Мені іздеген ақын қызға
Ақын Серік Сейітмағанбетұлының «Мені іздеген ақын қызға» деген ғажайып бір сырлы өлеңі бар. Айдынды Аралдың айбынды ақынын іздеген ақын қыз кім еді? деген сауалдың көкейге оралатыны шындық. Содан да өткен ғасырдың сонау бір жылдарына ойша шарлап, бір барып қайттым.Ұмытпасам, 1988 жыл болуы керек, әйтеуір сол шама. Тоқырау деп аталған жылдардың басталған кезі. Кешегі көз алдымыздағы көк теңіздің толқыны жағалауды ақ көбікке толтырып жатқан шағы көзден бірте-бірте бұл-бұл ұшып, адамзатты алаңдатқан «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұран көтеріліп жатқан тұс. Арал теңізінің басындағы апатты жайт жақсылар мен жайсаңдарды да алаңдатып, іс басындағылар, қоғам қайраткерлері осында дүркін-дүркін ат басын бұрып жататын. Елдің де, ердің де көңілі алаңдаулы. Ұшан-теңіз жағалауындағы жағалай қонған балықшы ауылдар тайқазандай қайнап жататын кешегі базарлы да думанды тірлігінен айырылып, көшкен елдің жұртының ізі сортабанданып, тұзды судың сорабы ғана қалған. Алайда ақеден, ақжүрек Арал адамдарының өмірге деген құлшынысы еш сетінемеген. Үмітті еді. Алматыдан, басқа да үлкен-үлкен қалалардан келгендер сол теңізді толтырып кететіндей қуана қарсы алып, солардың бір-екі ауыз жылы сөздеріне балаша шаттанып жүретін...
Сол бір шақтарда қасиетті Арал топырағына ақын, қазақ халқының сүйікті қызы Фариза Оңғарсынованың табаны тиіпті. Өлеңдері сезім мен сертке толы поэзия падишасының өңірімізге келуі үлкен оқиға болмай қайтеді. Өйткені, оның өзі де аңыз, өлеңі де аңыз. Ол кезде Фариза ақын республикалық «Пионер» журналының бас редакторы. Атағы алаш жұртында дүркіреп тұрған ақын жалғыз жүре ме?! Қосшылыққа жанына әдебиетте енді-енді көрініп, таныла бастаған қос талантты жас жігіттер – Мейірхан Ақдәулетов пен Бекұзақ Омаровты алыпты. Әуелі Сырдың бас шаһары Қызылордаға табан тіреген олар топтарына белгілі журналист-жазушы Айжарық Сәдібекұлын қосып алған екен. Жұрттың кітапты жата-жастанып оқитын, ақын-жазушыны пір тұтатын кезі ғой. Осы топ келгенде анау-мынау қонаққа елп етпейтін қабағы қату аудандық партия комитеті, «жалындап-жалаңдап» жүретін комсомолдан бастап, қаламыздың барша қарапайым халқы бір дүрлігіп, бір желпініп қалған.
Қала орталығындағы аудандық мәдениет үйінде (бұрынғы Арал портының «Маяк» клубы) поэзия кеші болады дегенді хабарландырудан естіген жұртшылық тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Қазақ өлеңінің аққуы, ақын Фариза Оңғарсынованы өз көздерімен көруге, рухты жырларын өз құлақтарымен тыңдауға деген аралдықтардың ыстық ықыласы онсыз да ыстық клуб ішін тіпті қыздырып жіберді. Ду қол шапалақтардан залдың төбесі желп-желп еткендей болды. Әуелгі бірде ақын інілерін ертіп сахна төріне шыққан Фаризаның өзі не істерін білмей дағдарып қалғандай бір сыңайлы сәт болды.
Кездесу кешінің басқару жағы аудандық комсомол ұйымында екен. Олай болатын реті де бар. Фариза ақын бүкіл халықтың сүйіктісі болғанымен де, ол жетекшілік ететін "Пионер" журналы мектеп оқушыларына арналған басылым. Демек, тікелей Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің органы. Осыны ұстанған, жоғарыдан тапсырма алған кеш жүргізушісі сахнаны саңқылға толтырып, дабылдатып, ұрандатып баса-көктеп алып бара жатыр еді, кенет шадыр мінезді, болмысы бөлек Фариза ақын дүр сілкінгендей болып, қабағы шырт түйіліп, дауысын қатайтын, жақтырмаған зілді үнмен:
– Ей, комсомолдар, тұра тұрыңдар... Мені мақтауды доғарыңдар! Маған поэзия кеші керек. Оқырмандармен сырласу кеші керек... Өлең оқитындар сахнаға шықсын,– демесі бар ма.
– Өлең оқимыз... Өлең оқимыз...– деген дауыстар шықты залдан.
Кештің тізгінін өз қолына алып алған Фариза зал толы көрермендерге ыстық ықыласын төккендей болып қарап тұрып:
– Әрбір өлең жазатын, сұлу сөзге құштар адам құрметке лайық. Бүгін өлеңмен өрнектелген кеш болсын. Аралда да ақындар аз емес шығар... Осы Аралда Серік Сейітмағанбетов деген жақсы ақын бар еді... Ол қайда? – деп сұрау салды.
Алдыңғы қатарда отырғандардың біреуі жауап беріп жатты.
Арал сахнасында өлең толқыны арнадан асқандай болды. Ақын апаның шақыруына арқасы қозған Толыбай Абылаев басқарған жергілікті жас ақындарымыздың бірнешеуі суырылып шығып, биік сахнада қадалып тұрып өлең-жырларын оқыды. Фариза ақынның дүркін-дүркін мақтауын естіп, майдай жағып, мерейлері өсіп қалды.
Қадірлі қонақ Фариза Оңғарсынова сол күні басқа шақыруларды тыйып тастап, қаланың Шанхай бөлігінде тұратын балалар жазушысы, ақын Сағындық Тұрдалиевтің қоңырқай үйінің төрінде отырды. Кешқұрым қонақтар өздері түскен «Арал» мейманханасына оралғанда, біздің өлеңге шөлдеп жүрген Толыбай, Оңталаптарымыз ақын апамыздың бөлмесіне барып, оның жүрекжарды әңгімелерін армансыз тыңдап, бал татыған керемет шайын ішкен.
Ертеңіне аудандық партия комитетінің хатшысы Набат Маханованың бастауымен «АН-2» ұшағы қымбатты қонақтарды жағалау-жиегі қаусырылып тартыла бастаған теңіз үстімен Бөген ауылына қарай алып ұшты... Фариза ақынның серіктеріне айналып үлгерген біздің жас шайырларымыз да бірге ұшып, жырғап бір қалған-тын...
Аралдың ақиық ақыны Серік аға сол күндері аз-кем науқастанып, үйінде жатқан болатын. Алайда аузы дуалы Фариза ақынның «Аралда Серік Сейітмағанбетов деген жақсы ақын бар еді... Ол қайда?» деп әдейілеп сұрап, оны қалың көптің ішінен көңіл бөліп іздегені кеш араламай-ақ құлағына жеткен-ау. Жақсы сөз жата ма?! Естіген соң жүрегі елжіреп, ақ қағазы мен қара қаламын алып, көңіліндегі бір құбылысты ақтарыпты. Ол өлеңнен хабарсыз едік. Серік ақынның өзі 1990 жылы дүниеден өтті. Қаламынан туған өлең-жырлары көзі тірісінде кітап болып басылмады. Төсегінің қасында тұратын «қара шабаданында» сүрленіп жатып қалыпты. Тек 1998 жылы, яғни ақын қайтыс болған соң сегіз жылдан кейін жарық көрген «Асқарым – арманым» атты кітабының 66-бетінен «Мені іздеген ақын қызға» деген өлеңін оқығанда бір селт еттік. Өлең өзін іздеген ақын қызға деген ризашылық сезімге меймілдеп толып тұр. Албырт ақын көңілі сонымен бірге өзінің тел анасындай болған Арал теңізінің жоғалып бара жатқанына төл перзенті ретінде кінәлі сезінуін аңғарамыз. Серік ақын сауыққан соң ізе-шала іздегенін, алайда кездесе алмағанына өкініш білдіреді. Ақынның сол сәттегі алғаусыз сезімін өлеңді оқи отырып бөлісейік.
Жанарымды тербеп майда леп,
Мерейім қалды-ау өсіп тым.
«Сол ақын жігіт қайда?» деп
Іздегеніңді естідім.
Кәдуілгі шаншу тарқамай,
Бара алмай әттең қалған ем.
Атымды атап қалқам-ай,
Сұрапсың мені залдан кең.
Аралдың мұңын шертуге,
Жиналған екен бар ақын.
Су сепкен қайғы өртіме,
Қарлығаш сынды қарағым.
Шыным бұл, айып етпеңіз,
Ұяла қолым ұсынам-
Жоғалғанына көк теңіз
Кінәлі мендей қысылам.
Жататын шалқып, шуылдап,
Теңізге мейлі қашан бар.
Жанады бетім дуылдап,
Ал бүгін жамандасаңдар.
Көңілді торлап қаяу мұң,
Маңдайдан терім бұрқ етер.
Аралым – арым, аяулым,
Аралды қиып кім кетер?!
Толар-ау теңіз, тегінде,
Күдерді ешбір үзбегін.
Жадыратайын дедің бе,
Ақын қыз, неге іздедің?
Құстай ұшып-ақ жетіп ем,
Көре алмай қалдым өкінем.
Ағаң боп сүйіп бетіңнен,
Төбеме көтеретін ем!
Сезім айдыны шалқар ақынның риясыз жүрегінің соғысын тыңдағандай болдық.
Әр өлеңнің парасатты, қайталанбас ой мен пәруайлы сезімге бөленіп, оқырманға жетуінің өзіндік тағдыры бар. Өлең дегеннің жайшылықта жайдан жай туа салмайтыны рас. Жыр жинағынан осы өлеңді әр оқыған сайын санамызда арада өткен сан жылдардың ескі пердесі ысырылып, сол бір жасампаз жылдар қайта жақындап, мөлдір сағыныштың саумалды лебіне бөлейді.
Туған жерге туын тігіп, талай-талай тамаша өлең жырларын туындатқан ғажайып лирик ақын Серік Сейітмағанбетұлының поэзиясына бүгін тағы бір жаным сусындап, ақын жүрегінің лүпілін көпке дейін басымнан өткеріп отырдым...
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі