Табиғатпен тел өскен
Туған жерінің табиғатына тартып, оны бүкіл өмірінің өзегі мен бойтұмарына айналдыратын адамдар болады. Облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының қара шаңырағында тапжылмай 32 жыл еңбек етіп, басшылық жасаған Сахи Біданов бүкіл өмірін табиғатты қорғауға, оны аялауға арнаған бірегей жан.Ол 1941 жылы қаңтарда Арал жағалауындағы Бөген ауылында дүниеге келді. Балалық шағы дария мен теңіздің ұштасқан тұсында өткен Сәкеңнің өн бойында оның қадір-қасиеті жастайынан сіңіп қалған еді. Әкесі Бідан ақсақал да қарапайым көптің бірі емес, кезінде Бұхарадағы «Көкілташтан» ілім алған көзі ашық, көкірегі ояу адам болатын. Бірақ тағдыры дүрбелең жылдарға тап келіп, білгенін көпке жеткізе алмаған секілді. Жастайынан әкесінен жырлайтын «Көрұғлы», «Үш қыз» секілді қиссаларды естіп өскен бала зерделі де зерек болды. Жалпы, Сахи ағамыз тоғыз перзенттің сүт кенжесі екен.Мектеп бітіргесін біршама уақыт ауылдағы клубта киномеханиктің көмекшісі болып жұмыс істеді. Арман қуып Алматыға келіп, 1965-1970 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зоотехникалық факультетін бітіреді.
Жас маман жолдамамен Қармақшы ауданындағы «Қармақшы» кеңшарына келеді. Ол кезде жоғары білімді мамандар саусақпен санарлық еді. Көрсеткіштері төмен сиыр фермасының нәтижелерін жақсартуға қол жеткізген зоотехниктің еңбегін бағалаған басшылар оның қызметін өсіреді. Осы жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы Академиясында үш айлық тәжірибеден өтеді де, көп іске көмегін тигізді. Бас экономист қызметінде жүргенде шаруашылық жетінші санаттағы кеңшар саналатын. Бұл – жұмысшылардың жалақысы төмен, экономикалық жағдайы мен мемлекеттік қолдау тетіктері әлсіз, тапқан табысы өзіне жетпейтін дегенді білдіретін. Қысы-жазы тыным таппайтын малшылар мен жұмысшылардың есіл еңбегі тиесілі бағаланбайтынын бағамдаған ол облысқа, республикаға қайта-қайта құжат дайындап, ақыры төртінші санатқа жеткізді. Бұл бастамасын ауыл қуана қолдап, көпшіліктің алғысына бөленді. Шаруашылықтың экономикасына қан жүгіріп, қосымша әлеуметтік-мәдени құрылыстар салына бастады.
Білікті маман тағы бір сынақтан сүрінбей өтті. Шаруашылықта артта қалған ферманың меңгерушілігін қабылдап алғанда, онда түліктің түгел емес екені анықталады. Кеңес заманында мұндай жағдайда шопан мен зоотехник жаза арқалап кете баратын. Сәкең салиқалылық танытып, қысқа мерзімде кем түлікті түгендеп алып, ферманың жұмысын жолға қойды. Кейін негізгі көрсеткіштері орындалып, алдыңғы қатарлы ұжымға айналды.
1975 жылы отбасылық жағдайына байланысты Қызылорда қаласына көшіп келіп, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы төрағасының орынбасары қызметіне орналасады. Ол кезде қоғамда небәрі 200 мың гектарға жуық «қорықтық жер» ғана болатын. Табиғат қорғауға байланысты атқарылған белсенді жұмыстардың нәтижесінде қорықтар көлемі 500 гектарға жеткізілді. Аңшылар саны 1 мыңнан 4 мыңға жеткізіліп, әуесқой балықшылар қатары өсті.
Табиғат байлығын қорғау мен сақтауға бағытталған бұл жұмыс Сахи Бідановтың бүкіл өмірінің өзегіне айналды. Аңшылық және балықшылық қорықтар саны көбейтіліп, олардың көлемін арттыруға қол жетті. Соның нәтижесінде облыстық қоғам республикадағы он екінші орыннан алға шығып, үздіктер қатарынан орын алды. Мұның артында уақытпен санаспай еңбек етіп, қысы-жазы далада, «мұз жастанып, қар төсеніп» аянбай төккен маңдай тердің жемісі деуге болады.
Ол кезде туған өлке тұнған байлық еді. Теңіздің тартылуы, Сырдың суының тұздануы және жердің сорлануы табиғатқа зор нұқсан келтірді. 1986 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгин мен Болгарияның ұлттық көсемі Христоның қатысуымен өткен Бүкілодақтық аңшылар мен балықшылар одағының VІІІ съезіне қатысып, биік мінберден аймақ табиғатын қорғау бағытындағы жұмыстар жайлы сөз сөйледі. Бұл өңірдегі экология мәселесі өткір тұрған кезі болатын. Қоршаған ортаға немқұрайлылық пен адамдардың табиғатқа деген аяусыз қарекеттері жайлы жиналғандар да дабыл қақты. Республиканың бас басылымы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған съезде сөйлеген сөзі сол кездегі қоғамның жағдайын хабардар етеді:
«Қызылорда облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы 500 мың гектарға жуық жерге иелік етеді. Біз бұл жерде 6 аңшылық және балықшылық шаруашылықтарын ұйымдастырдық. Облыс қорықтарында 3 мыңнан астам қоян, 500-дей түлкі, 900-ге тарта құндыз, 5 мыңға жуық қырғауыл бар. Құндыз терісі қымбат болғандықтан, ол ерекше назарға алынып, жайлы мекендерге көшірілді. Жабайы аң мен құсты қоректендіру мақсатында жемазықтық дақылдар өсіріледі» – делінген.
Белгілі орнитолог ғалым Эрнар Әуезов кезінде олардың қорықтарында болып, екі жылдай реликті шағалаларды зерттеген болатын. Қорықтарда мейманханалық екі үй салынып, аңшыларға жағдай жасалды. Табиғаттың өз заңдылығы бар. Қасқырлар мен шибөрілер көбейіп, мал мен жанға қауіп төндіретіндей жағдайда оларды аулауға жоспар қабылданып, ол жүйелі орындалатын еді.
Бұл табиғат байлығының қазір қаншалықты сақталып, өсіп-өнгені беймәлім, бірақ азайғаны шындық. Құндыз түгілі, қырғауылды сақтап қалудың өзі оңайға түсіп отырған жоқ. Табиғаттың тынышын алып, жануарлар дүниесіне заңсыз қол сұғатындар қай кезде де болған. Сәкеңдер олардың талайымен бетпе-бет келді. Жүрдек мінген браконьерлер жортқан, қызық көріп қырғауыл атқан «мергендермен» де тайталасқан сәттер болды. Соның бәрінде оның қағидасы табиғат байлығын сақтап қалуды, оны заңсыз пайдаланудың алдын алу еді.
1988 жылдан осы қоғамның төрағасы ретінде ширек ғасырға жуық оның ыстық-суығына күйіп, заман талабына сай қызмет атқаруына барлық қажыр-қайратын жұмсады.
Қайта құрылған «Аңшы» ЖШС-не басшылық еткен жылдары да саналы ғұмырын табиғатқа арнаған өмірлік мәнінің қағидасын өзгерткен емес. Мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін кейінгі жастарға тәлім-тәрбие етіп, оларды осы асыл мұраттарға тәрбиеледі. Қырық жылдан астам жауапты саланың жүгін көтерген, ел мен жердің байлығын мәпелеген ардақты азаматтың еңбегі елеусіз қалмады. Бүкілодақтық, республикалық съездерге делегат болып сайланып, Одақтың Құрмет тақтасында суреті ілінді. Министрлік пен облыстың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің еңбек ардагері және ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» медальдары кеудесінде жарқырайды. Аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатын ағамызды жас ұрпаққа үлгі-өнеге етеді.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» дейді халық даналығы. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шаңырақ көтерген Сахи аға мен Ырысалды ана бүгінде үлкен әулеттің бәйтерегі іспеттес. Өнегелі жолдарын жалғаған Әбені мен келіні Гүлмирадан, Дәурені мен Алтынайынан, кенже қызы Эльмира мен Қалдыбегінен оннан астам немерелер сүйіп, олардың қызығына бөленіп отыр. Бұның бәрі, Бұхарадан білім алған Бідан ақсақалдың ғибратты тағылымдарынан бойға сіңген имандылық бастауында жатса керек.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан, бар қажыр-қайратын елі мен жерінің өркендеуіне жұмсаған ардақты азамат, абыз ақсақал Сахи Біданов ағамыздың өнегесі жастарға үлгі. Туған өлкесінің табиғатымен тыныстап, тағдырымен тел өскен адамның өмірі де тал бесіктей мәнді де тағылымды дер едік.
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
Қазақ журналистикасының қайраткері.
Қызылорда қаласы