Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Құлқынқұмардан» қалай арыламыз?

«Құлқынқұмардан» қалай арыламыз?

Жер-жаһанды, оның ішінде елімізді жайлаған жемқорлық дертінен арылу оңай соқпай тұрғаны баршаға мәлім. Арнайы қабылданып жатқан заңдар да, қолданылып жатқан шаралар да баршылық. Айталық, Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүше болды. Президент Қ.Тоқаев тамыз айында осы мәселеге қатысты арнайы кеңес өткізді. Алайда сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр.
Осынау қауіпті әлеуметтік дертпен күрес Мемлекет басшы­сының, Үкіметтің, не болмаса Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ғана шаруасы емес, бұған баршамыз жұмыла атсалысуға тиіспіз. Жемқорлық­тың деңгейін төмендетуге ықпал ету, оның пайда болуын тежеуге ұмтылу секілді әрекеттер жасау – қоғамдық сананың жаңғыруының айқын бір көрінісі деуге болады. Ендеше, бұл тұжырым әрбір саналы азаматты, әсіресе еліміздің болашағы сеніп тапсырылған әр­бір педагогті толғандыруы тиіс. Тол­ғандырып қана қоймай, жем­қор­лыққа тосқауыл болуға қан­дай да бір қарекет жасауына түрт­кі болса игі дерсің. Қоғамдық дең­гейдегі кеселді ел болып, та­мырына балта шапқанда ғана еңсере алмақпыз. Осы орайда жем­қорлықпен күреске бірлесе бел буып, белсене кіріскен, ақыры айтар­лықтай нәтижеге қол жет­кізген Исландия, Норвегия, Дания, Германия, Сингапур сынды ел­дерді атап өтсек, артық болмас.
Халқына адал қызмет еткен тұлғалар бір-біріне ұқсас ке­леді. Сол себепті Ыбырайдың жаз­­ба­ларымен қоса, ұлы ғалым Ш.Уә­ли­­ханов жазған хаттарды, әсі­ресе та­қырыпқа қатысты тұс­тарын мұ­қият оқып, қағазға түр­тіп алдым. Ондағы көздегенім: ұлы тұл­ғалардың осы мәселе төңі­ре­гінде қалдырған ой-пікірлері болса, жаң­ғыртып, оқырмандарға, әсі­ресе педагогтер назарына ұсы­ну бо­латын. Ыбырай бабамыз мектеп салуға қол ұшын созып, қаражат бөлген, бөрене, кір­піш секілді құрылыс материалдарын жеткізіп берген азаматтарды қолдап, тіпті наградаға ұсы­нуды да ойластырған екен. Ал адамгершіліктен безген, тек құл­қын қамын ғана ойлап, ала бе­руді мақсат тұтқан пенделерді па­­ра­­қорлар деп атаған. Олай дей­ті­німіз, болашақ ұлы ағартушы не­бәрі 22 жасында досы әрі ұстазы Н.Ильминскийге жолдаған хатын­да «Шәкірттерімнің адамгер­ші­лігіне де ықпал жасау үшін, келе­шекте олардың парақор болып кетпеуі үшін, бар күшімді салып әрекет етудемін» деп жазыпты. Жас жігіттің сол кездің өзінде-ақ адамның түрлі іс-әрекетке баруына оның бойындағы қалыптас­қан қасиеттері бағыт-бағдар сілтеп тұ­ратындығын аңғарғаны таң­ғал­ды­рады. Ыбырайдың жемқор­лық­ты жек көріп, оған қарсы тұрғаны­­на хаттарының біріндегі мына бір жолдар да айғақ: «Бас-аяғы 10 жыл ішінде миллионер бай болған, оған дейін ешнәрсесі болмаған, осы елдің күшті жемқорларының бірі – олардың істеп жүрген істерін менің жаратпайтындығымды біліп қалды. Сондықтан ол мені осы арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр». Жеке басты күйттеу түбінде қылмысқа жетелейтінін ұлы ағартушы «Қоғамдық ұлы істі ұсақ мүдделерден жоғары қою керек» деген сөзімен ескертсе керек.
Шоқан тағылымы да сананы селт еткізер пәрменге ие. Ол 21 жа­сында досы Ф.Достоевскийге жаз­ған хатында (1856 жылы) жем­қорларды «құлқынқұмарлар» деп атапты. Оның кейінгі хатта­рынан да болашақ ғалымның шы­найы болмысын, жан дүние­сінің тазалығын аңғару қиын емес. «Отандастарыма пайда кел­тірейін, өз еліме қызмет ете­йін» деген оймен кезінде Ш.Уәли­ха­нов Атбасар округінің аға сұл­тан­дығына сайлануға үміткер бол­ғаны белгілі. Осыған орай досы Ф.Достоевскийге былай деп жазады: «Сондағы, көбі­не­се, ойлағаным оқыған сұлтан­ның қандай болатындығын жер­лес­теріме өз ісіммен көрсету еді, бірақ сайлау чиновниктердің әр­түр­лі қулық-сұмдығынсыз өте ал­мады. Облысты төңіректеген және приказда отырған бұл мырзалар менің сайлануыма түгел қарсы шықты. Оның себебін өзің де білесің. Облыстағы чиновниктер аға сұлтаннан алатын мың-мыңдаған ақшасынан айырылатын болды, ал енді приказдағылар, мен сұлтан болсам, қайыр сұ­рап қаңғырып кететін болды. Чи­нов­­никтер бай және баққұмар қа­зақтардың өзімшілдік пікірін қоз­дырып, егер Уәлиханов сұлтан бол­са, ол теңдік жолын қуаттайды және сендерді аталарыңа, дәулет­теріңе қарай бағалайтын нағыз қарапайым қазақтарыңдай болмайды деп қорқытты және мені құдайға сенбейді, Мұхаммедке де қас дегенді жұртқа жайып бақты. Сұлтан болуға менің заң жағынан дәлелім толық, оның бер жағында мен оқыған адаммын, тіпті аз дауыспен сайланғанда да сауатсыз қазаққа қарағанда, қолайлырақ болуым керек» (15.10.1862). Ақыл-ойы озық азаматтың осынау жаз­басы қазіргі күйіп тұрған түйт­кілді мәселемен, яғни сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күреспен үн­­дес, тағылымы мол құндылық екен­­дігіне еш шүбә жоқ.
Ал Шоқанның қарсыласы болса, бойға сіңген әдет, дағдысы бо­йынша ақша арқылы қолдан кел­мейтін іс жоқ екенін біледі. Шо­қанның жазуынша, «бұдан бұ­рын ол Омбыға 3 мың сом апарып, тұтқындағы екі адамын босатып алған. Ол жолы бұған хатшы болысқан еді, сол хатшы оған осы жолы да: «Ақша жина да, тез Омбыға жібере ғой, хан боласың» депті. Ақша Омбыға жіберілді. Мен бірнеше рет мұндай қылықты әшкерелейтін мақалаларды оқы­ған едім, бірақ оңбағандар бұл жолы ұялар деп ойлап едім, өйткені мен әншейін біреу емеспін ғой. Тә­каппарлығым ұстап кетті...» деп, ағынан жарылады.
Шоқан мұрасы мәңгілік, осы­ған орай хаттары ықшамдалып, келешекте оқулық мәтіндерінің қатарына енсе ғой дейсің. Ұлы ғалым туралы мәліметтермен қоса, сабақтарда, тәрбие сағаттарында қосымша материал ретінде ең болмаса хаттарының жемқорлыққа қатысты тұстарын келтіріп, талқы­лауды ұсынар болсақ, жас өскін санасына қозғау саларымыз анық. Мәселен, оқытушы «Шоқанның адалдық пен әділдікті ту еткенін қай әрекетінен байқауға болады?», «Ол сұлтандыққа неліктен өте алмады?», «Шоқанның қарсыласы қандай жолмен сұлтан болып сай­ланды?», «Ол заманда білім­ді адам­ға басымдық берілетін бе еді және қазір қалай?» және т.б. жетекші сұрақтарды қою ар­қылы білім алушылардың Шо­қанның негізгі айтар ойын нақ­тылап, оның тамырын тереңге жай­ған парақорлыққа деген қар­сы­лығын, төзбеушілігін жас буын­ның түйсініп, өнеге етуге деген ұмтылысын ұштар еді.
Сондай-ақ Шоқанның К.Гут­ковскийге жазған хатындағы мына бір мәлімет де назар ауда­рар­лық­тай: «...аға сұлтан бастықтарға Сапақты жаман болыс деп хабар­лаған еді, сіз өзіңіз де сол пікір­ді қостаған едіңіз, ал енді ол хо­рун­жий болатын болыпты. Мен бұл мырзаны Көкшетауда көріп едім, ол ұдайы мас болып жүреді екен. Ол маған Омбыдағылардың бәрінің көмейіне ақша тықтым, енді ешкімнен де қорықпаймын деді» (01.01.1863). Жаңа жылмен құттықтай отырып жазған ха­ты­ның соңын Шоқан «Қымбатты Карл Казимирович, бізге жаңа­­дан мүлгіп-қалғып отырмайтын, есі дұ­рыс әкімдер берсін» деп аяқ­тайды. Дәл бүгінгі күнге қарата айтылғандай әсер қалдыратын «есі дұрыс әкімдер» деген бір ауыз сөзі құлқын қамын ойлайтын, сол себепті істі болып, бар абы­рой-бе­делінен, шен-шекпенінен айырылған қазіргі кейбір әкім, шенеу­ніктерді еске түсіреді жә­не, керісінше, билік тізгінін ұста­ғандардың халыққа мейлінше жа­қын болып, ұлтқа адал қызмет ету­лері қажеттігін меңзейді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, ұлы тұлғалар бітім-болмысы, қыз­мет-қарекеті, ой-пікірлері жағы­нан бір-біріне ұқсас келеді және бұл қасиет заман талғамайды. Мә­селен, сонау ХІХ ғасырда ғұ­мыр кешкен Ыбырай: «Туған елге пайдалы іске қолдан келгенінше үлес қосу – қасиетті борышымыз» де­се, сол ғасырдың тумасы Шо­қан­ды П.Семенов-Тянь-Шанский: «Уәли­ханов өз еліне жан-тәнімен бе­рілген еді, ол қазақ өмірін сү­йе­тін, сонымен бірге Батыс өрке­ниетін жоғары бағалай алды» деп сипаттаған. Осындай тұлғалар өне­гесін өскелең ұрпаққа паш ету, ұлағатты сөздеріне мән бергізіп, санасына сіңіру, оқу процесіне Ұлы дала ардақтыларының бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен үндес, тәлім-тәрбиелік маңызы зор ой-пікірлерін кіріктіру, білім алушылардың бұл тұрғыдағы жеке көзқарастарын ортаға салу сынды жұмыстар иненің жасуындай болса да, олардың санасына серпін беріп, әсер етері хақ. Әрі бүгінде білім мазмұнына рухани-адамгершілік тәрбиесін кірікті­ру (интеграциялау) өзекті болып тұр­ғаны тақырыптың салмағын, маңызын еселей түседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді іс-қимыл, жүйелі жүргізілген жұ­мыс жастарымызға ой салып, қо­ғамдық мүддені жоғары қоя білген адамның қисық кетпей, ардың жо­лы – таза жолдан таймайтыны­на көз жеткізеді. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны секілді, еліміздің жарқын бола­шағы үшін осынау қауіпті құбы­лысты одан әрі ушықтырмай, баршамыз жұмыла тосқауыл қоя отырып күресер болсақ, өз нәтижесін бермек.           
 
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері

egemen.kz
14 қаңтар 2021 ж. 459 0