де батылдық, кез келгеннен таяқ жемейтіндей тәсіл де керек.
Ертеңіне жағы көгерген Өмен жаттығуымызды жетім баладай қорғалақтап қызықтады. Қара тер, қара жын болып, ауада соққы зуылдатқан тарамыс талапкерлерге сүйсінісі бөлек. Үзіліс сәтінде жанымызға жайғасып, ұялған тек тұрмастың кебін киді.
– Жұдырықтың үлкен-кішісі болмайды екен. «Күш атасын танымас» деген мақалды дұрыстап есіме салдыңдар. Енді сендерге ешкім соқтыға алмайды, – деп дарақы күлкісімен айыбын жуып-шайды.
Таңмен таласа далада безілдеп жүгіретініме апамның көзі үйренді. Тек ішімді соққыға төзімді етемін деп қарнымды нан тақтайдың қырына соққылап, оқтаумен түйгіштесем жан дауысы шығады.
– Ақырындап, абайлап дайындалсайшы. Бір күні қарның жарылып кетер, қарағым.
Қора ішіндегі бағанда құм салған қап тербеліп тұрады. Мен қарғып-орғып, жұдырықты түйіп алып, міз бақпаған қапты ышқынта соғамын. Төбедегі үрлік сықырлайды. Осы әрекетті бойы жеткенді мүйізімен осқылайтын ешкі есерлігі сияқты көретін апам сөз аяғын әзілге жеңдіреді. 
– Жүдә, сүт шайқап май алатын мес сияқты ғой, мынауың. Бір күні байқамай қаптың орнына месті түйгіштеп, бізді ағарғансыз қалдырмағайсың, Жанайжан!
Қайран ана! Күні бойы тыным көрмейтін, жаулық ұшы қисаймай, кір де жұқтырмайтын қайран ана табиғаты қандай дархан! Бақыттың да, байлықтың да кілті, берекенің бұлағы солар ғой! Құс көлеңкесінен тоңады деп қызылшақа кезімізден мәпелеумен келесің. Сенің лебізің Алла рақымының ұшқыны ғой. Ана демі – барлық уақытта перзент емі. 
*  *  *
Кітапхана мен байланыс бөлімшесінің шабарманы қылған көңілді күндері зерде парағындағы көп нүктені көбейтті. Оқулықтағы шектеулі мәліметтердің жалғасын түпнұсқалардан таптық. Шынымен-ақ, білгіш болып барамыз.
Оймақтай ауылдың болашақ серкелері кітаппен достасты. Үлкендер атқаратын қызметтің баспалдағы балаларды жатсынбайтынын білді. Жұмысқа деген адалдық, берілгендіктің дәмін татты. Алыс пен жақынды жалғайтын хат-хабардың құндылығын бауырмалдықпен ұғынды. Шымырлардың шашбауын көтерген  даңқ тұғыры да қол бұлғайтындай.
Былтырдан бері ойынға есеміз кеткендей үй көрмейтін қаңғыбастықтан арылдық. Мектеп маңын жасыл желекпен жайқалттық. Ата кәсіп балықшы өміріне де жақындай түстік. Пайдалы істер жаңа нәтижеге бет бұрғызды. Ескерту есітпей, алғыс алған ізгілік ізі сенімді соқпаққа айналды.
«Туған ай тураған етпен бірдей» дегендей, тамыздың әр тәулігі түн пердесін жылдам түсіруде. Алғашқы қоңырауға  бас-аяғы он шақты күн қалды. Жетінші сыныптың партасына қонжиятын сәт тақады. Жинақтала бастадық. Көңіл күпті. Табысымыз намысқа ұласты. Мектепке базарлық кәдесін ұсынбақпыз.
– Жолтай аға берген  кітаптардың бүтінінен жинастырып, ұландар бөлмесіне тарту етсек қайтеді, – деген Данияр жол тауып кетті. Арада аз-кем үнсіздік орнады. Бір жағынан үйіміздің сәніне айналған қызықты кітаптарды қимайтын сияқтымыз. Ойлап көрсек, сол дүниені тыққыштай бермей, басқалардың да рахаттана оқығаны әділетті болмақ. Бәріміз қас-қағымда осындай ортақ топшылауға тоқтадық-ау деймін. 
– Ендеше, әрқайсымыз үш кітаптан қосайық. Шапшаңдық танытқан Монтайдың көзі жайнап барады. Қос бума кітап қолымызды талдырғандай күй кештік. Сыйлығымыз әлі де орталау тәрізді. Қалайда бір нәрсемен толықтыру қажеттігін сезіп тұрмыз.
– Соған Манаш ағаның  пошта жәшігін қоссақ, қатып кетпей ме?!
Жәнібектің ұтырлы ұсынысына бәріміз бас изедік.
Мен де жайбасар емеспін. Ой еркін әуелі достарыма қалдырдым. Қаптың түбін қаққандай етіп  шеті көрініп  тұрған мүмкіндікті алға тарттым.
– Талғат ағадан сыр тарттым. Кет әрі емес. Басқармадан рұқсат алатын сияқты. Клубтың өзіміз жаттыққан бөлмесін мектеп оқушыларына арналған бокс секциясын  ашуға жаратсақ, қандай тамаша!
Тіл алғыштар талқысы бір арнаға тоғысты. Мектепке сый – ұстаздарымыз бен оқушы қауымға үлкен мәртебе. Балалық шақ атты періштелік белес ой тазалығынан жан рахатына қадам бастырды. Өмір кітабының бір бетінде үлкендер, келесі бетінде балалар болып тағылым дәмін татқандаймыз. «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» дейтін ежелгі ел тәлімі санамызға сіңді. Арман бекетінің қияндағы қиялшылдары осы жарасымның бір кездері өткен шақпен өрнектелетінін бұл тұста қаперіне де ілместей әсер құшағында еді.
Тамыздың соңғы түнінде көз ілмей, қыркүйектің сағынышты таңына асыққан жағалау жаңашылдары бүгін жүрегі жарылардай шаттыққа кенелді. Алғашқы қоңырау салтанатына ауыл тегіс жиналған. Дастарқан жайылып, табақ тартылмағаны болмаса нағыз тойға бергісіз мереке. Мектеп маңайы айнадай тап-таза. Сай беткейіне былтыр егілген тобылғы түстес талдар ерекше өң берген.
Дене шынықтыру алаңы жанұялық мінбер іспетті. Сақалын саумалаған қарттар мен қарқарадай кимешектерін күн өпкен әжелер клубтан әкелінген орындықтарға жайғасты. Басқа ірі басты адамдар отындық бөренелерге қатарласып аяқ суытты. Жастар жағы жиынның жел бетін қаусырмалап тұрды. Ортаға беті алқоңыр матамен көмкерілген оқытушылар бөлмесіндегі жалғыз ұзынша үстел қойылған. Басқарма Ақжан, мектеп директоры Құлан, ауылдық кеңес төрағасы Кенже, Шәкен ақсақалдар жиналыс төріне көтерілді.
Салтанатты сап құраған жүзден астам оқушы ішінде  белсенді балалар жайраң қағады. Әсіресе, 6-сыныптың алты арманшылына деген құрмет айрықша. Олар тұп-тура «Ер Төстік» ертегісіндегі «Сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе» дегендейін ерекшеленді. Жанай мен Монтай, Данияр мен Жәнібек, Қайсар мен Нұртай топ алдына шығарылды. Алаулаған жүздерінде есею ұшқыны қылаңдайды. Қызыл галстукті комсомолдың төс белгісімен қазір-ақ ауыстыратындай әсерде.
Палуан тұлғалы директор жел сусытқан шашы көзіне құлағанын елең етпестен асқақ үнмен жиынды ашты.
– Оқу жылы мектебіміз үшін аса абыройлы басталғалы отыр. Алақандай ауылда жұмбақ ештеңе жоқ. Былтыр 7-сыныптың жасөспірімдері мектеп ауласына жабайы талды жерсіндіріп, бұған дейін ауыл болып ескермеген жаңалық жасады. Биыл мынау алдарыңда тұрған 6-сыныптың алты алғыры ауылдағы халыққа қызмет көрсететін орындардағы ағаларына жәрдемдесіп, ізгі қадам жасады. Мінекей, жазғы каникулды босқа селтеңдемей, осылайша өткізуге болады екен. Бұл – барша шәкірттеріміз үшін жақсы өнеге. Ұстаздар қауымы атынан оларға алғыс жариялаймын. Балаларын қоғамшыл қылып тәрбиелеген ата-аналарына да рақметіміз шексіз.
Құлан ағайдың алып құшағына еніп шыққан алтаудың жүрегі өзінде жоқ. Келесі сөзге көшкен Ақжан басқарманың ақ кителіндегі майдандық орденін сипалап тұрып тебіренген лебізі елді елжіретті.
– Қарақтарым, сендер осы ауылдан соғысқа аттанған жампоздардың жұрнағы екенсіңдер. Бауырларының шат күлкісі үшін шейіт болған сол боздақтардың әруағы өздеріңді дәйімі қорғап жүрсін! Атам қазақ мұндайда «Жігіт болды деген осы!»-деп марқаяды. Колхозшылардың жалпы жиналысы қаулысымен жауқазын жеткіншектерге балықшылардың қоры есебінен бір-бір портфельді сыйға тартамын.
– Мәссаған! Таңдай қаққан бүлдіршіндер қос қоржынды, қос суырмалы портфель иелеріне қызыға қарайды. Қайдағы қызғаныш – бәрінің ойы жақсылыққа асығу!
Жұртшылық тағы бір майдангердің сөзін күтті. Бір аяқты ұрыс даласында қалдырған ауылдық кеңес төрағасы Мырзаш қос балдаққа сүйеніп, ақ тілегін ақтарды.
– Мына қарға тұяқ балалардан үлкен үміт күтемін. Араларынан оқымыстылар да шығар. Ең бастысы – бұлар осы бетінен танбаса, тамаша азамат болып қалыптасады. Отанды сүю үшін алысқа аттандаудың қажеті жоқ. Туған жерге махаббат әркез ауылдан басталады. Менің сыйлығым –қаламсап. Шетінен жазғыш болсын.  
Жағалау қадірмені Шәкен қарт батасын берді. Пошташы   Манаш   пен кітапханашы Жолтайдың  да қолтығы бос емес көрінеді. Әзірлеген сыйлықтары бар тәрізді. Топ ішінде бұларды сүйсіне қадағалаған Талғат алға шықты. Шоқ-шоқ гүлді уыстаған аға тәлімгер Бақташ та бермен беттеді. Темірқанат балапан сықылды жеті жасар балдырған  саусақтарын талдырған жез қоңырауды баяу сыңғырлата мақтаулы топқа ұсынды. Ал тілалғыштар қаздай тізіліп, өздері тапқан каникул базарлығын ұстаздар шоғырына тарту етті.
Арада апта өткенде Әбдіраш ағай  аудандық газетке кітап достары  туралы құлаштай мақала жазды. Бүкіл оқушының назары осыларда. Дәлізде көрсе, жол береді. Бастамашыл балалар бұрынғыдай сабақтан шығу бойына тікелей үйге асықпайды. Алдымен кітапхана мен поштаға, одан соң клуб ішіне бас сұғады. Жаңа дағды оларды мектептен тыс өмір сабағына тыңдаушы ғана емес, үлес қосушылар санатына қосқандай.
Бос уақыт туралы бас қатырмайтын болдық. Таңдаған үйірмеміз тарих пен әдебиет, спортқа бұрынғыдан да жақындата түсті. Бос парақтардан қиып алынып тігілген қойын дәптер төсқалтамнан түспейді. Бірдеңелерді түртетінді шығардым. Алғашқы кейіпкерім алдатпады. Суат жайлы шағын әңгімем республикалық балалар газетінде жарияланды. Әдебиет үйірмесінің отырыстары ауыл кітапханасында өтіп жатты. Тіліміз тәттіленіп, шетімізден сөзшең болып барамыз.
Эпилог орнына
Немерем ата әңгімесін ұйқыға айырбастамады. Сұрақтар қардай борады. Тіл алғыш достарымның  кейінгі тағдырын тәптіштеп сұрастырды. Қырау шалған самайыма бетін тақап, шаршаңқы жүзіме мейірім шуағын төккісі келгендей. «Біз де бала болғанбыз» дейтін аталар аңсауының астарын шынымен-ақ ұғынып қалғандай.  Ауылға саяхатшы көзімен аңсары ауғанын жасыра алмай әлек. Болашақ туындыға кейіпкер боп енген ағаларға ұқсағысы келетіндей.
Көптен мызғымай тұрған кітап сөрелерін нәзік саусақтар шарлай бастады. Қызылды-жасылды мұқабаларды сипалап, қаламгер еңбегінің қуатын сезінгендей.  Қара да тұр, бір күні: «Ата, бала кезден кітапты көп оқыпсыз. Жаңашыл мұғалім, қаламы жүйрік журналист атаныпсыз. Өмір көшіндегі сол қимас белестеріңіз де тәп-тәуір кітапқа өзек болуға татиды ғой. Ертегіге бергісіз ғажайып дәурен туралы неге жазу столына отырмайсыз? Біздің ауылдан да бір жазушы шықсын та!» – деп тақымдауы да ғажап емес. Бүгін ертегі, ертең әңгімеден сусындаған өскелең ұрпақ шапшаң уақыт шарпуымен хикаят, романдарға тісі бататын болса, аянып қалатын не бар?! Аталарға тыныштық жоқ енді!
Бұл – алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Студенттік шақтан бергі жинақтаған құнды кітаптарымды бұдан әрі шаң қаппай, жаңа заман өкілі қимастықпен парақтаса, арман не?! Аталардың аманатын әспеттейтін мұрагер немерелер көп болсын десек, көпті көрген көнекөз ретінде немерелерімізге ертегі айтып, талқыға толы өміріміздің жарияланбаған сырларын сағына шертуден жалтармайықшы! Бұл –шығармашылық ләззат қана емес, нағыз шынайы өмір есебі.
(Соңы. Басы өткен сандарда)
Жаңабай Кемал
11 тамыз 2020 ж. 521 0