Ең қауіптісі – рухани жұтаңдық
Бүгінгі таңда саналы азаматтарды еліміздегі нарық қыспағына, бүкіл әлемнің зәресін алған пандемияға байланысты туындаған қиыншылықтар мен күрделі мәселелер ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани байлықтың орталанып, төмендеп бара жатқаны да ерекше алаңдатады. Рас, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылды.Дегенмен, осы бағыттағы іс-шараларды тікелей іске асыруға жауапты идеологиялық сала қызметкерлері мен әрбір отбасы әлі де болса жайбарақаттық танытып келеді. Сондықтан көп болып, ақыл қосып, мәдени ағарту мәселелеріне байланысты жағдайымыздың қазіргі жайын қайта-қайта таразылап, оның қайда бара жатқанын бағдарлап, соған сәйкес бетбұрыс жасамасақ, оның ақыры рухани ашаршылыққа әкеліп соғатыны белгілі. Адам тағдыры – ел тағдыры. Сол себепті адам танудан ақша тану басымдау болып тұрған мына заманда оның материалдық жағын ғана емес, рухани жағын да ойлап, ойлы да жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Ол үшін не істемек керек?Ең алдымен, білім, мәдениет, ағарту мекемелері, әрбір отбасы санасы сергек, ойы озық, талғамы биік, қиялы жүйрік, ұлттық рухани құндылықтарды бағалай, зерделей білетін қоғамымыздың болашақ азаматтарын тәрбиелеуге ерекше мән берсе деймін.
«Тәрбие – тал бесіктен» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ұлттық тәрбиенің негізі ананық әлдиінен басталатынын өмірдің өзі, ғылымның көзі – халықтық педагогика әлдеқашан дәлелдеген. Бұған Бауыржан Момышұлының мына бір айтқан аталы сөзі дәлел болады ғой деп ойлаймын: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ». Батыр Баукеңнен артық не айтуға болады?! Ертегі білмейді екенбіз, білсек жөндеп айтып бере алмайды екенбіз, неге бір сәтке күйбеңі таусылмайтын тіршіліктен саңылау тауып, немерелеріміздің ұйқыға бас қояр сәтінде қазақ, әлем ертегілерін, тәрбиелік мәні зор қысқа әңгімелер мен өлеңдерді кітаптан, «Балдырған» журналынан оқып бермеске. Мұны айтып отырған себебім, осындай жолмен балаларды кішкентай кезінен-ақ кітапты сүюге, сол арқылы рухани байлықтың ең биігі – әдебиетті сүюге баулыр едік.
Бала кітап оқымайды дейміз. Дұрысы, соны оқыта алмай жүрміз-ау, шамасы. Ең алдымен біз, ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер жас жеткіншектердің физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, көркем әдебиетке деген олардың қызығушылық сезімін оята білуіміз керек. Жас кезінен бастап бойына әдеби кітап оқуды сіңдіре білген бала, өмір бойы көркем әдебиетті жанына серік ететіні анық.
Бастауыш класс деңгейіне жетер-жетпес қана сауаты бар әкем марқұм қазақ халқының эпикалық жыр-дастандарын тыңдағанды өте жақсы көретін. Сабағымды оқып, ойын «жоспарын» бітіріп, үйге келгеннен кейін 1-2 сағат бойы «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Қырық қыз» (қарақалпақ тілінде), «Қамбар батыр» туралы жырларды оқытып тыңдайтын. Кешкісін кестемен берілетін электрдің, ол сөнген кезде май шамның жарығымен тағы да оқытатын. Марқұм өзі жастыққа жантайып жатып, қозғалмастан қызыға тыңдаушы еді. Оқу кейде өте ұзаққа созылып кетеді. Бала емеспіз бе, оқып отырып, қалғып кетем. Кітап қызығына беріліп кеткен әкем кейде беті-қолымды жудырып, қайта оқытады. Ертеңіне беті бүктелген кітапты алдыма қойып жатып, жастыққа қайта жантаяды. Мен ол кезде 4-5 класта оқитынмын. Әбден жалығам. Көбінесе түсінбей, судыратып оқимын. Әкем осыны байқаған болуы керек, кезекті оқу алдында қолыма беті бүктелмеген кітапты беріп тұрып: «Ал, балам, әрі қарай оқи ғой, қай жеріне келіп едік?» – дейтін болды. Мен тосын сұраққа жауап бере алмай абдырап, тосылып қалам. Осы ескертуден кейін өзімше батырлар әлеміне кіріп кетіп, жырдың мазмұнына, мағынасына, оқиғасына мән беріп оқитын болдым. Шынында да,ойланбай оқу, түсінбей оқу – шайнамай жұтумен бірдей ғой өзі.
Міне, осылайша менің көркем әдебиетке деген қызығушылығым, білімге деген ұмтылыс-құштарлығым артты. Әдеби шығармаларды тұрақты түрде оқу дағдыма айналды. Жан азығы саналатын жақсы кітаптың да өмірдегі бір ұстазым екенін ұғындым. Мұғалімнің: «Кітаптан есті бала ес алады, ес алса сабағынан бес алады» деп айтқан, шәкірттерін кітап сүюшілікке шақыратын бейнелі нақыл сөзін санама құйып өстім.
Шын мәнінде, әдеби көркем шығармалар өзінің жағымды кейіпкерлері арқылы жақсы әдептен үйренуге жетелесе, жағымсыз кейіпкерлері арқылы жаман әдеттен жиренуге насихаттайды. Сондықтан жас достарым, өміріңе рухани азық, бойыңа күш-қуат, ойыңа қиял, көңіліңе арман беретін, адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинаған білім бұлағы – кітапты сүйіңіздер. Ол сіздерді бүкіл іске қасіретін тигізетін ой таяздығынан, талғам жұтаңдығынан құтқарады. Біліміңді жан-жақты толықтырады, тіл байлығыңды арттырады, мәдениетіңді қалыптастырады, қиялыңа, арманыңа қанат бітіреді. Бір сөзбен айтқанда, сені еріксіз руханият әлеміне жетелейді.
Сондай-ақ адамның жан-дүниесін рухани жағынан байытатын қазынаның бірі – бұқаралық ақпарат құралдары екені белгілі.
Бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани өмірін жан-жақты көрсетіп, халыққа жеткізіп келе жатқан, ауданмен түйедей құрдас, 90 жылдық тарихы бар жаңалық жаршысы – «Толқын» газеті. Басылым қоғамдық-саяси бағытта болғанымен, аудан халқының өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін, мәдени-ағарту саласын, өңірден шыққан ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлері мен өнер адамдарының өмір жолдары мен өнерін насихаттап келеді. Отбасымызға жаздырып алатын 10 түрлі газет-журналдардың ішінен қолымызға алдымен төл басылымдарымыз «Толқын» мен «Арал әлемі» газеттерін аламыз.
Жалпы, маған «Толқынға» тұрақты түрде жазып тұратын журналистиканың аға буын өкілдерінің публицистика, мақала жанрында жазатын туындылары ұнайды. Редакция ұжымындағы жас қаламгерлер газет өміріне жаңа леп, тың серпін ала келген сияқты. Олардың жазу стильдерінде өзіндік ерекшеліктер бар. Тақырыптардың әралуандылығы байқалады. Жас тілшілер қаламының төселуіне де мән беріліп келе жатқаны қуантады. Ендігі жерде басылымның жақсы істердің, жағымды жаңалықтардың жаршысы ғана болып қоймай, ретті жерінде әділ сынның да семсерін сілтей білгенін қалар едік.
Мен де өзімнің тілшілік жолымды сонау қарақалпақ елінің Мойнақ ауданы, Үшсай ауылында 7 класта оқып жүріп бастаған болатынмын. Ең алғашқы «Химия кружоги» («кружок» сөзінің қарақалпақ тілінде аудармасы жоқ) деген шағын мақалам республикалық «Жеткиншек» атты балалар газетінде жарияланды. Одан кейін «Школьники – на рыбозаводе» деген корреспонденциям Ташкенттен шығатын «Пионер Востока» газетіне басылып, Өзбекстан республикалық радиосының балаларға арналған таңертеңгілік хабарынан берілді. Сол кездегі өлшеммен алғанда 2-3 әдеби кітап сатып алуға жететін қаламақы алғанымда, жазуға деген қызығушылығым мен құлшынысым арта түсті. Жазған дүниелерімнің көбісі аудандық «Арал балықшысы» газетінің беттерінде жарияланып тұрды. Өзім оқыған мектептің түлектері «Морской» теплоходының радисі Тамара Карпенко туралы «Радист», ауылдағы күрес секциясының жетекшісі, спорт шеберлігіне кандидат Володя Шапошниковтың спорттағы жетістіктері жөнінде «Жауырының жерге тȗмесин», туған ауылым туралы жазылған «Бизинг аӯыл усындай» атты көлемді мақалаларым «Арал балықшысы» мен республикалық «Жас ленинши» газеттерінде басылды.
«Толқындық» әріптестерім «Біз «Толқынның шекпенінен шықтық» деп мақтанышпен айтар болса, менің жас қанатымды қатайтып, жазу өнеріне баулыған, қабілетімді қалыптастырған, кезінде өзім штаттан тыс тілшісі болған «Арал балықшысы» газеті дер едім.
Өткен жүз жылдықтың 80-ші жылдарының аяғында аудандық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде мен республикалық "Советская Каракалпакия" газетін жаздырып алатынмын. Ал аудандық "Арал балықшысы" газетінің тігіндісін «Толқын» редакциясынан алдырып оқып жүрдім. Сол жылдары осы екі газеттің редакторлары Сағынжан Ермағанбетов пен Сағын Зияуов өзара келісіп, бір-біріне өздерінің басылымдарын жіберіп, тәжірибе алмасып отыратын. Осылайша теңіздің арғы бетіндегі қарақалпақ ағайындардың тыныс-тіршілігін республикалық және аудандық газеттері арқылы оқып-біліп отырдым. Бұны мен баспасөзге деген қызығушылығым мен туған жерге деген сағынышымның, іңкәр сезімімнің бір көрінісі ретінде айтып отырғаным оқырмандарға түсінікті болар деп ойлаймын.
Мен бұл мақаламда қазіргі уақытта адамдардың рухы әлсіреп, саналарын құлқындары жеңіп жатқанда, оларды рухани жұтаңдықтан құтқаратын білім мен жан-жақты тәрбиенің қайнар көзі, адал досы әрі серігі көркем әдебиет пен баспасөздің рөлі туралы, оларға өзімнің қызығушылығымның қалай басталғаны туралы баяндадым. Әңгіменің ашығын айтар болсақ, қазіргі уақытта кітапқұмарлар көп емес. Тіпті өздері жаздырып алатын газет-журналдарын оқымайтындар да бар. Біздің кезіміздегідей мектеп кітапханасында кезекке тұрған оқушыларды да көре бермейсің. Мүмкін, қарыштап дамыған қоғамның әсерінен бүгінгі таңда интернеттің «құлағында ойнап», ғаламтор әлеміне еркін еніп, барынша соған тәуелді болып, іздегендерін содан тауып, кез келген жерде, кез келген уақытта оқуға ыңғайлы электронды кітапты дұрыс деп есептейтін қазіргі жастарды кінәлауға да болмас. Бірақ оның пайдалы жағымен қатар, зиянды жағының да бар екенін ескергеніміз жөн-ау. Қалай десек те, жедел қарқынмен дамып бара жатқан әлеуметтік желілер тасқынының тасасында көркем әдебиет пен күнделікті баспасөздің елеусіз қалуы тіпті де мүмкін емес екенін ұмытпаған жөн.
Сондықтан ағайын, уақыт ағымымен ілесіп келе жатқан өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын алға тарта бермей, барға тәубе жасай отырып, кітап пен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бойымыздағы рухани күш-қуатымызды арттыруға, азаматтық ар мен адамдық қасиеттерімізді қалыптастыруға ұмтылайық. Олай болмаған күнде ой-өрісіміз дамымаған, өреміз, пиғылымыз тар, ізгілік пен тазалықтан ада, дүниеқоңыздық, енжарлық пен селқостық белең алған, кесапат заманның рухани ашаршылығына тап болатынымыз анық. Құдайым сақтаса, рухани жұтаңдықтан сақтасын.
Әнес Әуезов,
зейнеткер