Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мемлекеттік тіл – Ұлы Дала рухының тірегі

Мемлекеттік тіл – Ұлы Дала рухының тірегі

Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор
қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр.
Елбасы Н.НазарбаеВ
(Қазақстан халқы Ассамблеясының
ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен)

Ұлы Дала!.. Дала перзенттері... Кім қалай айтса да, барша халықтың тату-тәтті қатар өмір сүруінің ең озық өнегесін танытқан – солар, яғни дала перзенттері. Бүгінде ұрпақтары –  қазақтар сол үрдісті жалғастырып  келеді, жалғастыра  бермек.
Бір сәт сонау ғұн заманына шегініс жасайық. Лев  Гумилев «Қиял патшалығын іздеу» атты кітабында: «Ең әуелі ғұндардың өзгенің жерін басып алуға емес, теңбе-теңдік жағдайында алыс-беріс саудасын жасауға ұмтылғанын айту керек. Б.з.д 200 жылы олар Байдың қыстағы (Шаньсиде) қасында Қытай императорын нөкерімен қоршап алды да, онымен «тыныштық пен туысқаншылдық» шартын жасасып, ешбір жер-қоныс атаулыны сұрамай, босатып жібереді... Ғұндардың Қытаймен соғысы бас­қын­шылық соғыс емес, қорғаныс соғысы бола­тын»  дей келе, Қытайдан қысым көрген тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бөлек талай халық ғұн даласынан пана табатынын да айтып өтеді.
Ұлы жорық кезінде ғұндардың аса көрнекті қолбасшысы Аттила (Еділ) жергілікті халықтардың мәдени құндылықтарының сақ­талуына аса мән берген.  Римді жаулап алуға мүмкіндігі бола тұра, 452 жылы мәдени мұралардың қирауына жол бермеу мақсатында атының басын кері бұрған.
Сайын дала перзенттері адамгершілік қасиеттің биік шыңына шыққаны сонша, тіпті сонау араб миссионерлері келместен бұрын-ақ ислам қағидаларына қайшы келмейтін, бір Жаратушыға сыйыну сенімін іске асырып, саналарына сіңірген.
Сол алмағайып заманда Орта Азияны 654 жылдан 705 жылға дейін бағындыра алмай, Мүсілім ибн Құтайба тұсында ғана Исламды мойындатқан араб жаулап алушылары Ұлы далаға кірмеді. Оның басты себептерінің бірі – онсыз да бір Жаратушыға бағынған халықты мұсылман санағандығында! Ол жайт  тарихтан белгілі.
Ғасырлар бойы жауласқан ата жауы жоңғарлардың бастарына күн туғанда, оларды кешіре білуі де – Ұлы дала гуманизмінен туындап жатқан ұлы қасиет екені аян .
Жаратқанның өзі жақтаған дала перзенттерінің бүгінгі ұрпағы – қазақтар сол ата-баба қанымен берілген қасиеттерді тал бойында таза сақтап келеді. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, қазақтардай сабырлы, баршаны тең көретін ынтымақты, бауырмал халықты кездестіру қиын.
Бұл турасында Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол бол­мақ. Осыны халқымыз бек түсініп, бірлігіне бекем болды. Ел иесі – қазақ халқы да ешкімге шетқақпайлық көрсеткен жоқ. Ұлтына, тілі мен діліне қарамай, барша этнос өкілдерінің теңдігін Ата Заңымызда айқындап алдық. Табысқа тоқмейілсіп, тоқырап қалмай, алыс болашағымыздың темірқазығы – «Қазақ­стан-2050» стратегиясын қабылдадық. Онда ең басты 7 басымдықтың бірі – Жаңа қазақс­тан­дық патриотизмнің түп қазығы ретінде ел бірлі­гін басты назарға алдық», – дейді.
Ал «Халықтың баршасы – бір Адам атадан тараған, бәріміз –бауырмыз!» дейтін дала перзенттерінің бүгінгі ұрпағына мұндай терең ойлы пәлсафашы болуына Жаратқан ие қандай жағдай жасаған?!
Оны орыстың бүгінгі белді жазушысы, санк-петербургтық Даниил Гранин былай сипаттайды: «Мен тұрған қаланың айналасының бәрі орман. Қаладан шықсам, көретінім тек қалың ағаш. Өмір бойы еңбек демалысында Қап тауларына барып демалатын әдетім бар. Ол жаққа барғанда, қай жағына көз салсам да, көретінім – төбеңнен төніп тұрған тау мен тас. Ана бір жылы жолым түсіп Қазақстанға барып қалайын. Қазақ достарым мені атқа мінгізіп, он бес күн бойы Сарыарқаны аралатсын. Түгел көріп шыға алмасақ та, талай жерге бардық. Міне, мен сонда, қайда қарасаң да көз жетпейтін жазық даланы көргенде, қазақтардың неге шетінен ойшыл, пәлсафашыл болатынын түсіндім!» –дейді.
Қалай дәл айтылған сөз! Иә, сайын дала құдіреті, оның мәңгілік адами пәлсафасы, адами қасиетке толы ой-өрнектері – бүгінгі таңда әлем лаңкестіктен, нәсілшілдіктен, әсіре ұлтшылдықтан, діни экстремизмнен, тағы басқа адамзатқа қарсы әрекеттерден тығырыққа тіреліп, жол таба алмай тұрған сәтінде, оған даңғыл жол сілтер бағыт болуда!
Бұған қазақстандықтарды біріктіре де, кіріктіре де түскен бағытымыздың дұрыстығына Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясына қатысқан делегаттардың лебізі, сахна төріне көтерілген атақты былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің: «Менен ұлтымды сұраған кезде: «Әкем – орыс, анам – корей, ал мен – қазақпын!» деп жауап беремін» ,– деген жүрекжарды сөзі көп сыр ұғындырып тұр.
Демек адамзатқа адами қасиет ортақ. Ғасырлар бойы өзара қырқыстан адамзат қажып, соңғы уақытта өзара түсіністікке ұмтылуы – заңдылық десек, адамзаттың өзара түсіністікке ұмтылу үрдісінде қазақ халқы көш бастап келе жатқаны хақ. Өйткені Ұлы Дала рухын қанына сіңірген халық адамгершілік көшінде әлемді мойындата бастауы – бұлтартпас шындық!
Бұл турасында тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Батыста бір үлкен жиын басталар алдында Елбасымен жүздескен батыстық журналистер Қазақ елінің басшысын менсіне қоймапты. Сонда Елбасы Н.Ә.Назарбаев қойылған сұрақтарға жауап бермес бұрын: «Сендер алдарыңда тұрған адамды танисыңдар ма?! Танымасаңдар, танысып қойыңдар! Бұл – Аттиланың тікелей ұрпағы – Қазақ деген елдің басшысы! Кезінде тарихи себептермен азаттығымыздан айырылып қалдық. Бүгінде – Азатпыз! Енді сендерге кім екенімізді танытар уақыт келді!»  – деген.
Аттиланың есімін естіген батыстық журналистер айылын тез жиып алыпты. Міне, бабалар қалдырып кеткен ұлы рух қуаты!
Иә, адамзаттың мәңгілік татулықта, ынтымақта өмір сүруі жолындағы биік рухты қалыптастырып, мұраға қалдырып кеткен бабалар жолы қанмен беріліп, бүгінгі ұрпағы – қазақтарға аманаттап кеткенін тағы қайталасақ,  дүние жүзі  мойындауда!
Қазақ еліндегі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың өзара ынтымағы, көрші елдермен  татулығы, алдымен, қазақ халқының болмысына тән десек, осы рухани құндылықты ғасырлар бойы ұлт болмысына сақтатып келген – қазақтың ана тілі! Бұл ақиқатты да барша әлем еріксіз мойындап, тамсануда.
Міне, кезінде Батыс журналистерінің алдында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Сендерге кім екенімізді танытар уақыт келді!» деуінде, қазақ халқының бойындағы ата-баба рухының қуатына сенгендіктен шыққан жүрекжарды сөзінің ақиқаты жатыр.
Десек те алдымызда рухымызды әлі де биіктете беру үшін қыруар шаруалар күтіп тұр. Ол – бабалар рухының ашылмаған беттерін бойына бүгіп жатқан мемлекеттік тіл – қазақ тілін одан әрі дамыта түсу міндеті.
Осы орайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ілгері басып келе жатқан сындарлы саясатының арқасында Молдава сынды елдердегідей тіл белгісіне қарай бөлшектеніп кетпегенімізді баса айта кету керек. Керісінше, Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілі аясына бірігу ниеттері, әсіресе, соңғы кезде үрдіс ала бастады.
«Көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?» дегенде: «Көргеніңді айт, естігенің қағыс болар» – депті. Сол айтпақшы, көргенімнен бірер мысал келтірейін.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын үлкен қызым Нұргүлді Көкшетауға оқуға алып барғанмын. Онда Көкшетауды қазақтандыруға атсалысып жүрген азаматтар: «Көкше» академиясының президенті Жанат Қасым, сол академияда құрметті профессор Жеңіс Темірхан сынды кезінде қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен дос ағаларым  бар-ды. Әрі өзім де Көкше өңірінің қазақтануына «теңіздегі тамшыдай» үлес қоссам деген ниетіммен қызымды ұлттық рухпен қаруландырып аттанған едім.
Дүкендерді аралап жүріп, орыс сатушыларына барып, қазақшалап: «Маған 200 грамм кәмпит өлшеп беріңіз» деймін. Олар жалма-жан еш жауап қатпастан, қазақша білмесе де, жүректерімен сезініп, айтқан нәрсемді бұлжытпай орындайды.
Былай шыққан соң қызыма:
– Міне, көрдің бе?! Біздің кезіміздегідей емес (Кеңес заманын меңзеп тұрғаным), бүгінде терең түсінбесе де, қазақ тіліне деген құрметтері бар. Демек бұл дегеніміз – қазақ тілі болашақ Қазақ елінің халқын біріктірер шешуші тіл болады деген үрдіс, – деймін. Солай дедім де, көрші дүкенге кіріп, қазақ сатушы әйелге:
– Мына кішкентай қазаның қанша тұрады? – дедім, қызыма алып беруге ыңғайланып. Әлгі сатушы қазақ келіншегі:
– Не поняла! По-русский говори! – дегені жекіп.
Мен де ерегісіп қазақша сөйлеп тұрып алдым. Әлгінің даусы ерекше қатты көтеріле бастады. Сол кезде дүкеннің түкпірінен бір ер адам шыға келді. (Ері болар шамасы?!) Енді әлгі ер адамға үміттене қарағам. Ол да қазақ тілін қажет етпейтін мәңгүрт екен. Олар енді екеулей бастады. Дауысымыз қатты-қатты шығып, үлкен айқайға айналды.
Кенет мені біреу қапталымнан түртті. Жалт қарасам, бір орыс баласы екен.
– Аға, бұларды қайтесіз? Мұндай қазан мына қарсы алдыңыздағы дүкенде де бар ғой, – деді маған жаны ашып.
Іс насырға шауып кетер деп, әрі қасымдағы қызымды ойлап, ақырын әлгі баланың соңынан ере бердім.
Жолай келе жатып, әлгі орыс баласы:
– Аға, мен кейбір қазақтарды түсінбеймін. Өз тілдерін үйренудің орнына неге қасарысады екен?! Бізді ата-анамыз, үйде: «Сендер – қазақстандықтарсыңдар! Сондықтан болашақтарың үшін қазақ тілін үйренулерің керек, – деп отырады. «Ал өздерің неге үйренбедіңдер?» десек, «Ол заман бөлек еді» дейді», – деді.
– Өркенің өссін, балам! – дедім баланың басынан сипап ризашылықпен. Сені дұрыс тәрбиелеп отырған ата-анаңнан айналайын!
Сол сәтте бала жымың етіп:
– «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» – деп мақалдатып жібергені.
Көкірегімді еріксіз өксік қысты. «Өзгелер құрмет тұтып отырған тілімді, өзімізден шыққан шұбар жыландар қор қылды-ау!».
Қазан сатып алынды. Бірақ әлгі қазақтардың қылығы көңілден кетпеді.
Кезінде Кеңес үкіметін құрған күн көсем В.И.Лениннің: «Орыстанған өзге ұлт өкілдері орыс шовинизмінің көзсіз қорғаушысына айналып, орыс шовинизмінің көркін қыздырушысы болады» деген ұлағатты сөзі бар-ды. Қалай дәл айтылған. Орыстанған қазақтар қалай мейірімсіз  шовинист болса, қазақтанған өзге ұлттар қандай мейірімді! Демек алдағы уақытта қазақ тілінің дамуына үлкен кедергі жасаушылар өзге ұлт өкілдері емес, мәңгүрттенген қазақтар болары айдан анық. Сондықтан тілімізге кімнен қауіп екенін сезініп, күрес тактикасын дұрыс қолданған жөн. Мұндай жайтқа тағы бірер мысал келтірсек.
Қызым Нұргүл «Көкше» академиясы жанындағы колледжде оқып жүргенінде, Нұр-Сұлтандағы оқу орнынан қуылған бір қыз тобына кеп қосылыпты. Қызым топ басшысы болатын. Әлгі қыз темекі де тартады, арақ та ішеді екен. Кіндігіне дейін сырғалап тастапты. Ылғи орысша бейәдеп сөздер қосып сөйлейтін көрінеді. Мұндай қылығын сезген соң, бұл оқу орнынан да шығармақ болыпты. Өзінің тобына келген, мұншама рухани құлдыраған қазақ қызды аяп, қызым топ басшысы ретінде әлгі қыздан  жөн сұрапты.
Тап-таза қазақ тілінде мән-жайды сұрап тұрған қазақ қызын бірінші рет көрген әлгі қыз қатты таңырқап қалып, көзіне жас алыпты. Сұрастыра келе, қыздың жағдайына әбден қанығыпты.
Сөйтсе, әлгі қыз Моңғолиядан келген қандас отбасының қызы екен. Моңғолиядан Қазақ еліне келген соң, Нұр-Сұлтан маңында орыстанып, мәңгүрттенген қазақтардың ортасына түсіп, қоғамға кіріге алмай, ақыры жергілікті тұрғындарға сіңісу үшін арақ-шарапқа үйір болыпты.
Ақыр соңы, отбасының шырқы бұзылып, әрқайсысы әр жаққа бытырап кетіпті. Бұл қыз Нұр-Сұлтандағы бір колледжге түсіп, көп ұзамай бұзықтығы үшін оқудан қуылыпты. Міне, енді бұл жерге де сыймай қуылғалы тұр екен.
Мән-жайға қаныққан қызым Нұргүл оқу орнының басшыларына қандас  қызды оқудан шығармауын өтініп, өзінің қамқорлығына алатынын, әрі кепіл болатынын айтып хат жазады. Оқу орны басшылығы қызымды қатты құрметтейтіндіктен, өтінішін қанағаттандырыпты.
Ұлттық рухы биік қызым көп ұзамай әлгі қызды қазақтың нағыз есті қызына айналдырыпты. Моңғолиядан келген қыз өте өнерлі болып шықты. Қолөнердің хас шебері екен. Колледжді қазақтың ою-өрнектерімен безендіріпті. Оқуды бітірген соң, әр жерде жүрген бауырларын, ата-анасын жинап алыпты. Қазір Нұр-Сұлтанда еңбек етіп жатқан көрінеді. Қызыммен әлі күнге хабарласып тұрады.
Бұл жерде айтпағымыз, басқа халықпен бәсекеге түспеген, таза қазақи ортадан «көлеңкеде өскен гүлдей» құлпырып келген қандастарға  аса қамқорлықтың керегі.  Қанша жерден қазақша нәр алса да, тілі де, ділі де бөлек, орыстанған ортада олардың бәсекеге түсе алмай, рухы сынатынын ескеруіміз қажет-ақ!
Мұндай олқылықтың орнын толтыру мақсатында жоғарыда аты аталған көкшелік  азаматтардың ерен еңбегін ерекше  айтып кету керек.
Олар қазір Моңғолиядан келген ағайындардың  адасушылыққа ұрынбай, дұрыс жолға қадам басуына атсалысуда. Тіліміздің құдіреттілігін паш етуде екінші қызым Гүлназдың да биік рухын мақтан еткім келеді.
2010 жылы, яғни екі жылдан соң, ол да «Көкше» академиясының жанындағы  колледжге оқуға түсті. Бір жылдан соң, қазақша бөлімі жабылып қалды да, орыс бөліміне ауысты. Өзге ұлт өкілдері, өзге діл, өзге тіл... Бұл – қазақша... Орыс тілінде шала сөйлейтін қызым сабақты қазақша айтады. Наразы мұғалімдерге: «Сабақ айту – менің міндетім. Қазақшаға түсіну-түсінбеу – сіздердің шаруаларыңыз!» дейтін көрінеді. Тілге түсінбеген мұғалімдер бағаны төмендетіп қойғысы келсе, қызыммен бірге оқитын өзге ұлт өкілдері өре түрегелетін көрінеді.
– Құрметті мұғалім, Гүлназ қазақ бөліміне түсті. Ол – қазақ тілді. Бөлімнің жабылуына ол кінәлі емес. Ал қазақшаны түсіну-түсінбеу –расында да сіздің шаруаңыз! Біз түсініп отырмыз, сабақты өте жақсы айтты, – деп жоғары бағаны талап етіп, әрі сол талапты орындатады екен.
Содан бастап өзге ұлт өкілдері жаппай қазақ тілін үйренуге бет алыпты. Гүлназ қызым бұл істе өте шебер болып шықты. Өзі орысша үйрене жүріп, бірге оқитын достарын қазақшаға төселтті.
Соңғы сынақ тестінде іштей наразы боп жүрген мұғалімдерге өзінің шынайы білімін көрсетіп, ең жоғары баға алған соң, қызымды бәрі мойындапты. Қазақ тілінің беделі одан сайын көтеріліпті!
Кейін бірге оқитын достарының қазақша үйреніп, мінезінде қазақылыққа тән мейірім орнағанын көрген ата-аналары бар жағдайды біліп, қызыма алғыстарын жаудырып жүрген көрінеді. Бірер мысалдан-ақ қазақ тілінің құдіретін, рухын танып-білуге болады.
Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстан – біздің жеріміз, біз өз жеріміздің перзентіміз. Ақиқат қарапайым: қазақтардың белсенді араласуынсыз Қазақстанда ешқандай ұзақ мерзімді қоғамдық келісімнің болуы мүмкін емес. Бұл жер әрқашанда біздің ата-бабаларымыздың жері болған. Ол енді біздің ұрпақтарымыздың жері болмақ. Біз өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауаптымыз. Толеранттылық ұлттық құндылық және  Қазақстан халқының игілігі болып табылады. Ол қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлері мен мәдени үлгі-қалыптары негізінде қалыптасты», – деп бабалардан келе жатқан рухымыздың қуатын, бастауын сипаттай келе: «Қазақ жері 100-ден астам этнос­тарды біріктіреді.
Әрине, осы этностық әралуандылықтың бәрі біртұтас ұлтқа айналуы үшін жақсы қасиет қажет. Бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор  қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып отыр» – деп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінде рухымыздың негізі – қазақ тілінде жатқанын айқындай түсті.
Ендеше, «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілін дамыту саясаты – біріктіру күші болуға тиіс» деп атап көрсеткендей, «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, ақпарат көздерінде Ұлы Дала рухының негізі, тірегі – мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тұла бойын­­­­да тұнып жатқан мол рухани байлықты  тұшымды түрде игере отырып, тіліміздің ілгері дами түсуіне барынша жағдай жасап, жан-жақты насихаттай беру қажет.
Бұл – мемлекеттің тірегі, рухымыздың бастауы – қазақ тілінің қарыштап дамуы – орындалмай қоймайтын арман! Оған ақиқат көзімен қарап, өз үлестерін қосу – өзін-өзі сыйлай алатын әрбір руханият саласындағы азаматтардың, Отанын сүйер патриот – қазақстандықтардың тікелей міндеті.
 Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілі – Ұлы Дала рухының тірегі болса, Ұлы Дала рухы – Қазақ елін бір қауызға сыйғызып, біріктірер рухани күш.
Нұрбай Жүсіп,
Қамбаш ауылы
19 қыркүйек 2020 ж. 493 0